Жаңалықтар

Милан Олимпиадасынан үмітті үздік спортшылар министрмен кездесті

Милан Олимпиадасынан үмітті үздік спортшылар министрмен кездесті
Фото: Туризм және спорт министрлігінің баспасөз қызметі 11.04.2025 06:29 876

Туризм және спорт министрі Ербол Мырзабосынов еліміздің қысқы спорт түрлеріндегі үздік өкілдерінің бірі – шорт-трекші Денис Никиша мен мәнерлеп сырғанаушы Михаил Шайдоровпен кездесті, деп хабарлайды El.kz ақпарат агенттігі.

Басқосуда 2026 жылы Италияда өтетін қысқы Олимпиадаға дайындық мәселелері пысықталып, Қазақстан құрамасының әлеуетін күшейтуге бағытталған арнайы жұмыс жоспары талқыланған. Әңгіме барысында Ербол Мырзабосынов Милан Олимпиадасына 303 күн қалғанын, 2024/25 жылғы қысқы маусымда жоғары нәтиже көрсетіп, жүлделі орындардан көрінген кейбір спорт түрлерінің спортшылары қысқы Олимпиада лицензиясына үміткер ретінде іріктеліп алынғанын атап өтті.

Денис Никиша мен Михаил Шайдоров – соңғы маусымда әлемдік аренада жоғары нәтиже көрсетіп жүрген спортшылар. Денис биыл шорт-тректен екі дүркін әлем чемпионатының күміс жүлдегері атанса, Михаил мәнерлеп сырғанауда төрт құрлық чемпионатында – алтын, әлем чемпионатында күміс медаль олжалап, ел абыройын асқақтатты.

Министрлік алдағы қысқы Олимпия ойындарына үміткер спортшылардың дайындығын жан-жақты қолдауға ниетті. Бұл қолдау – тек спорттық базалармен қамтамасыз ету немесе оқу-жаттығу жиындарын ұйымдастырумен шектелмейді. Әрбір спортшының жеке ерекшелігі, спорттық күнтізбесі мен қалпына келу процесі ескеріліп, жеке бағдарлама бойынша кешенді қолдау көрсетіледі. Оған медициналық, психологиялық, аналитикалық және әдістемелік сүйемелдеу де кіреді.

Кездесу соңында министр екі спортшының маусымдағы жоғары нәтижесін ерекше атап өтіп, алда тұрған басты мақсат – Милан Олимпиадасында табысты өнер көрсету екенін жеткізді.

Бөлісу:
Telegram Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға