Жаңалықтар

Микрокредит беруде қандай талаптар өзгереді

Микрокредит беруде қандай талаптар өзгереді
Фото: © Pixabay.com 10.04.2024 14:04 723

Кредит беру кезінде тәуекелдерді барынша азайту және қарыз алушылардың құқықтарын қорғау мәселелері жөніндегі заң жобасы даярланды, деп хабарлайды El.kz ақпарат агенттігі.

Мемлекет басшысының халықтың шамадан тыс кредит алуын азайту бойынша жүйелі шаралар қабылдау жөніндегі тапсырмасын іске асыру мақсатында Қазақстан Республикасының Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігі Парламент депутаттарымен бірлесіп «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне кредит беру кезінде тәуекелдерді барынша азайту және қарыз алушылардың құқықтарын қорғау мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» заң жобасын әзірледі.

Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігінің мәліметінше, заң жобасында мынадай негізгі ережелер көзделеді:

  1. Проблемалық қарыздары бар азаматтардың борыш жүктемесін азайту үшін банктер мен МҚҰ-ның азаматтардың төлем мерзімі 90 күннен астам өткен кредиттер бойынша оларға кредиттер беруіне тыйым салынады.

Бұдан басқа, банктер мен МҚҰ үшін барлық қолданыстағы (өтелмеген) тұтынушылық кредиттер бойынша төлем мерзімі 90 күн өткеннен кейін сыйақы есептеуге тыйым салынады.

Азаматтардың проблемалық кредиттерді реттеуге арналған құқықтарын іске асыру үшін жеке тұлғалардың кредиттерін мерзімі өткен берешек туындаған сәттен бастап жиырма төрт ай өткенге дейін және айыппұлдардың, өсімпұлдар мен комиссиялардың күшін толық жоюды қоса алғанда, қарыз алушы қарыз бойынша берешекті өтей алатын тараптар үшін өзара қолайлы жағдайларды қамтамасыз ететін берешекті реттеу рәсімдерін жүргізу кезінде коллекторлық агенттіктерге сатуға шектеу енгізіледі.

Сонымен қатар банктер мен МҚҰ азаматтардың берешегін реттеу бойынша сапалы жұмыс жүргізуі үшін қарыздарды коллекторларға беруге екі жылдық мораторий (2026 жылғы 1 мамырға дейін) енгізу ұсынылады.

Сондай-ақ қарыздары коллекторларға беріліп қойған қарыз алушыларды қолдау үшін коллекторлардың жеке тұлғалардың сатып алынған кредиттері бойынша берешекті реттеу рәсімдерін жүргізу міндеті енгізіледі.

Азаматтардың жаңадан басқаға берілген кредиттері бойынша мораторий аяқталғаннан кейін коллекторлар азаматтардың борыш жүктемесін азайту үшін есептелген және төленбеген сыйақыны есептен шығаруға міндетті болады.

Борыш жүктемесінің шамадан тыс өсуін шектеудің қосымша шарасы ретінде тұтынушылық кредит ұғымын заңнамалық тұрғыдан енгізу ұсынылады. Бұл ретте банктер мен МҚҰ-ның халыққа уәкілетті органның нормативтік құқықтық актісінде белгіленген ең жоғары мөлшерден артық сомаға (банктер үшін – 5 млн теңге, МҚҰ үшін – 3 млн теңге) тұтынушылық кредиттер беруіне тыйым салынады.

Барлық кредиттер бойынша жиынтық берешекті шектеу үшін жаңа макропруденциялық норматив, яғни кредиттер бойынша жиынтық берешектің қарыз алушының кірісіне қатынасы енгізіледі. Нормативтің мәні және оны есептеу тәртібі Агенттіктің актісімен айқындалатын болады.

Бұдан басқа, банктер мен МҚҰ-ның барлық кредиттері үшін мөлшері Ұлттық банк пен агенттіктің актілерінде айқындалатын ЖТСМ-нің шекті мәнін сақтау жөніндегі талаптарды белгілеу жолымен банктердің және МҚҰ-ның кредиттері бойынша сыйақы мөлшерлемелерін азайту бойынша бірыңғай тәсіл енгізіледі.

Азаматтардың шамадан тыс кредит алуы онлайн-микрокредит беру секторында байқалатынын ескере отырып, 50 АЕК-ке дейінгі сомаға, 45 күнге дейінгі мерзімге берілетін микрокредиттің ерекше түрінің күшін жою, сондай-ақ барлық микрокредиттер бойынша жылдық тиімді сыйақы мөлшерлемесін белгілеу ұсынылады.

  1. Кредиттер бойынша мерзімі өткен берешекті сотқа дейінгі реттеу шеңберінде азаматтардың құқықтарын қорғауды күшейту үшін қарыз алушыны төлем мерзімінің өтіп кетуі туралы хабардар ету мерзімі күнтізбелік 20 күннен 10 күнге дейін, оның ішінде ақпараттандыру объектілері (банктер мен МҚҰ-ның мобильдік қосымшалары) арқылы қысқартылады. Сондай-ақ банк омбудсменінің азаматтардың барлық кредиттері бойынша дауларды қарау жөніндегі өкілеттіктерін кеңейту және микроқаржы омбудсманын құру көзделген. Омбудсмандардың шешімдері банктер, МҚҰ және коллекторлық ұйымдар үшін міндетті болады.

Мерзімді әскери қызметке шақырылған азаматтарды қолдау үшін банктік қарыздар мен микрокредиттер бойынша сыйақы есептемей төлем мерзімін автоматты түрде кейінге қалдыру көзделеді.

  1. Атқарушылық іс жүргізу шеңберінде азаматтардың құқықтарын қорғауды күшейту үшін кәмелеттік жасқа толмаған балалары бар отбасыларды және мүгедектігі бар адамдарды жылыту маусымында жалғыз баспанасынан шығаруға тыйым салу, сондай-ақ қарыз алушының банктік шотында сақталатын ақша сомасын ең төменгі күнкөріс деңгейінің 1-ден 2 еселенген мөлшеріне дейін (87 мың теңге) ұлғайту енгізіледі. Бұдан басқа, банктерге ХӘОТ-қа жататын бұрынғы меншік иелеріне балансқа өткен тұрғын үйді жалға беру құқығы беріледі.
  2. Азаматтардың құқықтарын кредиторлардың жосықсыз әрекеттерінен қорғау үшін берешекті өндіріп алу кезінде банктер, МҚҰ, коллекторлық агенттіктер мен қарыз алушылар арасындағы дауларды төрелік соттарда қарауға тыйым салу, сондай-ақ МҚҰ мен коллекторлық агенттіктердің нотариустармен және жеке сот орындаушыларымен үлестес болуына тыйым салу енгізіледі.
  3. Азаматтардың банкроттық рәсіміне қол жеткізуін жеңілдету үшін заң жобасында борышкердің мерзімі өткен берешекті реттеуді, сондай-ақ реттеу және өндіріп алу рәсімін өткізу мерзімін 18 айдан 12 айға дейін қысқартуды растайтын құжатты беруі жөніндегі талап алып тасталады. Сондай-ақ, азаматтардың олардың алдындағы міндеттемелері соттан тыс банкроттық рәсімімен қамтылатын кредиторлардың тізбесі (тарату сатысындағы қаржы ұйымдары, сондай-ақ азаматтарға құқықтары (талаптары) бар ұйымдар) кеңейтілді.
  4. Кредиттер бойынша алаяқтықты азайту мақсатында клиентті биометриялық сәйкестендіру жүргізбей электрондық банктік қарыздар мен онлайн микрокредиттер беруге тыйым салу енгізіледі. Сондай-ақ, бір уақытта алаяқтық кредиттердің ресімделуіне жол бермеу үшін банктер мен МҚҰ-ның осындай өтінімдер бойынша мәліметтерді нақты уақыт режимінде кредиттік бюроға ұсыну міндеті енгізіледі.

Заң жобасында тергеу іс-шараларын жүргізу кезеңінде сыйақы есептеуді және наразылық-талап қою жұмысын тоқтата тұру түрінде алаяқтық кредиттер бойынша туындаған берешекті реттеу міндеті көзделеді. Бұл ретте қарызды алаяқтық тәсілмен ресімдеу фактісі белгіленген заңды күшіне енген сот шешімі болған жағдайда клиентке қойылатын талаптар тоқтатылады.

Ағымдағы жылғы ақпан айынан бастап азаматтардың кредит алудан ерікті түрде бас тартуды белгілеу құқығы заңнамалық деңгейде енгізілді. Бұл ретте заң жобасында азаматтардың кредит алудан ерікті түрде бас тартуы болған жағдайда кредиторлардың ресімделген кредиттер бойынша борышты есептен шығару міндеті көзделген. 

Заң жобасын қабылдау азаматтардың мүдделерін қорғауды қамтамасыз етуде және халықтың шамадан тыс кредит алу тәуекелдеріне жол бермеуде маңызды рөл атқаратынын атап өткен жөн.

Биылғы 20 наурызда Парламент Мәжілісі заң жобасын екінші оқылымда қабылдады және ол қазіргі уақытта Сенаттың қарауында.

Бөлісу:
Telegram Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға