Жаңалықтар

Министр Түркияға Қазақстанда қайта өңдеуді дамытуды ұсынды

Министр Түркияға Қазақстанда қайта өңдеуді дамытуды ұсынды
Фото: Ауыл шаруашылығы министрлігінің баспасөз қызметі 26.01.2024 03:32 1121

Ауыл шаруашылығы министрі Айдарбек Сапаров Түркияның ауыл және орман шаруашылығы министрінің орынбасары Эбубекир Гизлигидермен кездесті, деп хабарлайды El.kz ақпарат агенттігі министрліктің баспасөз қызметіне сілтеме жасап. 

АШМ басшысы Түркия Республикасымен ауыл шаруашылығындағы ынтымақтастық Қазақстан үшін басым бағыттардың бірі екенін атап өтті. Мәселен, екі ел арасындағы АӨК өнімі бойынша тауар айналымы 2023 жылдың 11 айында 19%-ға өсіп, 300 млн АҚШ долларын құрады.

Айдарбек Сапаров өзара сауданы ұлғайту, жеткізілетін тауарлар номенклатурасын кеңейту жөніндегі жұмысты жалғастыруды ұсынды. Министрдің айтуынша, Түркияның ауылшаруашылық шикізатын өңдеу саласындағы жетістіктерін ескере отырып, Қазақстан осы саладағы ынтымақтастықты дамытуға мүдделі.

"Министрлік түрік инвесторларына жәрдемдесуге, Қазақстан тараптан серіктестер іздеуге дайын", - деп атап өтті А.Сапаров. Ол сондай-ақ Қазақстанның Еуразиялық экономикалық одақтың мүшесі болып табылатынын, бұл жергілікті өндіріс өнімдерін экспорттау мүмкіндіктерін кеңейтетінін жеткізді. 

АШМ басшысының ұсыныстарын президент Режеп Ердоғанның "Қазақстан – Түркия инвестиция салуы тиіс ел" деген сөзін келтіре отырып, Эбубекир Гизлигидер қолдады. Эбубекир Гизлигидер тұқым, жылыжай шаруашылығына және суаруды дамытуға инвестиция салуға қызығушылығын атап өтті.

Қорытындылай келе, Айдарбек Сапаров Эбубекир Гизлигидерді 2024 жылғы 19-22 наурызда Тараз қаласында өтетін Түркі мемлекеттері ұйымына мүше мемлекеттердің ауыл шаруашылығы министрлерінің кездесуіне қатысуға шақырды.

Бөлісу:
Telegram Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға