Жаңалықтар

Министр төрт науқастың өмірін сақтап қалған донордың әкесін марапаттады

Министр төрт науқастың өмірін сақтап қалған донордың әкесін марапаттады
Фото: Денсаулық сақтау министрлігі 08.08.2024 21:19 391

Бүгін Денсаулық сақтау министрі Ақмарал Әлназарованың ұзақ уақыт бойы орган трансплантациясын күткен төрт пациенттің өмірін сақтап қалған қайтыс болғаннан кейінгі донордың туыстарымен кездесуі өтті, деп хабарлайды El.kz ақпарат агенттігі.

Ведомство басшысы жақын адамынан айырылған донордың туыстарына көңіл айтты.

Сіздің батыл және жоғары адамгершілік әрекетіңіз бірнеше адамның өмірін сақтап қалуға мүмкіндік берді, ауыр аурудан зардап шеккендерге жаңа мүмкіндік пен үміт сыйлады. Сіздің тарапыңыздан мейірімділік пен тектіліктің үлгісі біздің отандастарымызды, медициналық қоғамдастықты, пациенттерімізді игі істер жасауға шабыттандыруы мүмкін, - деді Ақмарал Әлназарова.

Министр донордың әкесі Войнюш Игорь Романовичке «Денсаулық сақтау ісіне қосқан үлесі үшін» төсбелгісін табыс етті. Сондай-ақ кездесуге донордың әпкесі Юнусова Евгения Игоревна қатысты.

Естеріңізге сала кетейік, 18 жастағы Войнюш Максим Игоревич қайтыс болғаннан кейін донор болды. 2024 жылдың 15 шілдесінде ол ЖКО-дан кейін Түркістан облыстық клиникалық ауруханасының қабылдау бөліміне шұғыл жеткізілді. Максим мопедті басқарып келе жатып көлікпен соқтығысып, салдарынан ауыр жарақат алады. Дәрігерлердің күш-жігеріне және қарқынды терапияға қарамастан, оның жағдайы өте ауыр болып қалды.

2024 жылдың 23 шілдесінде ВЭЭГ-мониторингінің нәтижелері бойынша мидың қайтымсыз өлімі расталды. Туыстарымен әңгімелесуден кейін органдарды алуға келісім алынды. Транспланттауды және жоғары технологиялық медициналық қызметтерді үйлестіру жөніндегі республикалық орталық донорлық процесті ұйымдастырды және органдарды алу үшін екі транспланттау бригадасын құрды.

Шымкент қаласының жүрек орталығында 58 жастағы науқасқа донордың жүрегі трансплантацияланды. Алматыдағы А.Н. Сызғанов атындағы Ұлттық ғылыми хирургия орталығында 58 жастағы әйелдің бауыры трансплантацияланды. Түркістан облыстық клиникалық ауруханасында 40 жастағы науқасқа бүйрек трансплантациясы жасалды, екінші бүйректі Астанада University Medical Center клиникасында 16 жастағы балаға трансплантациялады.

2024 жылдың басынан бастап Қазақстанда қайтыс болғаннан кейін 5 донор тіркелді, бұл 19 органды трансплантациялауға мүмкіндік берді. 2023 жылы қайтыс болғаннан кейінгі 7 донор 19 мүшені трансплантациялауға мүмкіндік берді.

Бұл жетістіктер Трансплантация және жоғары технологиялық медициналық қызметтерді үйлестіру жөніндегі республикалық орталықтың үйлесімді жұмысының және біздің мамандардың қажырлы еңбегінің арқасында және, әрине, халық тарапынан өсіп келе жатқан қолдаудың арқасында мүмкін болды.

Донорлық органдардың «күту парағында» қазір Қазақстанда 4112 пациент бар.

Бөлісу:
Telegram Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға