Жаңалықтар

Миграциялық саясатты қатаңдату: Қазақстанның АҚШ-тағы елшілігі мәлімдеме жасады

Миграциялық саясатты қатаңдату: Қазақстанның АҚШ-тағы елшілігі мәлімдеме жасады
Фото: ©El.kz/Ербол БЕКБОЛАТ/Midjourney 27.01.2025 10:35 245

Қазақстанның АҚШ-тағы елшілігі маңызды мәлімдеме жасады. Онда шекара қауіпсіздігін нығайту және заңсыз миграцияны азайту мақсатында миграциялық саясатын барынша қатаңдатылып жатқаны ескертілген, деп хабарлайды El.kz ақпарат агенттігі.

Шекара қауіпсіздігін нығайтуға және заңсыз миграцияны азайтуға бағытталған шаралар елге заңсыз келген шетелдіктерге (визасыз келген және тұрақты тұруға рұқсаты жоқ азаматтар) және АҚШ-та заңсыз жүрген мигранттарға қатысты болып отыр. Қамауға алу және елден шығару сынды мәжбүрлеу шараларымен қатар, АҚШ-қа қайта кіруге шектеулер енгізіліп, сондай-ақ әлеуметтік көмек, жұмыс істеуге рұқсат беретін құжаттар мен басқа да әлеуметтік жеңілдіктерді жою қарастырылуда, - делінген мәліметте.

Сонымен қатар АҚШ билігі заңсыз негізде жүрген шетелдіктерге (құжаты жоқ, жарамсыз виза мен тұрақты тұруға рұқсаты (Грин Карта) және басқа құжаттар болмауы) елден өз еркімен кетуге мүмкіндік беріп отырғаны айтылды.

Бұл шара Қазақстан азаматтарының депортацияға ұшырау қаупін азайтуға және оның салдарынан болашақта АҚШ визасына өтініш бергенде ел аумағына кіруге тыйым салынуынан сақтануға көмектеседі, - деп қосты елшілік.

Тағы бірқатар өзгерісті атап өтуге болады:

«Мексикада қалыңыз» саясаты қайта енгізілді, яғни мигранттар және саяси баспана сұрайтындар миграциялық сотқа шақырғанға дейін Мексикада қалуға міндеттеледі;

«Ұста да жібер» (catch and release) шарасы тоқтатылды. Бұл АҚШ шекарасынан заңсыз өткен мигранттар ісі қаралмайынша қамауда болатындығын білдіреді. Оларды арнайы орталықтарға қамап, немесе бірден келген елдеріне қайтаратын болады.Сонымен қатар азаматтар үшінші елдерге де жіберілуі мүмкін (мысалы, «Мексикада болу» бағдарламасы бойынша);

Шартты түрде уақытынан ерте босататын немесе АҚШ-қа кіруге алдын ала жеңілдіктер қарастырылған «CBP One» мобильдік қосымшасы жұмысын тоқтатты.

АҚШ көші-қон заңнамасындағы өзгерістер туралы ресми ақпаратты келесі ресурстардан бақылап отыруды ұсынамыз:

- АҚШ азаматтығы және иммиграция қызметі (USCIS);

- АҚШ Мемлекеттік департаменті - Консулдық мәселелер бюросы

Бөлісу:
Telegram Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға