Жаңалықтар

Мейрам түсінігі

Мейрам түсінігі
26.11.2015 12:13 7708

Мейрам кез-келген мәдениеттің негізгі құндылықтарын сипаттайтын феномен. Оның мифологиялық, діни, ойындық және тағы басқа түсініктемелері бар.

Мейрам түсінігі

Мейрам күнделіктілікке қарсы қойылады, өйткені оның сауықтық кеңістігінде адам күйбең, бірсарынды тіршілігінен қысқа мерзімге арылып, мәңгілік құндылықтарды сезінеді де, өз өмірінің мәнді екенін түсінеді. Әрбір мейрамның өзінің қоғам өміріне әсер етеіндей рөлі бар. Мысалы, 1 мамыр – елді бірлікке, ынтымақтастыққа шақырса, 22 наурыз күні халықтың санасында мәңгілік идеялары мен құндылықтар айқындалады.

Қазақ халқының мәдени мұрасы бай екені сөзсіз. Шежіресі мен қолөнері, ата кәсіп шеберлігі мен саяткерлігі, айтысы мен жыр-толғауы, қарым-қатынастық мәдениеті мен өнері және мерекелік мәдениет ғасырлар сынағынан өтіп реттеушілік, тәрбиелік мәнін жоймай келеді. Аталған мәдени құндылықтардың ішінде құрылымы жағынан синкреттік сипат алған салт-дәстүрімізге негізделген той-думандар мен жаңадан өз орнын тауып келе жатқан мейрамдар ерекше орын алады. Жан-жақты тәрбиелік мәні бар дәстүрлі мәдениетті заманауи рухани қажеттілігіне орынды қолдану арқылы ой-сана қалыптастырып, өмір-салтының ұлттық сипатын жоймау, мәдени сабақтастығын жалғастыру үшін, той-думандар мен мейрамдардың тарихи қалыптасуы мен қазақ мәдениетіндегі орнын анықтау дипломдық жұмыстың міндеті ретінде белгіленді.

Қазіргі ғылыми энциклопедияларға сүйенсек, бұрынғы заманда мейрам қандай рөл атқарса, қазір де сондай адам өміріндегі маңызды рөлді иеленеді. Мейрам мемлекет тарихындағы ең маңызды ұлттық құндылықтармен байланысты. Мереке адамның күнделікті өмірінде үзіліс жасап, қуаныш пен көңіл-күйді жақсартып, ең бастысы - адамның жеке эмоциясын көпшілік ортада сыртқа шығарады. Мерекелерге талдау жасаған кезде, олар әр кезеңге сәйкес тарихи құндылық болып қалыптасатынын байқадық. Тарихи оқиғаларды еске түсіру және олардың маңыздылығын ретрансляциялау арқылы мереке әдет-ғұрыптарды атадан балаға мұра ретінде қалуын қамтамасыз етеді. Сонымен қатар, көптеген елдің тәжірибесіне келетін болсақ, мереке бұл – тек қана мейрамдату емес – ол тән мен жанның тынығуы, адамның өмірінің қуанышы.

Мерекенің басты қызметі – қоғамдық ынтымақтастықты нығайту. Кез-келген деңгейдегі мерекелiк спектакль отбасылық мерекенiң түрi бойынша құрылады, сонымен бірге адамдар арасындағы ықпалдастықты күшейтуге талпыныстар жасалынады. Мысалы, басқарушыны бағынушыларға, елбасын халыққа жақындатады. Яғни, әлеуметтiк бірегейлікті қалыптастырады.

Жалпы алғанда Қазақстандағы мереке немесе мейрам, мәдениеттің әмбебап және маңызды феномені ретінде, ұлттық, мемлекеттік және кәсіби мерекелер арқылы қоғамның құндылықтар жүйесін біріктіріп, сонымен қатар мемлекеттің және оны мекендейтін халықтардың өркениеттер арасындағы орнын анықтайды. Қазіргі кезде, күнтізбелік мерекелерге жататын Наурызбен қатар, Қазақстанда діни мерекелер (Ораза, Құрбан айт, Мәуліт, Мираж), халықаралық мерекелер (Жаңа жыл, 8 наурыз, Женіс күні) және тәуелсіздік алу аясында пайда болған мерекелер аталуда.

Мейрам көнерген сайын, оның тарихи, мәдени, рухани қатпарлары көбейе түседі. Осыған дәлел – Наурыз мерекесі. Дегенмен мерекелік мәдениетте әрқашан өзгеріс орын алады. Бір мейрам кеткенімен оның орнын басатын жаңа мейрамдар келеді. Себебі қоғам сондай болғанын талап етеді. Бірте-бірте буындар алмасқаннан кейін, ол мерекелер жойылуы да мүмкін және атын өзгертіп қалып қоюы да мүмкін. Кез-келген мереке табиғи түрде, яғни қажеттіліктен пайда болады. Құндылықтар жүйесі өзгерген сайын, уақыт кейбір мерекелердің кетуіне, оның қажетсіздігін мойындауға мәжбүрлейді. Мысалы, бірден жастар арасында ұмыт болған Қазан төнкерісі күні. Оның себебі халықпен ешқандай байланысы болған жоқ. Коммуникативті естелік қысқа мерзімді болғандықтан, қажетсіз мейрамдар жаңа мерекелік практикаларға орнын босатады.

Жоғарыда айтып кеткендей, тарихи-мәдени қалыптасу барысында мерекелік мәдениет қоғам, ұжым, жеке өмірдің барлық саласын қамтитын дәрежеге жетті. Бұл қоғамдық қажеттілікке айналғандықтан, осы саланы басқаратын басқарма бөлімдер құрылды. Қоғамның рухани өмірінің жетілгендігінің белгісі ретінде мерекелер өткізетін арнайы ғимараттар салынып, сәулеттің жаңа нысандары құрылды.

Мейрамдар - ұлттық сананың бір көрінісі, керек десеңіз ұлттық идеямен сарындас. Сондықтан ұлттық идеяны тұғырлы ету үшін ұлттық мейрамдарды өз нақышына келтіріп лайықты дәрежеде тойлай білу керек және жаһандану жағдайында ұлттық бірегейлікке айналдыруымыз парыз.

Қорыта айтар болсақ, жалпы халықтық дәрежеде мерекеленетін көшпелілік ортада туған саусақпен санарлық қана мейрамдарымыз бар екен, солардың бірі Наурызды тұғырына қондыра алдық, ал қалған мейрамдарды дәстүрлі түрде немесе жаңарту арқылы өз дәрежесінде тойлау уақыт еншісінде. Дәстүрлі мейрамдармен қатар, егемендік алу аясында құрылған мерекелер әлі де өз тұғырын бекітетіні анық. Олардың тәуелсіз Қазақстанның ұлттық бірегейлігін қалыптастыруға бағытталған міндеттері қазіргі кезде де жүзеге асуда.


Құндыз ХАИРҒАЛИЕВА

Бөлісу:
Telegram Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға