Министр ел мектептеріндегі қауіпсіздікті күшейтуді тапсырды
Оқу-ағарту министрі Ғани Бейсембаев ел мектептеріндегі қауіпсіздікті күшейтуді тапсырды, деп хабарлайды El.kz ведомствоның баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
Ол облыс әкімдерінің орынбасарлары, білім басқармалары мен білім беру саласындағы сапаны қамтамасыз ету департаменттерінің басшыларымен бірлескен шұғыл кеңесте осындай тапсырма берді.
Балалардың құқықтарын қорғау комитетінің төрағасы Насымжан Оспанова Петропавл қаласындағы мектепте алдын ала тексеру нәтижелері және оқу орындарында қауіпсіздікті қамтамасыз ету жоспарлары туралы айтты.
Комитет әдістемелік және психологиялық көмек бойынша жұмысты жалғастырады. Мемлекет басшысының тапсырмасы бойынша 2019 жылдан бастап білім беру объектілеріндегі қауіпсіздік жағдайына тоқсан сайын мониторинг жүргізіледі. Келесі аптадан бастап бір ай бойы бала құқықтары жөніндегі өңірлік уәкілдердің, ата – аналар қауымдастығының, сарапшылардың, үкіметтік емес ұйымдардың қатысуымен оқу орындарында қауіпсіздікті ұйымдастыру мәселесі бойынша тексеру жүргіземіз, - деп атап өтті Балалардың құқықтарын қорғау комитетінің төрағасы.
Айта кету керек, бүгінгі таңда Комитет мүдделі мемлекеттік органдардың қызметін үйлестіруді және талдауды жүзеге асыратын құқықтық базаны қалыптастыруда. Сондай-ақ мектепке дейінгі және орта білім беру ұйымдарын қауіпсіздік жүйелермен жарақтандырудың стандарттары мен талаптары, білім беру ұйымдарында пайдалану үшін шектелген тыйым салынған заттардың тізімі пысықталды. Өткен жылы нысандарды терроризмге қарсы қорғауды ұйымдастыру жөніндегі нұсқаулық әзірленді, ал 2023 жылғы қаңтарда өңірлерге педагогтер мен білім алушыларға арналған іс-қимыл алгоритмдері жіберілді.
Министрлік балаларды зорлық-зомбылықтан, суицидтен қорғау, оның ішінде қауіпсіздік жүйесін ұйымдастыру жөніндегі Кешенді жоспардың жобасын әзірлеуде. Оған 20-ға жуық мемлекеттік органдар мен өңірлер жұмылдырылған. Жуық арада өткізу режимінің регламентіне өзгерістер енгізілетін болады, - деп атап өтті Насымжан Оспанова.
Кеңес соңында ҚР Оқу-ағарту министрі Ғани Бейсембаев 2023 жылдың 20 ақпанынан 20 наурызына дейін еліміздің барлық оқу орындарының кешенді қауіпсіздік жүйесімен қамтамасыз етілуіне мониторинг жүргізуді тапсырды. Осы мәселе аясында өзара әрекеттесудің тиімді тетіктерін әзірлеу жүктелді. Бұл ретте орта білім комитеті білім алушылар үшін арнайы қауіпсіздік сабақтарының циклін әзірлеуі қажет. Білім басқармалары оны білім беру ұйымдарында полиция және төтенше жағдайлар департаменттерімен бірлесіп өткізілуін қамтамасыз етуі тиіс.
Алматы, Жетісу, Ұлытау, Абай, Қостанай және Түркістан облыстарында қауіпсіздік жүйелерінің талапқа сай келмейтіні байқалады.