Жаңалықтар

Межеге екі жыл қалды

Межеге екі жыл қалды
03.07.2018 04:58 1861

Мемлекеттік тіл қашан өз тұғырына қонады? Қазақ тілінің қолданыс аясын кеңейту үшін не істеу керек? Қандай қадамдарға барған жөн? Егемендіктің 26 жылында күн тәртібінен түспеген мәселе қашан толыққанды шешімін табады? Бұдан бұрын қабылданған 2005-2011 жылдарға арналған бағдарлама негізінде облыс, аудан әкімдіктерінен бастап министрліктердің іс-қағаздары кезең-кезеңімен мемлекетттік тілге толығымен көшуі тиіс болатын. Тіпті, бағдарлама жемісті жүзеге асқанда, Үкімет қазақ тіліне 2009 жылы-ақ көшіп, құжаттары түгелдей ана тілінде сарнауы керек-ті.

Бұдан соң «Тiлдердi қолдану мен дамытудың 2011-2020 жылдарға арналған мемлекеттiк бағдарламасы» жалғасын тапты. Бұл бағдарламаның да тәмамдалуына екі жыл қалды. Бұл бағдарлама да толғауы тоқсан ана тiлiмiздің тынысын ашып, түйiнін тарқата алды ма?

Бағдарламаны әзiрлеуде тiл саясатына қатысты әлем тәжiрибесi зерделенген. Ең басты ерекшелiгi — қазақ елiнiң азаматы балабақшадан бастап жоғары оқу орнын бiтiргенше тiлдi үзбей оқитын болады. Екiншiден, тек қана оқушылар, студенттер ғана қамтылып қоймай, сонымен бiрге барлық мемлекеттiк қызметшiлерге, сондай-ақ, халықпен тiкелей қоян-қолтық жұмыс iстейтiн барлық кәсiп иелерiне мемлекеттiк тiлдi белгiлi бiр деңгейде бiлу мәселелерi де көзделген. Бұл мақсатты жүзеге асыру үшiн ең алдымен мемлекеттiк тiл туралы Заң қабылдау керек.

Жаңа бағдарлама бойынша, мемлекеттік тілде сөйлейтіндердің санын 2020 жылы 95 пайызға жеткiзу межеленді. «Қазақ тiлiнде сөйлеу томаға-тұйықтықтың, орыс тiлiн бiлмеудiң, керек десеңiз, артта қалғандықтың белгiсi ретiнде қарастырылып келедi. Ендi қоғамның әрбiр саласында қыстырылмай-қымтырылмай қазақ тiлiнде емiн-еркiн сөйлеуге бет бұру керек. Бұл қажеттiлiктi өмiрдiң өзi дәлелдеп отыр» деген кезінде Мәдениет министрі болған Мұхтар Құл-Мұхаммед мырзаның пікірі әлі де өзекті.

Қазақстан қоғамындағы тіл мәдениетінің төмендеуі аспектісі бойынша, терминология, антропонимика және ономастика салаларындағы мәселелер, сөйлеу мәдениеті мен жазу жүйесін жетілдіру қажеттілігі, сондай-ақ толерантты тілдік орта құру мәселесі лингвистикалық кеңістіктің одан әрі дамуы жолында айтарлықтай қиындықтар туындатты. Ал, қазақстандықтардың лингвистикалық капиталын сақтау және нығайту қажеттілігі аспектіде бәсекелестік басымдығы ретінде орыс тілін меңгеру деңгейін сақтауға, Қазақстан мәдениетінің тілдік әралуандығын қалыптастыратын этностардың тілдерін дамыту үшін жағдай жасауға және халықаралық іскерлік қарым-қатынас құралы ретінде ағылшын және басқа да шет тілдерін оқып-үйренуге байланысты проблемалар жиынтығы бар. Осы проблемаларды шешудің және нормативтік-құқықтық базаны жетілдірудің басым қажеттілігі бағдарламаның мынадай мақсаттары мен міндеттерді көздейді.

Білім беру жүйесінің барлық сатыларында мемлекеттік тілді білу деңгейін бағалау және бақылау жүйесін жетілдіру мәселесін пысықтау көзделеді. Қазақ тілі мемлекеттік аралық бақылау (МАБ) мен ұлттық бірыңғай тестілеудің (ҰБТ) қажетті және міндетті құрамдас бөлігіне айналуға тиіс.

Қазақ тілін үйренуге мүдделі барлық тұлғаларға кеңінен мемлекеттік қолдау көрсету көзделген. Осы шаралардың қатарында мемлекеттік тілді оқыту орталықтарының жанынан білім деңгейі бойынша тегін курстар ұйымдастыру, сондай-ақ, осы жұмысқа мемлекеттік-жекеше серіктестік әдістерін қолдану қарастырылған.

Сонымен қатар, оқытудың инновациялық түрлері мен әдістемелерін әзірлеу арқылы қазақ тілін қашықтан оқытуды кеңінен енгізу көзделеді. Шетелдегі қазақ диаспорасының өкілдеріне ана тілін меңгеру үшін саяси-дипломатиялық, әдістемелік және ұйымдастырушылық қолдау көрсетілетін болады. Сонымен қатар, отандастар мәселелері бойынша сараптамалық және зерттеу жұмыстарының жүйесі ұйымдастырылады.

Бірінші, мемлекеттік тілді қолдану мәртебесін арттыру. Бұл міндетті іске асыруға қоғамдық санада мемлекеттік тілде сөйлеушінің беделді бейнесін қалыптастыру және орнықтыру арқылы қол жеткізіледі. Осы бағыттағы негізгі рөлге PR-технологиялар ие болады. Бұл үшін мемлекеттік тілді көпшіліктің қолдануына қол жеткізу және насихаттау жөніндегі арнайы жұмыстарды ұйымдастыру көзделеді. Нысаналы аудиториялардың негізгі ерекшеліктерін ескере отырып, бірқатар үлгі тұтарлық бейнелер мен модельдерді әзірлеу негізінде мемлекеттік тілде сөйлеушінің беделді бейнесін қалыптастыру жөніндегі жұмыста табысқа жеткен, мәртебелі тұлғаларды, оның ішінде мемлекеттік және басқа да тілдерді білетін өзге ұлт өкілдерін тарту көзделеді.

Аталған жұмыстар жиынтығы, сондай-ақ, мемлекеттік тілде сөйлеушінің беделді бейнесін қалыптастыру процесіне мемлекеттік әлеуметтік тапсырыс тетігі мен мемлекеттік ақпараттық тапсырыс негізінде бұқаралық ақпарат құралдары арқылы үкіметтік емес сектордың шығармашыл әлеуетін тартуды талап етеді.

Жоспарланып отырған шаралар қатарында Интернетті қоса алғанда, БАҚ-тың барлық түрінде мемлекеттік тілді көпшіліктің қолдануына қол жеткізетін үлгі тұтарлық бейнелерді медиалық ротациялау, көпшілікке арналған мерзімді басылымдарды шығаруды, негізгі нысаналы аудиториялар үшін көрнекі және имидждік өнімдер шығара отырып, көрнекі үгіт құралдарының PR іс-шаралар кешенін ұйымдастыруды қамтамасыз ету. Мемлекеттік тілді көпшіліктің қолдануына қол жеткізу жөніндегі жұмысқа бірлескен акциялар өткізу арқылы мемлекеттік-жекеше серіктестік әдістерін тарту көзделеді.

Мемлекеттік тілді отбасы құндылығы ретінде көпшіліктің қолдануына қол жеткізу аталған жүйенің маңызды құрамдас бөлігі болып табылады. Қазақ тілінде сөйлейтін, оның ішінде ұлты қазақ емес танымал отбасыларын және шетел диаспорасы өкілдерін РR жұмысына тарту арқылы мемлекеттік тілді отбасындағы қарым-қатынас тілі ретінде көпшіліктің қолдануына қол жеткізу жөнінде ауқымды науқан ұйымдастыру көзделеді. Сонымен қатар, қоғамдық пікір көшбасшыларын тарта отырып, ақпараттық-идеологиялық сипаттағы шаралар кешенін — ақпараттық және қоғамдық науқандар, ірі қоғамдық қозғалыстар, акциялар мен жобалар ұйымдастыру талап етіледі.

Биыл «Тiлдердi қолдану мен дамытудың 2011-2020 жылдарға арналған мемлекеттiк бағдарламаның» 2017-2020 жылдарға арналған үшінші кезеңі басталды. Бірінші, қоғамдағы мемлекеттік тілді меңгерудің әркелкі деңгейіне келсек, бұл проблемалы аспект мемлекеттік тілді оқытудың бірыңғай әдіснамасы мен стандарттарының, қазақ тілі оқытушылары мен мамандарының даярлық деңгейінің төмендігімен, қазақ тілін оқыту инфрақұрылымы қызметінің бірыңғай стандарттарының болмауымен, мемлекеттік тілді меңгеру процесін ынталандыру және мониторинг жасау жүйесінің болмауымен тікелей байланысты. Екіншіден, елдің әлеуметтік-коммуникативтік кеңістігіне мемлекеттік тілдің жеткіліксіз енгізілуі. Бұл бағыттағы мәселелер, ең алдымен, халықаралық коммуникациялар, демалу мен ойын-сауық саласында мемлекеттік тілді белсенді қолдану аясының кеңеюіне, оны заңның, ғылымның және жаңа технологиялардың тілі ретінде дамытуға байланысты. Сонымен қатар, мемлекеттік тілді қолданудың мәртебесін арттыру, оны отбасы құндылығы ретінде таныту сияқты жайттар ескерілуі тиіс.  

Мемлекеттік тілге сұранысты арттыру мәселесіне келсек, мақсатқа қол жеткізудің екінші міндеті мемлекеттік тілдің қолданылу аясын кеңейту, қоғамның тыныс-тіршілігінің барлық саласына кіріктіру. Осы бағытта қазақ тілінде хабар тарататын жаңа телевизиялық арналар құру арқылы тілдік ортаны қалыптастырудағы БАҚ-тың рөлін күшейтуге ерекше назар аударылуда. Бұл ретте цифрлы телерадио хабарларын таратуды енгізу арқылы айрықша мүмкіндіктер ашу көзделмек. Сондай-ақ, балалар мен жастарға арналған қазақ тіліндегі контентті кеңейту, арнайы оқыту бағдарламаларын жасап, фильмдер түсіру арқылы мемлекеттік тілді оқыту процесін ұйымдастыруда медиа саласының әлеуетін белсенді пайдалану қажет. Қазақ тіліндегі интернет-ресурстарды мемлекеттік қолдау жүйесі арқылы қазақ тілді БАҚ-тарға жүйелі қолдау көрсету де негізгі аспект болып саналады.

Тілдерді қолдану мен дамытудың 2011-2020 жылдарға арналған мемлекеттік бағдарламасының» орындалу барысы Үкімет отырысында жиі талқыға салынады. Мәдениет және спорт министрі Арыстанбек Мұхамедиұлының айтуынша, жыл сайынғы жүргізілген зерттеулер нәтижелері тұрғындардың мемлекеттік тілді меңгеруінде оң өзгеріс көрсеткен. «2017 жылы мемлекеттік тілді меңгерген тұрғындардың үлесі 83,1 пайызды құрады. 2016 жылы көрсеткіш біршама төмен болатын. Үш тілді меңгерген ересек тұрғындар үлесі 22,3 пайызды құрады», — деді министр.

Үкімет басшысы Б. Сағынтаев: «Тілдерді қолдану мен дамыту бағдарламасының өткен жылғы нәтижесі жаман емес. Мемлекеттік бағдарламаны іске асырудың есептік кезеңдегі мониторингі оң үрдістің бар екенін көрсетіп отыр. Белгілі нәтижелерге қарамастан назар аударатын кейбір мәселелер бар. Біріншіден, халыққа қазақ тілін ақысыз, тегін үйрететін курстардың жұмысын белсенді жандандыру қажет. Сонымен қатар, өзге тілдерді оқытып, үйрететін курстардың қолжетімділігін арттыру, оның ішінде интернет, ақпараттық ресурстар арқылы үйретуге айрықша көңіл бөлінуі тиіс. Бұл Мәдениет және спорт министрлігі мен жергілікті атқарушы органдардың жұмысы», — деді. Үкімет басшысының айтуынша, тілдерді үйрену мен қолдануға және арнайы әдебиеттерді жарыққа шығаруға мемлекеттік бюджеттен қомақты қаражат бөлінді. Осыған байланысты халықтың арасында кеңінен сұранысқа ие заманауи оқу әдістемелік құралдарды, балалар кітаптарын басып шығару керек. «Екіншіден, қазақ тілінің латын графикасына көшуін іске асыру мақсатында түсіндіру жұмыстарын белсенді жүргізу қажет. Әліпбидің кезең-кезеңімен көшуі бойынша тиісті іс-шаралар жоспары бекітілді. Осыған байланысты барлық мемлекеттік органдар мен ұйымдарға іс-шаралар жоспарының дер кезінде орындалуын қамтамасыз етуді тапсырамын», — деді Б. Сағынтаев. 

Мәселен, қазақы ортасы жоқ Ақмола облысындағы тілдерді оқыту орталықтарында 2015-2016 оқу жылының өзінде облыс бойынша 4 мыңнан астам адам мемлекеттік тілді және 400-ге жуығы ағылшын тілін оқыған. Облыстық тілдерді дамыту басқармасы басшысының айтуынша, мемлекеттік тілді үйренуге ниет білдірушілер саны жыл сайын артып келеді. Қазіргі таңда облыстың барлық аймақтарында мемлекеттік және ағылшын тілдерін үйрететін оқыту орталықтары бар.

Облыстық тілдерді дамыту басқармасының мәліметтеріне сай, бүгінде облыстағы басылым беттеріндегі 35 айдар мемлекеттік тілді насихаттауға бағытталған, ал, білім саласына келетін болсақ, бүгінде облыс бойынша таза қазақ тілінде оқытатын 161 мектеп пен 176 мектепке дейінгі мекеме, 1 орта арнаулы оқу орны бар. Аталған мекемелер мен оқу орындарында қазақ тілінде білім алып, тәрбиеленіп жатқан балалардың саны жыл санап артуда.

Тіл — ұлттың ұлт екенін көрсететін ең басты белгі. Қай қоғамда болмасын, тіл әр уақытта біріктіруші, ұйымдастырушы фактор қызметін атқарған. Оның түрлі салалары да тиесілі бағасын алып, тілдің қолданылу аясын кеңейтіп келеді. Тіл мәселесі қашанда басты назарда тұрды. Өйткені, қоғамның ілгері дамуы да, мәдениеттің өркендеуі де тілмен тығыз байланысты. Сондықтан да, еліміздегі барша халық тіліміздің көсегесін көгертіп, мерейін асқақтатуы тиіс. Себебі, қазақ тілі өзін Қазақстанның патриотымын деп санайтын әр азаматтың тілі.

«Тiлдердi дамыту мен қолданудың 2011-2020 жылдарға арналған мемлекеттiк бағдарламасының» аяқталуына екі жыл қалды. Тоғыз жылда неге қол жеткіздік, неден мүлт кеттік? Бүгінгі күнге дейін өз тұғырына орнықпаған қазақ тілі мәселесі айналдырған екі жылда шешімін таба ма? Уақыт — төреші. Бұл күн де алыс емес. 

Материалды көшіріп жариялау үшін редакцияның немесе автордың жазбаша, ауызша рұқсаты қажет және Қазақстан халқы Ассамблеясы порталына гиперсілтеме берілуі тиіс. Авторлық құқық сақталмаған жағдайда ҚР Авторлық құқық және сабақтас құқықтар туралы заңымен қорғалады. Авторизация бойынша assemblykz.2016@gmail.com мекен-жайына хабарласыңыз.

Бөлісу:
Telegram Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға