Миллиардтың дауы: Ерлан Қожағапанов ісі сотқа берілді

Бұрынғы мәдениет және спорт вице-министрі Ерлан Қожағапановқа қатысты іс сотқа берілді, деп хабарлайды El.kz ақпарат агенттігі.
Бұл туралы Сенат отырысының кулуарында Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігі төрағасының орынбасары Дархан Құрақбаев мәлімдеді.
Іс аяқталды. Қожағапанов пен мердігер ұйым басшысының ісі сотқа берілді – сот процесі жалғасуда. Мұнда аса ірі көлемдегі қаржы жымқыру мәселесі қарастырылып жатыр, – деді Құрақбаев Сенат кулуарында журналистердің сұрақтарына жауап бере отырып.
Құрақбаевтың айтуынша, іс бойынша келтірілген шығын бір миллиард теңгеден асады.
Сот жүріп жатыр, білуімше, аяқталуға жақын. Оған тағылған бап бойынша санкция 7 жылдан 12 жылға дейінгі мерзімді қарастырады. Бірақ барлық мән-жайды ескере отырып, түпкілікті шешімді сот қабылдайды. Сот ашық түрде өтуде, – деп қорытындылады Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігі төрағасының орынбасары.
