Министр Қанат Шарлапаев Қызылорда тұрғындарымен кездесті
Бүгін, 30 қарашада Өнеркәсіп және құрылыс министрі Қанат Шарлапаев жұмыс сапары аясында Қызылорда қаласына келді, деп хабарлайды El.kz ақпарат агенттігі.
Ведомство басшысы алдымен «Достық үйі» ғимаратында халықпен кездесу өткізді.
Биыл өңірдегі өңдеу өнеркәсібі 23%-ға өсім көрсетті, салада 13 мыңға жуық адам жұмыс істейді. Сонымен қатар, биылғы жылдың он айында 700 мыңға жуық ш. м. тұрғын үй пайдалануға берілді, сумен қамту және суды бұрудың 2 млрд теңгеге 5 жобасы, жылумен қамтудың 6 жобасына республикалық бюджеттен 6 млрд теңге қарастырылған. Біздер мұнымен тоқтап қалмай, әкімдікпен бірге облысты дамыту бойынша жұмысты жалғастыратын боламыз, – деді министр.
Министрлік ұсынған мәліметке сүйенсек, жиын барысында азаматтар облыста 2 шағын индустриялық аймақтың құрылысы мен көлік өндірісіне қатысты мәселелерді қозғады. Сондай-ақ, кәріздік тазарту құрылыстарын орнату, халықтың осал санаттарын тұрғын үймен және өңір тұрғындарын ыстық сумен қамтамасыз етубойынша сұрақтар қойылды.
Тұрғын үймен қамтамасыз ету жөніндегі сұраққа Қанат Шарлапаев 2023-2024 жылда әлеуметтік осал топтарға арналған 4 мыңға жуық пәтер салынғанын айтып жауап беріп, министрлік келесі жылда тағы қаражат көздерін іздейтін болатынын қосты. Одан бөлек, жаңа өндіріс орындарын іске қосу арқылы өндірісті дамыту тақырыбы қозғалды.