Мира Қазбекова: Жыраулық дәстүр – Сыр мәдениетінің бренді

Ежелден «Сыр елі - жыр елі» деп дәріптелген өңірде руханиятты дамыту қашаннан қалыптасқан қағида тектес тамырын тереңге тартқан өзек дер едік. Ауыл клубынан бастап облыстың үлкен сахнасына дейін күн құрғатпай түрлі шара өткізіліп, халықтың алтын ордасына айналған мәдениет мекемелерінің маңызды міндеті елеусіз емес, ел құрметімен үстем.
Осы орайда Қызылорда облысының мәдениет, архивтер және құжаттама басқармасының басшысы Мира Қазбекованы El.kz ақпарат агенттігінің тілшісі әңгімеге тартып, аймақтағы айту істерді, ауқымды жұмыстарды сұраған еді. Өзара сұхбатта өзекті мәселелер терең тарқатылып, шешімін тапқан шаруалар да шет қалмады.
El.kz: Мира Жомартқызы, сізді сала басшысы ғана емес, мәдениеттің жанашыры ретінде де жақсы білемін. Ат үстінде жүріп, аймақтың руханиятын дамытуға дамылсыз үлес қосып келесіз. Бағзыдан бақсылық, дәуір жаңғырығы – жыраулық дәстүрдің жалғасы үзілмеген, тарихы терең, кемел өнері кенен өңірде руханияттың жайы қалай?
Мира Қазбекова: Өнерді өнеге тұтқан өңір үшін руханият қазынасы қашанда құнды. Рухы мықты елдің руханияты кемшін болмайды. Сол үлгілі үрдіс серпінді қадамынан жаңылған емес.
Аймақ басшысы Нұрлыбек Нәлібаевтың қолдауымен мәдениет саласының маңызды мәселелері түбегейлі шешіліп, тіпті жағымды жаңалықтар құлаш жайды десем артық айтпағандық. Соның бір мысалы, өткен жылы облыста «Руханият жылы» деп жарияланды. Енді бағамдап қараңызшы, осы атаулы жылы аймақта не жасалды?
Заманауи үлгіде «Анаға тағзым» және «Отбасы» орталықтары салынып, ел игілігіне берілді. Соңғы үлгімен ең еңселі 1000 орындық «Өнер» орталығы елге есігін айқара ашты. Жалпы құны 11,5 млрд. теңгені құрайтын 7 ауданда «Руханият» орталықтарының құрылысы басталып, қазір Қармақшы, Шиелі, Жалағаш, Жаңақорған,Сырдария аудандарындағы ғимараттар толығымен жұмысқа кірісті. Бұл орталықтардың базасында неке қию залы, кітапхана, музей, архив, жастар сарайы, ардагерлер мен аналар үйі бар. Бір орталыққа топтасқан бірнеше саланың қызметін бір мезетте пайдалану халыққа қолжетімді әрі тиімді.
Сыр мәдениетінің бұлжымас бренді – жыраулық дәстүр өкілдерінің басын қосып, шеберлігін шыңдайтын – Жыраулар үйі ашылып, бүгінде онда өңірдегі жыр мектептері мен жыршы-жыраулардың жыр кештері, қисса-дастан орындаушыларының байқауы тұрақты ұйымдастырылуда. Сыр сүлейлерінің мұраларын зерттеуге де мүмкіндік ашылды.
Облыстық филармония жанынан заманауи би және хор ұжымдары құрылып, олар 50 штатпен қамтамасыз етілді. Ауыл клубтары жаңғырып, техникалық базасы кезең-кезеңімен жаңарып келеді. Ал, мәдениет ұйымдарындағы 40 маман Италия, Белоруссия елдері мен Алматы, Астана қалаларында біліктілігін арттырды.
Тағы бір қуанышты жағдай, «Руханият» жылында мәдениет және өнер адамдарына қызметтік 40 пәтерлік тұрғын үйдің кілті табысталды. Сонымен қатар, мәдениет және өнер, әдебиеттің 40 өкіліне облыс әкімінің «Тұран» сыйлығы тағайындалды.
Мәдениет саласындағы озық істің нәтижесімен Халықаралық «Түрксой» ұйымы «Ең үздік мәдени аймағы» номинациясымен марапаттады.
Ұлт мақтанышы Сағатхан Әшімбаевтың «Рухани мәдениетінің өрісі басқаларға да ортақ болу дәрежесіне жету - халықтың жасампаздығының кепілдігі» деген екен. Сол негізбен жұмысты жандандырып, өрісімізді кеңейтіп келеміз. Жалпы, руханиятты дамыту – адам факторын жан-жақты күшейтудің жолы десек, әрбір ұлттық мәдениет өзінің дамуында руханият дүниесіне сүйенеді. Онда ұлттық рух, ұлттық болмыс, ұлттық мәдениеттің қалыптасуы айқын көрінеді.
El.kz: Аймақта мәдениет мекемелері аз емес. Ортақ мүддеге жұмылған олардың жұмыс жоспары нақты белгіленген. Олардың іс барысы қалай бағаланады?
Мира Қазбекова: Жапонның бір білгірі Хиру Сайонжи: «Мына дүниеге бейбітшіліктен басқа көп нәрсенің керегі жоқ. Ал сол бейбітшіліктің ұйытқысы – рухани мәдениет» депті. Рас сөз. Мен келісемін. Біздің барлық іс-шарамыз халықтың бірлігі мен берекесін арттыруды көздейді. Ұлттық мұрамыз мен рухани байлығымыз еселенген сайын руханияттың мәртебесі биіктей береді.
Бүгінде облыс бойынша 412 мәдениет, өнер және архив мекемесі жұмыс жасайды. Оның ішінде 209 кітапхана, 172 мәдениет үйі мен клуб, 14 музей, 11 архив, 2 театр болса, мұнымен қоса облыстық филармония, тарихи мәдени-мұраны қорғау, «Анаға тағзым», «Отбасы» орталықтары халыққа қызмет көрсетеді.
Қазіргі таңда Сырдария өзенінің сол жағалауынан құны 2,7 млрд. теңгені құрайтын облыстық тарихи-өлкетану музейі ғимараты салынуда. Бұл өскелең өмірге сай типтік үлгіде болады.
Мемлекет басшысының «Адал азамат» тұжырымдамасы аясында республикада алғашқы болып облыстағы барлық мәдениет мекеме 7 бағыт бойынша «Адал адам – мәдени-тәрбие орталығы» жобасын іске асыруда. Мұнда мәдени шарамен қатар жаңадан 188 шығармашылық үйірме ашылып, 4 мыңға жуық балалар мен жасөспірімдер қамтылып отыр.
Облыс көлемінде жас таланттарды табу мақсатында 18 республикалық, 1аймақтық, 91 облыстық байқау-фестивальдер мен жыр мүшайралары ұйымдастырылды. Сонымен қатар, республика көлемінде өткен 26 халықаралық, 7 республикалық конкурс-байқауларға өңірден 239 жеке орындаушы және 41 өнер ұжымы қатысып, 79 бас жүлде, 192 жүлделі орындар мен арнайы номинацияларды иеленді.
Алыс-жақын шет мемлекеттерде өткізілген 16 халықаралық конкурсқа 39 жеке орындаушы және 2 би тобы қатысып, 17 бас жүлде мен 25 жүлделі орындарға қол жеткізді.
Облыс әкімінің тұрақты қолдауының арқасында мәдениет саласының қарымы қанат жайды. Айталық, 5-ші Дүниежүзілік көшпенділер ойындары аясында Астана қаласында Қызылорда облысының «Сыр өңірі – Түркі өркениетінің алтын бесігі» атты көрмесі және Н.Бекежанов атындағы облыстық қазақ академиялық музыкалық драма театры әртістерінің салт-дәстүр рәсімдерінен қойылымы, облыстық филармонияның «Сұлу Сырдан сазды сәлем!» атты концерті өтті.
Көрнекті композитор, Мемлекеттік сыйлықтың иегері Төлеген Мұхамеджанов пен Қазақстанның халық әртісі, Мемлекеттік сыйлықтың иегері Нұржамал Үсенбаеваның және Қазақстанның халық әртісі, Қазақстанның Еңбек ері, Әлем әртісі Айман Мұсақожаеваның Сыр елінде шығармашылық концерттері өткізілді.
Н.Бекежанов атындағы қазақ академиялық музыкалық театрында 2024 жылы 6 жаңа спектакль, облыстық филармония У.Гаджибековтың «Аршын мал алан» атты опереттасын сахналады.
Н.Бекежанов атындағы театр ұжымы Түркия, облыстық филармонияның бишілері мен әртістері Өзбекстан Республикасы Науаи қаласына шығармашылық сапарға шықты.
El.kz: Аузына құс тістеген аламан айтыстың ақтаңгерлері көп шыққан өңірдің бірісіздер. Нұртуған, Нартай, Айманкүл, Манап қалаған ақындар мектебінің бүгінгі ізбасарлары туралы да тоқталсақ...
Мира Қазбекова: Айтыс өнерінің тарихы тереңде. Жеке-жеке тоқталсақ, әрбір ақын бір-бір тұлға. Еліміздің тәуелсіздік жылдарында айтысқа ерекше мән беріліп, ол арқылы жаңа есімдер шықты. Сол дүбірдің дарабозы, «Алтын домбыраның» үш дүркін иегері Мұхтар Ниязов – біздің мақтанышымыз. Ал, жыл жабар тұста Астана төрінде өткен республикалық айтыста мақтаулы Мейірбек Сұлтанхан бас жүлде – «Алтын домбыраны» иеленсе, осы жылдың қаңтар айында Шымкент қаласында өткен республикалық айтыстың жастар додасында Бексұлтан Орынбасаров «Күміс домбыраны» жеңіп алды. Осы бас жүлделерді иелену аймақтағы айтыс өнерінің қаншалықты өскенін аңғартса керек. Айтпақшы, жақында ғана «Адал еңбек – ел ырысы» атты Қызылорда облысы мен Алматы облысы арасындағы республикалық командалық айтысы өтіп, Сырдың сұңғыла сөз шеберлері оқ бойы озық шықты.
El.kz: Қазір кітап оқуды насихаттаудың түрлі шарасы ұйымдастырылады. Сіздер де бұл бағытта қандай ерекшелік бар?
Мира Қазбекова: Оқырманның ойынан шығу үшін кітапхана қызметкерлері бір күн бос отырмайды. Тіпті түнгі кітапхана да жұмыс істейді. Тұрақты оқырмандарымыз көп. Жәй ғана мысал, облыстағы 209 кітапхана өткен жылы 256 мыңға жуық оқырманға қызмет көрсетті. Бүгінде аймақ тұрғындарының 32 пайызы кітап оқуға белсенді.
Бұл ретте кітапханалардың қорын толықтыру өте өзекті. Өткен жылы бюджеттен бөлінген 16,8 млн. теңгеге 6106 дана кітап сатып алынды. Қазіргі таңда облыс кітапханаларының қоры 4 558 536 дана, оның ішінде мемлекеттік тілде 2 530 348 дананы құрайды.
El.kz: Сыр бойында көне дәуірдің көмбесі көп. Тарихи қалалардың ізі сайрап жатыр. Осы орайда құнды жәдігер мен шежірені тереңнен тарқататын музей мен тарихи ескерткіштерді қорғауда нендей жаңалықты айтар едіңіз?
Мира Қазбекова: Аймақтағы 14 музейдің қорында 162 582 экспонат сақтаулы. Өткен жылы 4324 жаңа экспонатпен толықты.
Еліміздің даму тарихында өзіндік орны бар төрт астана – Шірік-рабат, Жанкент, Сығанақ, Ақмешіт бекінісі баршаға белгілі. Соңғы археологиялық қазба жұмыстарының нәтижесімен «Шірік Рабат сақ жауынгері», «Сығанақ ханшайымы» реконстуркциялары, «Түгіскен көсемі» және «Жетіасар ақсүйек әйелі» алтындатқан мүсіндері жасалып, облыстық музей қорына табысталды. Осы экспонаттар жан-жақты насихатталып, 2024 жылдың желтоқсан айында ҚР Ұлттық музейдегі жылжымалы көрмеге қойылды.
Облыс бойынша 492 тарихи-мәдени мұра объектісі мемлекет қорғауына алынған. Оның ішінде 31 республикалық, 257 жергілікті маңызы бар ескерткіштер, 204 нысан алдын ала есепке алу тізіміне енгізілген. Нақты айтқанда, қазір өңірде 567 ескерткіш бар.
Облыстық бюджет есебінен 21,0 млн теңгеге Бәбіш мола, Жанкент, Сығанақ қалашықтарына археологиялық жұмыстар жүргізілді. Қазба жұмыстарының нәтижесінде табылған 400-ге жуық жәдігер облыс музейлерінің қорына өткізілді. Айта кету керек, қазба жұмыстары биылғы жылы да жалғасады.
Өткен жылы Халықаралық Түрік академиясы мен Қорқыт ата атындағы Қызылорда университеті арасындағы ынтымақтастық меморандум аясында Жанкент қалашығында, ҚР Ғылым және жоғары білім министрлігінің гранттық қаржыландыруы бойынша Қурайлы асар қалашығында, жекелеген ұйымдардың қаржыландыруымен Кескен Күйік қалашығында және Сауысқандық петроглифінде қазба жұмыстары жүргізілді.
2024 жылы республикалық маңызы бар 7 ескерткіш республикалық бюджет есебінен реставрациядан өтсе, биыл 4 ескерткішке реставрациялық жұмыстар жасалады. Сондай-ақ Шиелі аудандық бюджеті есебінен Қыш ата, Ғайып ата кесенелерінде қайта қалпына келтіру жұмыстары жүргізілді.
El.kz: Жаңа ғимаратпен жабдықталып, екпінді еңбегімен ерекшеленген орталықтардың ісімен де бөліссек... Архив саласында да айтарлықтай жұмыстар жасалып келеді.
Мира Қазбекова: «Анаға тағзым» және «Отбасы» орталықтарында отбасылық құндылықтарды нығайту, дәстүрлі мәдениетті жаңғырту, еңбек адамдарын дәріптеу, креативті индустрия саласын дамыту мақсатында «Даму LIFT», «Тойла! Family Fest!» жобалары, «Этно FASHION» облыстық сән фестивалі, «ОйТӨБЕ» облыстық отбасылық зияткерлік квест ойыны, «Әлди - Ана» бесік жырының жаңа нұсқалары бойынша республикалық онлайн байқауы, «Brendke bir qadam» республикалық форумы ұйымдастырылды. Алдағы уақытта да ауқымды жобаларды жүзеге асыру жоспар бар.
El.kz: Архив саласында да айтарлықтай жұмыстар жасалып келеді. Соның бірі – Өзбекстан Республикасының Ұлттық архивіне мүмкіндік тауып, тың деректер алуға жол аштыңыздар.
Мира Қазбекова: Сөзің рас. Көптен бергі мақсат еді, оның да сәті түсті. Биыл Қызылорданың астана болғанына 100 жыл толды. Осыған орай көрші мемлекеттің архив қорынан өңір тарихына қатысты құжаттарды зерделеу жұмыстарын бастап кеттік.Сапар барысында Өзбекстан республикасы «Узархив» агенттігі, Ұлттық архив қызметкерлерімен кездесу жасап, екі ел арасандағы әріптестік байланысты нығайтуға қол жеткіздік. Болашақта архив қорымыз бай мұрамен толыға түсетін болады.
Жалпы, Қызылорда облысының архив қорында 811558 сақтау бірлігіндегі құжаттар сақталған. Өткен жылы мемлекеттік сақтауға 10560 сақтау бірлігіндегі құжаттар қабылданды. Осы кезеңге дейін архивтік құжаттардың 31 пайызы цифрландырылды.
Аймақта «Руханият» орталықтарының пайдалануға берілуіне байланысты аудандардағы архив ғимараттарының мәселесі шешілді. Осы кезеңге апаттық жағдайдағы Шиелі аудандық архиві және Қармақшы, Жалағаш, Сырдария аудандық архивтері жаңа ғимаратқа көшірілді.
Жалпы, руханият дегеніміз кең ұғым. Оның құндылықтары мол. Бұл –адамгершілік, әділдік, мейірімділік, сыйластық секілді алуан ұғымның қосындысы. Сондай-ақ қоғамдағы тұрақтылық пен адамдар арасындағы үйлесімділікті, жан дүниесінің байлығын арттыруда мәдениет пен өнер саласының қосар үлесі зор. Халықтың қазынасы – тілі, діні, салт-дәстүрі, әдебиеті мен өнерін дамытуға әрдайым күш саламыз.
