Жаңалықтар

Өмірге ғашық әйел – Луиза Хей

Бұл мақалада поп-психология бағытында жазылған 15 бестселлердің авторы – Луиза Хейдің өмір жолы туралы баяндаймыз.
04.08.2014 03:37 28714

Бұл мақалада поп-психология бағытында жазылған 15 бестселлердің авторы – Луиза Хейдің өмір жолы туралы баяндаймыз.

Өмірге ғашық әйел – Луиза Хей

Хей ханым 1926 жылы Лос-Анжелес қаласында жағдайы нашар отбасында дүниеге келеді. Өгей әкесі өте қатал адам болады, ол Луизаны және оның анасын жиі ұратын. Он бес жасында жүкті болып қалған Луиза мектепті тастап кетеді. Босана салып, жаңа дүниеге келген сәбиінен бас тартады. Кейін Чикаго қаласына көшіп кетіп, үй қызметшісі болып жұмысқа тұрады. 1950 жылы арман қуып Нью-Йорк қаласына келеді. Ол жерде атын өзгертіп, модель ретінде жұмыс істей бастайды. Жаңа жұмысында атақты адамдармен қызметтес болған Луиза, 1954 жылы бағы жанып Эндрю Хей есімді ағылшын бизнесменіне күйеуге шығады. Он жылдан кейін Эндрю басқа әйелге кетіп қалады.

Өмірінде екінші рет соққы алған Луиза депрессияға түсіп кетеді. Сол кезде 48-көшенің бойында тұрған «Діни ғылымдардың алғашқы шіркеуіне» бас соғады. Ол жерде «жақсы ойлар адамның төңірегіндегі материалдық ортаны өзгертеді», деп тұжырымдайтын Флоренс Шиннің метафизикалық еңбектерімен танысады. Сондай-ақ, «ойлар адам ағзасын емдей алады» деген теорияны ұстанатын, осы шіркеудің негізін қалаушы Эрнест Холмспен танысады.

Шіркеуде өзінің ораторлық қабілетімен танылған Хей ханым 1970 жылдан бастап, келушілерді ой күші арқылы өзін-өзі емдеуге үйретеді. Сол жылдары Айова штатындағы Халықаралық Махаришей университетінде білімін шыңдай түседі. 1977-78 жылдары оқып-түйгенін тәжірибе жүзінде іске асырмақ болған Луиза өзінің қатерлі ісікке шалдыққанынан хабардар болады. Ол медицинадан бас тартып, өзін-өзі аффирмация мен ойша елестету арқылы емдеуге кіріседі. Аурудың пайда болуына түрткі болған себептерді іздейді. Өгей әкесінен көрген қатігездік, көршісінің оны зорлап кетуі, балалық шағындағы оған көрсетілмеген қамқорлық....осының бәрі оның ішінде реніш күйінде жиналып қалған еді. Сөйтіп, Луиза өзін-өзі емдеуді бәрін кешіруден бастайды. Кешіре отырып, өзін ойша тазартады, бұған қоса дұрыс тамақтану және өмірге жаңаша көзқараспен қарау арқылы ол өзін осы қатерлі ісіктен толықтай емдеп шығады.

Содан кейін Хей ханым өзге адамдарды өзін-өзі емдеуге үйрете бастайды. 1985 жылы ЖИТС (СПИД) ауруына шалдыққан адамдармен жұмыс істейді. Алғашында 6 адам келген бұл емделушілердің саны 1988 жылы 850 адамға жетеді. 1987 жылы Луиза кітап шығарумен айналысатын «Хей Хаус» компаниясын құрады.

2005 жылдан бастап  «Хей Хаус радиосы» («Hay House Radio — Radio for your Soul®») жұмыс істей бастайды. «The Hay Foundation» деп аталатын қайырымдылық қоры 20 жылдай үздіксіз қызмет етіп келеді. 2014 жылдың ақпанында Калифорнияда Луиза Хейдің жеке көрмесі ашылды. Бүгіндері жасы сексеннен асқан Хей ханым түрлі елдерді аралап, лекциялар оқиды.

Бөлісу:
Telegram Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға