Жаңалықтар

Министр ауыр атлетикадағы допинг мәселесімен күресуді тапсырды

Министр ауыр атлетикадағы допинг мәселесімен күресуді тапсырды
Фото: gov.kz 28.11.2023 22:27 869

Туризм және спорт министрі ауыр атлетика федерациясының басшылығы мен бапкерлер құрамымен кездесті, деп хабарлайды El.kz ақпарат агенттігі.

Жиында федерация өкілдері спортшылардың Азия ойындарындағы өнерін қорытындылап, ауыр атлетика спортын дамыту жоспарымен таныстырды.

Ханчжоудағы Ойындарда Қазақстан құрамасының ауыр атлеттері небәрі 1 қола медаль олжалап, жарыс алдында алған міндеттемелерін орындай алмады. Қытайдағы додаға дейін олар 1 күміс және 2 қола медаль жеңіп алуға уәде берген еді.

Ермек Маржықпаев кейінгі жылдары ауыр атлетика спортшыларының жаппай допинг дауына ұшырап жатқанына байланысты өткір мәселе көтерді. 2022 жылдың басынан бері 43 спортшы допинг қолданды деп айыпталған.

Азия ойындары алдындағы допинг мәселесіне байланысты федерацияның басшылық және жаттықтырушы құрамы толық жаңарды. Нәтижесінде ұлттық құрама Ханчжоуда негізгі құрамда өнер көрсете алмады.

Ұлттық допингке қарсы орталықтың өкілдері спорттық медицина және оңалту орталығымен бірлесіп, спортшыларды жаппай шеттету себептерін анықтау үшін спорттық тамақтану үлгілері мен фармакологиялық құралдарға зерттеулер жүргізеді.

«Еліміздің ауыр атлетика спортының тарихы бай, жеңіспен өрілген тамаша дәстүрі бар. Қалыптасқан жағдайға байланысты бұл спорт түрінен бас тартуға болмайды. Жаңа басшылық пен жаттықтырушылар штабы допинг мәселесіне байланысты допинг сынамаларын егжей-тегжейлі тексеріп, тыйым салынған құралдарды қолдануға нөлдік төзімділік бойынша іс-шаралар жоспарын әзірлеуі керек. Спорттан шеттетілген саңлақтарға мұндай қиын-қыстау кезеңде қолдау көрсетіп, оларға демеу беруіміз керек», - деді туризм және спорт министрі.

Министр сондай-ақ ауыр атлетика федерациясының өкілдеріне бірқатар тапсырма берді. Атап айтақанда, спортшылардың спорттық тамақтану мен қалпына келтіру құралдарын өз бетінше сатып алуын болдырмау, барлық мүдделі мекемелермен бірлесіп фармакологиялық құралдарды сатып алу алгоритмін әзірлеу, ауыр салмақтағы спортшыларды даярлау жөніндегі жеке бағдарламаны іске қосуды жүктеді.

Бөлісу:
Telegram Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға