Жаңалықтар

Михаил Штир: Қазақ тілін ана тіліміз ретінде сөйлеп өстік

Михаил Штир: Қазақ тілін ана тіліміз ретінде сөйлеп өстік
Фото: Коллаж El.kz 01.03.2025 12:30 113

Қазақстан халқы ассамблеясының 30 жылдығы мен 1 наурыз Алғыс айту күнін атап өту — еліміздегі түрлі этнос өкілдерінің бірлік пен татулықта өмір сүріп жатқанын тағы бір мәрте айшықтайды. Бұл атаулы күндер әсіресе Қазақстандағы түрлі этнос өкілдері үшін ерекше мәнге ие. Өздерінің жүрек жарды алғыстарын білдіріп, қазақ халқына құрметін көрсетеді. Осы ретте  El.kz тілшісі қазақ еліне деген құрметі шексіз Михаил Штирмен тілдесіп, әңгіме өрбітті.

Қазақ еліне келген әрбір этнос өкілінің өз мәдениетін, тілі мен дәстүрін сақтап, тыныштық пен келісімде өмір сүруі еліміздің көпұлтты болашағына деген үлкен үлесі болып табылады. Михаил өзін қазақпын деп санап, бала күнінен туған тіл қазақ тілі деп сөйлеп келе жатқанын айтады. Бүгінде Михаил Штир Ақмола облысы, Зеренді ауданы «Дихан Плюс» ЖШС-нің бас энергетигі болып жұмыс істейді. Ал жұбайы мектепте орыс ітілі пәнінен сабақ береді.

Михаил Штир: Қазақ тілін ана тіліміз ретінде сөйлеп өстік

El.kz

Жалпы біз үйде қазақ тілінде де сөйлесеміз. Бала кезімізден қазақ тілін ана тіліміз ретінде үйреніп, өзіміздің ата-анамызбен қазақша сөйлескенбіз. Әке-шешеміз бен ағаларым қазақша сөйлейтін. Өзге ұлт өкілдеріне, әсіресе қазақ халқына деген құрметіміз шексіз, себебі олар бізге әрдайым қолдау көрсетіп келеді, – дейді. 

Михаил Қазақстандағы достық, этностар арасындағы қарым-қатынастың өте маңызды екенін жеткізді.

Қазақ халқы ешқашан жамандық жасаған емес, керісінше тек жақсылық пен бақытта өмір сүріп келеміз. Қазақстанда біз барлық ұлт өкілдерімен бірлік пен ынтымақтастықта өмір сүрудеміз. Алғыс айту күні — бұл өзіміздің құрметімізді білдіру үшін тамаша мүмкіндік. Қазақ халқына осындай қолдау көрсетіп, бізді бірдей көруі үшін үлкен алғыс айтамын. Біз ешқашан айырмашылықты сезінбейміз, орысша, қазақша сөйлесек те, бәріміз Қазақстанның азаматымыз, – дейді ол.

Ол сондай-ақ ата-бабалары 1941 жылы Ресейдің Саратов облысынан қазақ жеріне қоныс аударғанын тілге тиек етті. Айтуынша, бабалары соғыс кезіндегі қиыншылықтардан кейін Қазақстанға орналастырылған.

Баянауыл мен Жамбыл аудандарына көшіп келді. Атамекенімізге келген соң, біз қазақ тілін үйрене бастадық. Баянауылда қазақша мектеп болғандықтан, біз 3-ші сыныпқа дейін қазақша оқыдық. Кейін Ақмола облысына көшіп, орысша білім алдық. Ата-бабаларымыз осы Қазақстанға келгенде қазақ елі көмектесіп, үй беріп, барынша көмектесті. Сол үшін алғыс айтамын. Қазақ халқы тек бақытты өсір сүрсін. Еліміз өсіп-өркендей берсін, – дейді Михаил Штир.

Қазіргі уақытта, геосаяси жағдайлар ушығып жатқанда, кейбір адамдар әлеуметтік желі арқылы ұлт арасына іріткі салуға тырысады. Осы ретте Михаилдің пікірін білдік.

Менің көзқарасым бойынша, Қазақстанда барлығы бірге өмір сүруде, бәріміз бір халықпыз. Қай тілде сөйлесек те, біздің еліміз — біртұтас. Біз – жас отбасымыз. Бір баламыз бар. Ол қазір орысша мектепте оқиды. Бірақ біз қазақ тілінде де сөйлесеміз, сол тілде тәрбиелейміз, – деді.

Жас отбасы Қазақстанда өмір сүріп жатқан соң, қазақ тілін үйрену басты міндет деп санайды.

Үйде қазақ салт-дәстүрін ұстанамыз. Қазақтың көптеген әдет-ғұрыптарын сақтауға тырысамыз. Мысалы, соғым сою, құдалық, Наурыз тойы, Құрбан айт сияқты мейрамдарды тойлаймыз. Бұл — біз үшін маңызды, себебі бұл дәстүрлер біздің ұлттық болмысымызды сақтап, мәдениетімізді ұрпақтан-ұрпаққа жеткізуге мүмкіндік береді. Анам татар болғасын сол себепті біздің үйде мұсылмандық әдет-ғұрыптар да орын алады. Бірақ қазақтың дәстүрлері мен салттарын құрметтеп, оларды үнемі ұстануға тырысамыз, – дейді Михаил Штир.

Сөз соңында ол Қазақстан халқы ассамблеясының 30 жылдығы мен 1 наурыз Алғыс айту күнімен құттықтап, жылы лебізін білдірді.

Мен қазақ халқына үлкен алғыс айтамын. Қазақстанда барлық ұлт өкілдері еркін өмір сүріп, білім ала алады. Бұл мүмкіндіктері үшін қазақ халқына мың рақмет! Тек қана бақыт, тыныштық болсын. Еліміз әріқарай өркендей берсін, – деді Михаил Штир.

Бөлісу:
Telegram Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға