Милина Вавулиди: Отбасымызбен жылына төрт рет жиналып, Абайдың «Қара сөздерін» оқимыз
Анықтама:
Сүйікті саясаткері: Елбасы – ҚР Тұңғыш Президенті Нұрсұлтан Назарбаев.
Ұнатып жейтін тағамы, асхана: балық және теңіз өнімдері, жерорта теңізі асханасы.
Кітабы: Платон «Мемлекет».
Кино: Владимир Бортко «Собачье сердце».
Өмірлік ұстанымы: Қазақстанда тұратын әрбір адам өзін осы елдің перзенті сезінбейінше, болашағына сенбейінше, біздің жұмысымыз ілгері баспайды. Н. Назарбаев.
Бос уақытта шұғылданатын ісі: кітап оқу.
Қызықты оқиғасы: ҚХА XXVII сессиясында сөз сөйлегені, Елбасы Нұрсұлтан Әбішұлының қолынан ұстап, алғысын жеткізуі.
Әуесқойлығы: журналистика саласы.
Милина Вавулиди 1997 жылдың 3 қарашасында Алматы қаласында туған. Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің журналистика факультетінің ІІІ курс студенті. Оқу озаты.
«КТК» АҚ Артур Платоновтың «Портрет недели», «Слуги народа» бағдарламаларында режиссердің көмекшісі ретінде тағлымдамадан өткен.
Студенттік телеарнаны дамытуға белсенді қатысады. Университеттегі радиода жаңалықтар жүргізген және «Made in Kaznu» бағдарламасының тележүргізушісі болып жұмыс істеген.
Қазақ, орыс, грек тілдерінде еркін сөйлейді.
— Милина, сіз Қазақстан халқы Ассамблеясының ХХVII сессиясында сөйлеген сөзіңізде Елбасы – Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті, ҚХА Төрағасы Нұрсұлтан Назарбаевтың шетелде абыройы асқақ екенін атап өттіңіз. Ол жайлы жаһандық бұқаралық ақпарат құралдары керемет дүниелер жазады дегеніңізді де естідік. Осыған қатысты жүргізген зерттеулеріңізді айта отырсаңыз.
— Иә, Елбасын Америка құрама штаттарында өте қатты құрметтейді. Мысалы, Америка Президенті Дональд Трамп жуырда ресми хат жолдағанынан хабардармын. Ол жақтағы БАҚ Елбасының ресми сапарын қалыспай жазады, олардың жазбасынан елімізге, Елбасына деген құрметті көруге болады. Сондай-ақ Грециядағы Қазақстанның Елшілігімен бірлесіп грек БАҚ-ы жиі баспасөз мәслихатын өткізіп тұрады. Олардың жаңалықтарында Елбасы жайлы көп жазылады. Онда Нұрсұлтан Назарбаев көреген Президент, егер Грецияда осындай көшбасшы болса, бізде тұрақтылық болар еді деп жазылады.
Кей елдерде соғыс, қақтығыс, дағдарыс жайлап жатқанына куә болып отырмыз. Ал біздің Елбасы бейбітшілік пен бірліктің, келісімнің негізін құрды. Әлемдегі күрделі мәселелер біздің елде талқыланып, біздің ғана емес, көршілес елдерің де қауіпсіздігі турасында толғандыратын мәселелердің күрмеуін шешуге қатысып, көш бастап жүрген жайы бар. Бәрімізге белгілі Сирияның жағдайын шешу үшін астанада үлкен жиын өткенін де атап айту керек.
Біз ядролық қарудан бас тарттық, Елбасы барша әлемге соғыссыз тұрақтылыққа қол жеткізуге болатынын дәлелдеді.
— Сіздің сессияда спикер ретінде таңдалып алынуыңыздың себебі неде?
— Сессияда грек ұлты сөз сөйлемегелі біраз уақыт болды. Менің спикер ретінде кандидаттығымды қарастырғанда, тарихым тартымды әрі мазмұнды шыққан болар. Онда менің ата-бабамның бастан кешкені туралы айтылған-ды. Біздің отбасы үнемі қазақ халқының ұлылығын ауыздарынан тастамай айтып отырады. Қазақ халқы репрессия жылдарында қаншама ұлттарды аман алып қалғанын бәрі де біледі ғой. Міне, өз сөзімді бар ынтаммен сөйлеп, тыңдаушыларды тәнті еттім.
Жалпы өзімді патриот деп санаймын. Мысалға менде Франция, Греция, Канадада оқуға мүмкіндік болды, алайда Қазақстанды таңдадым. Өйткені мен туған жерімде ұрпақ өсіріп, еліме адал қызмет етуді – борышым деп санаймын.
Өзімінің дипломдық жұмысымның нобайын келістіріп қойдым. Тақырыбын Қазақстан халқы Ассамблеясына арнап отырмын.
— Олай болса отбасыңыздың тарихына тоқталып өтсеңіз.
— 1948 жылы менің әжемнің отбасы, яғни, әке-шешесі, бауырымен Ресейден Қазақстанға жер аударған. Ол кезде қақаған қыстың кезі, жылы жаққа бой үйренген әжеме ауыр тиеді. Жапан далада жалғыз қалған бұл отбасын киіз үйді паналап отырған қазақ отбасы қамқорлығына алады. Өздерінің де жағдайы мәз емес еді дейді әжем. Сол үйдің бес жасар Айсұлтан атты баласы ашыққан әжеммен соңғы нанымен бөліседі. Сөйтіп қарапайым отбасы біртұтас отбасын аман алып қалған. Бүгінде әжем 89 жаста. Ол Алматыда тұрады. Сонау жылдары бастан кешкен қиындықтарын үнемі еске алып отырады. Әрі бізге оны өнеге етіп айтып отырады. Әжем «сол кездегі нанның иісі аман қалған өмірімнің иісі» деп айтады. Сондай-ақ ол сессияда сөз сөйлегенде осыны Елбасына, жалпы қазақ халқына жеткізуімді сұрады. Әжем қазақ отбасымен араласып, қазақша сөйлеп үйренген.
Қазақтар сол жылдары ешкімді бөтенсімей, танымайтын адамдардан қауіптенбей, қаншама тағдырлардың арашасы болды. Азапты бастан кешіре отырып, басқа халықтарға пана, қамқор болды.
— Түріміз бен салтымыз бөлек болса да, қазақ пен гректің ұқсастығын атай аласыз ба?
— Гректерде қымызға ұқсас сусын бар, оны ешкі сүтінен дайындайды.
Екі ұлттың музыкасының үні бір шыққанда, сөзбен айтып жеткізе алмайтын әсерге бөленесің. Грецияда жүргенде қос ұлттың аспабының үндестігін естідім. Қобыз лириға ұқсайды.
— Милина, ал отбастарыңызда қалыптасқан дәстүр бар ма?
— Бізде екі түрлі дәстүр қалыптасқан. Бірі – Наурыз мерекесінде анам екеуміз бауырсақ пісіріп, көршілерге үлестіреміз. Екіншісі, бар отбасымызбен жылына төрт рет жиналып, Абайдың «Қара сөздерін» оқимыз. Мен қазақша, әкем орысша оқиды. Оқығанымыздың мағынасын мазмұндап, оны жадымызға сақтап қалуға тырысып, грек тіліне аударып, жақындарымызға әңгімелеп береміз. Бұл әр маусымның алғашқы күндері жүзеге асырылады. Бұны біз жаңа айдағы жаңа өмірдің бастамасы деп санаймыз.
— Осындай тамаша дәстүрлерді берік ұстанатын отбасыңыз туралы айтыңызшы.
— Алматы қаласында әке-шешеммен тұрамын. Әпкем Афинада білім алып жатыр. Қазақша, грекше мерекелерді бірдей атап өтеміз. Әкем Ораза тұтқан достарын қолдап, бірге ауызашарға барады. Үйде орысша, грекше сөйлейміз. Әкем әріптестерімен қазақша сөйлеп, тіл ұстартады.
Әпкемді үлгі тұтамын. Ол менің ақылшым. Соның айтуымен әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетіне түстім. Мұныма бірде-бір өкінген емеспін.
— Дипломдық жұмысыңыздың тақырыбын Қазақстан халқы Ассамблеясына арнадым дедіңіз. Бұл идея неден туындады? Әлде біреу нұсқады ма?
— Бірінші курстан бастап патриоттық тақырыпта дипломдық жұмысымды жазатынымды ұғындым. Ал Ассамблея туралы ой кейінде, екінші курстың соңында келді. БАҚ-тың еліміздің патриотизміне, бірлігіне ықпалын зерттегім келді.
Бірінші курстан бастап өте белсенді болдым. Өзімнің патриоттығымды сөзбен емес, іспен көрсеткім келетін. Түрлі іс-шараларды жүргіздім, еріктілердің қатарынан табылдым. Екі ай бұрын ұлтаралық толеранттылық пен патриотизмді қалыптастырудың құралы ретінде медианың ықпалы деген атаумен дипломдық жұмыс жазатынымды ұстазыма айтып, оны Ассамблеяға арнайтынымды жеткіздім. Бұл өз жанымнан туындаған идея.
— Дипломдық жұмысыңыздың мазмұнына тоқтала кетсеңіз.
— Қазақстанда өте көп этностар өмір сүруде. Біздер тұрақтылық пен бірлікке жылдар бойы қол жеткізіп келдік. Сондықтан БАҚ бұл дәстүрді бұзбай, оның сақталуын қадағалауы қажет.
Мен жас Ассамблея мүшесі ретінде ерікті болуға, журналист болуға, бірліктің жаршысы болуға міндеттімін, өз туғандарыма, дос-жараныма, болашақ ұрпағыма Қазақстан халқы бірлігін насихаттауым керек деген мазмұнда жазуды жоспарлап отырмын.
— Журналистика саласы үлкен жауапкершілікті талап ететін, қызықты әрі күрделі сала. Бұл мамандықты неліктен таңдадыңыз?
— Маған Артур Платоновтың бағдарламасы және оның кәсіби деңгейі қатты ұнайтын, үнемі көрген сайын өзімнің журналист болғым келетінімді барынша түсіндім. Ол өте талантты журналист. Оның бағдарламасынан елдің тұрақтылығын сақтау, бірлікті дәріптеу секілді басымдықтар байқалады.
Маған оның жанында екі жыл тағлымдамадан өту бақыты бұйырды. Сондағы уақыттарда журналистиканы бекер таңдамағанымды түсіндім. Маған жазу, өз зерттеулерімді жүргізу, талдау ұнайды, сондай-ақ саясатқа қатысты материалдарды жазғанды ұнатамын.
— Биыл Жастар жылы. Сіз болашақ жас журналист ретінде жас қазақстандықтардың болашағына қандай пікір білдірер едіңіз?
— Қазақстандық жастар өте талантты. Біз өзімізді шетелде мықты жағымыздан көрсете аламыз. Оған көптеген дәлел бар: Димаш Құдайберген, Данэля Төлешовалар әлем аренасында еліміздің атын шығарып жүр. Айта берсек көп.
Мемлекеттің келешегі сенімді қолда. Өйткені жастардың ресурстық базасы мықты.
Өзім осының бәріне сараптама жасай келе, жастар керемет жобаларды әлемдік деңгейде жүзеге асырып жатыр деген тоқтамға келдім.
Біздің тұрақтылығымызды сақтап, қолдайтын болсақ, онда біз дамыған отыз елдің қатарына еніп, өмір сүруге жайлы әрі қолайлы мемлекетке айналамыз. Солай болатынына сенімім мол. Миллиондаған адамдардың еңбегімен келген ғасырлық тұрақтылықтың нәтижесі осындай болуы тиіс.
Сонымен қатар жылдар өте келе мен өзімнің балаларыма бұл сенімнің орындалғанын айтып отыратын боламын.
— Қазіргі жастардың, сіздің замандастарыңыздың қабілетін ашып айта аласыз ба?
— Біздің жастардың бойынан мен мақсатшылдықты көп байқап жүрмін. Өздерін көптеген салаларда танытып, жетістікке жетуге ұмтылады. Бір жағынан менің замандастарым өте қарапайым, ынсапты. Мақтанышқа ұрынбайды. Мысалы, студент жастар ешқандай жұмыстан қашпайды. Олар қайта жұмыс істегісі келіп тұрады. Өздерін интернет алаңдарда танытудың оңтайлы тұсын іздейді. Бизнесте де қол жеткізіп отырған жетістіктері бар.
Әлемдік деңгейде таланттардың байқауларында жүлделі орын алып жүрген жастарымызды жоғарыда айтып өттім.
— Таяқтың екі ұшы бар демекші, жастарымыздың бойында бар әлсіз тұсын айтып өтіңізші.
— Иә, жастарымыздың бір кемшіл тұсы – міншіл. Әрине бәрі бірдей емес, дегенмен де баршылық. Мемлекетімізде жастардың өзін-өзі дамытуына кең түрде мүмкіндік қарастырылған. Мәселен, білімді алайық. Бізде білім сапасыз дейді. Мен студент ретінде олай демес едім, тегін интернет, тегін кітапхана, тегін компьютерлермен жабдықталған. Емін-еркін қолдана беруге болады. Студент ретінде ешқандай қиындықтар көріп жүрген жоқпын. Сапалы білім алғысы келген адамға мүмкіндік жасалған. Тек ерінбеу керек.
Жан-жағын, ұсақ-түйекті сынға аламын деп жүріп, жастар өз мүмкіндіктерін жіберіп алмаса екен.
Ал енді жастардың бұл әлсіз тұсын мен жаһанданудың салқыны деп түсінемін. Жастарымыздың көбісі батысқа еліктейді. Ал менің ойымша, иә, батыс тамаша, бірақ кез келген дүниені қабылдамас бұрын рухани құндылықты ойлау керек. Жаңалық өз алдына, ұлтқа тән рухани және моральді құндылықты жоғалтып алмау керек. Өйткені сырты бүтін, іші түтін болатын дүние көп.
Өз туған еліңнің жағымды жағын көбірек көруге тырысқан абзал. Жастар жағы шетелден білім алып келеді, сөз жоқ оның елімізге пайдасы бар-ау. Тәжірибе аз салаға өзіндік үлесін қосады. Ал енді қайтып оралмайтындар да бар. Мен ондай әрекетті анасын, досын сатқанмен тең көремін. Өзіңнің мықтылығыңды туған жеріңде дәлелдеу керексің. Көп түкірсе, көл болады.
— Милина, Отанды сүю дегеніміз не?
— Отанды сүю дегеніміз – Отаның үшін жауапты болу. Әр адам мемлекеттің болашағын құрады. Әрекетің қаншалықты үлкен немесе шағын болуы маңызды емес, маңыздысы – қоғамның демократиялануына әр адам үлес қосуы керек. Саяси үдерістерге көңіл бөліп, белсене араласу да қажет.
Отанды сүю өзіңнен басталады. Сүйіспеншілік бір ғана мысалмен көрсетілмейді, ол әр іс-әрекетіңде көрінуі тиіс. Отанға қамқорлық бір қарағанда болмашы әрекеттерден басталады.
— Жас замандастарыңызға қандай кеңес берер едіңіз?
— Көп кітап оқу. Өзім кітап оқығанды ұнатамын. Көп оқу білімділікке алып келеді. Мемлекеттің әрбір азаматы осыны жете ұғынса, білімде, ғылымда озық болар едік. АҚШ-тың тұңғыш Президенті Джордж Вашингтонның сөзімен айтқанда, «Елім маған не береді деп емес, мен еліме не беремін деп ойлауымыз керек».
— Бойыңыздағы осыншама патриоттық сезімнің толассыздығы адам қызықтырады.
— Патриотизм – біртұтас отбасының жемісі. Ол рухани құндылықтармен бірге тәрибелеу үдерісінде бойыңа сіңеді. Мысалы, маған Отанға деген сүйіспеншілік анамның сүтімен, әкемнің ақылымен берілді. Ол маған үнемі «Қазақстан сенің отаның» дейтін. Әкем елге қызмет ету мектептен басталатынын ұқтырды. Менің алған әр бестігім менің еліме қосқан үлесім деп түсіндіретін. Осының бәрі маған оң әсерін тигізді. Елімді қорғауға, оған адал болуға, қызмет етуге мақсат етемін.
Мен «қазақтар мен гректер бауырлар» деймін, мұны маған әкем үйретті. Бала кезімде ауладағы қазақ балаларына солай айтатынмын. Анам да барлық балаларды жинап алып, тәтті-дәмділерін беретін. Мен өзімді қазақи болмыстағы грек қызымын деп санаймын.
Қазақ достарыммен тек қазақша сөйлесемін және менімен де қазақша сөйлескендерін талап етемін. Достарыма Қазақстанның тамаша жақтарын айтудан жалықпаймын.
— Милина, әңгімеңізге рақмет, оқуды табысты аяқтауға тілектеспін!
Нұргүл ШАТЕКОВА
Материалды көшіріп жариялау үшін редакцияның немесе автордың жазбаша, ауызша рұқсаты қажет және Қазақстан халқы Ассамблеясы порталына гиперсілтеме берілуі тиіс. Авторлық құқық сақталмаған жағдайда ҚР Авторлық құқық және сабақтас құқықтар туралы заңымен қорғалады. Авторизация бойынша ank_portal@assembly.kz мекен-жайына хабарласыңыз.