Жаңалықтар

Михеев Григорий Яковлевич

Михеев Григорий Яковлевич 1919 жылы Петропавл қаласында туған. 10 класс бiтiрген. 1937 жылы облыстық комсомол комитетінің арнайы шақыруымен авиацияға жiберiледi.
03.09.2014 13:09 2063

Михеев Григорий Яковлевич 1919 жылы Петропавл қаласында туған. 10 класс бiтiрген. 1937 жылы облыстық комсомол комитетінің арнайы шақыруымен авиацияға жiберiледi. 1939 жылы Краснодардың әскери­авиациялық училищесiн бiтiрдi. 1941 жылдың маусымында Ұлы Отан соғысының майданына шықты.

Соғыстың алғашқы күнiн Батыс майданында қарсы алып, жаудың жылжып келе жатқан колонналары мен өткелдерiн бомбалауға ұдайы ұшып барып тұрды. Жау авиациясының аспандағы үстемдiгiне қарамастан, Михеевтiң жауынгерлiк тапсырманы орындамаған кезi болған жоқ.

1941 жылғы қазанның ауыр күндерi фашистiк командование екiншi рет басты шабуылды бастағанда Михеев Мәскеу түбiнде шайқасты. Мұнда әдеттегiдей әскери жоғары шеберлiк көрсетiп, командованиенiң барлық тапсырмаларын орындап шығады. 1941 жылғы 27 қазанда тапсырмадан оралып келе жатқан Михеевтiң ұшағы Истра ауданында немістің бiр топ «Хейнкель­113» ұшақтарымен кездесiп қалады. Аспандағы шайқаста бiр «Хейнкель» атып түсiрiлiп, қалғандары жауған пулемет оғынан бытырай қашты.  Михеевтiң  ұшағына да оқ тиiп, бiр моторы iстен шықты. Сөйтсе де Михеев ұшағын өз жерiне дейiн ұшырып әкелiп, экипажды да, машинаны да аман сақтап қалды. Немiс әскерлерiн Мәскеу түбiнде талқандау кезiнде Михеев қарсыластың екi взвод әскерiн, 15 автомашинасын және оқ­дәрi тиелген 15 керуенiн жойып жiбердi.

1942 жылғы 1 мамырда Михеев жоғары шеберлiкке ие әрi ерiк­жiгерi күштi штурман ретiнде 10­жеке авиациялық алысты барлау полкiне жiберiледi. Мұнда ол барлаушы штурман ретiнде қарсыластың тылын, аэродромдарын, әскерiнiң жылжу бағытын бақылап, Батыс майданы І Әуе Әскеріның командованиесiне бағалы да құнды әрi дер кезiндегi деректердi берiп отырды. Михеев Брянск, Сеща, Шаталов, Боровской, Оңтүстiк және Солтүстiк Смоленск төңiректерiн фотосуретке түсiрiп алды. Оның түсiрген фотосуреттерi бойынша I Әуе Әскері Брянск және Сеща аэродромдарына соққы бердi.

Михеев жаудың алдыңғы шебiн суретке түсiруде асқан шеберлiк көрсеттi. 1942 жылы ол қарсыластың 15­20 километрге дейiн әрбiр бөлiмнiң қандай қорғаныс шебi бар екенiн жердегi командованиеге, әрбiр рота командирiне жеткiзiп отыруды қамтамасыз ету үшiн алғы шептің 4613 шаршы километрiн аэрофотосуретке түсiрдi.

10­жеке авиациялық алыс қашықтықты барлау полкының командирi подполковник Родин Михеевке: «Тапсырманы батыл да дәл орындап, табанды, зениттi­артиллериялық қалың оқтың астындағы алғы шепте жұмыс iстеуге барлаушы­штурманға қажеттi әскери айланы терең меңгерген. Барлауға шыққан әрбiр ұшу сапарын дәл әрi мерзiмiнде орындайды, оның жауынгерлiк тапсырманы орындауына ештеңе де, жаудың артиллериясы да, истребителi де кедергi бола алмайды», деген мiнездеме бередi.

1942 жылғы 26 тамызда Михеев жауынгерлiк тапсырмамен Уколицы, Дурнев, Ожигов, Озерск маңындағы жаудың алдыңғы шебiн аэрофотосуретке түсірiп жүргенiнде немістiң истребительдерi оған екi рет шабуыл жасады. Жауды алдап, жалтара  ұшып,  әрдайым  өз  территориясына  өтiп   кетiп, бағытын өзгертiп, қайтадан тапсырманы орындауға шығып жүрдi. Үшiншi рет қарсыластың қорғанысын суретке түсiрiп, командованиеге табыс етедi.

1942 жылғы 5 қыркүйекте оқ боратып тұрған зенит атысына қарамастан, ол алыс қашықтыққа әрекет ететiн бiздiң авиация үшiн жаудың Смоленск ауданындағы қоймасын, эшелондары толып тұрған «Сортировочная» темiржол станциясын, гитлершiлердiң орталық майданының бас штабын суретке түсiрдi.

1943 жылғы 16 ақпанда Спас­Деменск маңын суретке түсiру туралы I Әуе Әскерінің шұғыл тапсырмасын алған Михеев оны орындауға ұшып шықты. Қарсыластың үдете атқылаған зенит артиллериясы мен немiс истребительдерiнiң атқан оғы тиген Михеевтiң ұшағы бағытынан ауытқып кетедi. Оқ ұшақты он төрт жерден тесiп кеткен едi.

Михеев өз аэродромына оралған жоқ, өз территориясына өтiп, бағытын өзгерткен соң жау тылына бойлай ұшып, екiншi рет оралып келiп тапсырманы орындады.

Кеңес әскері Волхов, Ржев, Зубцов, Погорелое Городище аймағында жүргiзген операциялардың жүзеге асуына көмегi көп болған аэрофотосуреттер көптен пайдаланылды. 1941 жылғы 22 маусымнан 1943 жылға 6 наурызға дейiн Михеев 114 рет жауынгерлiк  тапсырмамен  ұшып,  оның  104­iн  ойдағыдай  орындап  шықты.  Соның  iшiнде  бомбалауға 27 рет ұшып шығып, бәрiн де ойдағыдай орындаса, алыс қашықтыққа 87 рет ұшып, 77 ретiнде тапсырманы орындады. Осы уақыт iшiндегi әскери iс­қимылдары үшiн 1942 жылғы 23 маусымда Михеев Қызыл Жұлдыз орденiмен марапатталып, 1943 жылғы 24 мамырда КСРО Жоғарғы Кеңесi Төралқасының Жарлығымен Кеңес Одағының Батыры атағы берiлiп, Ленин орденi мен «Алтын Жұлдыз» медалi қоса тапсырылды. Кеңес Одағының Батыры атағын алған капитан Михеев Дорогобуж, Ярцев, Ельня, Спас­Деменск аймағындағы қорғаныс және алдыңғы шептердi фотосуретке түсiрудi еселенген жiгермен жүргiздi. Осынау тапсырмаларды үлгiлi орындағаны үшiн 1943 жылы тамызда бiрiншi дәрежелi Отан соғысы орденiмен марапатталды.

Майдан шебi алыстап, бейтаныс жерлер көбейген сайын командованиеге алыс қашықтағы авиабарлау қызметiнiң деректерi көбiрек керек бола бастады. Әрбiр ұшу сайын шыңдалған шеберлiгiн Михеев те ұштай түседi. Тұрақты түрде өзiнiң iскерлiгi мен шеберлiгiне сенген ол жаудың алыс тылына ұшып барып, аэрофотосуреттер түсiре бердi. Бiрақ 1945 жылғы 5 ақпанда, Жеңiс жақындап қалған кезде Михеев кезекті тапсырмадан оралмады.

Оның iсi – мәңгілік, оның есiмi – мәңгiлiк. Ол еш уақытта ұрпақтар жадынан өшпейдi.

«Есімдері ел есінде», құрастырған Абай Тасболатов

Бөлісу:
Telegram Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға