Жаңалықтар

Мессенджер арқылы есірткі тарату: қылмыстық топтың 11 мүшесі ұсталды

Мессенджер арқылы есірткі тарату: қылмыстық топтың 11 мүшесі ұсталды
Фото: © Polisia.kz 27.06.2023 09:18 704

Қылмыстық топ мессенджер арқылы Астана, Көкшетау және Қарағандыда есірткі өткізу арнасын жолға қойған. Бұл туралы Polisia.kz сайтына сілтеме жасай отырып El.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.

Ұйымдасқан қылмыстық топтың мүшелері сәуір айында құрықталды. Үш қалада 11 қылмыскер ұсталып, тоғыз мекенжай бойынша қызметтік-іздестіру иттерін тарта отырып тінту жүргізілген.

Ұйымдасқан қылмыстық топтың әрбір қатысушысының өз рөлі болған. Яғни біреулер есірткіні буып-түю, сақтау, тасымалдау немесе таратумен айналысса, басқалары топтың ақшалай кірістері мен шығындарын бақылаған.

Қылмыскерлердің бірі қылмыстық бизнеспен қамтылған қалалар бойынша есірткінің аса ірі партияларын сақтауға және тасымалдауға жауапты болды. Ал екіншісі қаржылық кірістер мен шығындарды бақылау үшін топтың мүшелеріне “жалақы” төлеумен, “жоғалған” есірткілер үшін айыппұлдар салумен айналысқан, - делінген мәліметте.

Қылмыстық топ мүшелерінің бірі есірткі сатылатын интернет-арналардың жұмысын қамтамасыз еткен. Сондай-ақ ол жаңа клиенттерді тартумен айналысып, онлайн-конкурстар, ұтыс ойындары мен акциялар өткізген.

Топ мүшелерінің бірі кәмелетке толмаған колледждің екінші курс студенті екені расталды.

Заңсыз айналымнан үш килограмм есірткі тәркіленді. Қылмыстық іске заттай дәлел ретінде ұлттық және шетел валютасындағы қаражат, қылмыстық әркетте пайдаланылған ұялы телефондар, ноутбуктер, сим-карталар қоса тіркелді. Есірткі сататын үш интернет-дүкеннің жұмысы тоқтатылды.

Ұйымдастырушыға және есірткі бизнесіне қатысушыларға аса ірі мөлшерде есірткінің заңсыз айналымынан басқа ҚР ҚК-нің 262-ші “Ұйымдасқан топты құру, оған басшылық ету және қатысу” бабы бойынша айып тағылып отыр. Мүлкі тәркіленіп, он екі жылға дейін бас бостандығынан айыру жазасы көзделеді, – деді ҚР ІІМ есірткі қылмысына қарсы іс-қимыл департаменті бастығының орынбасары Асқар Мұхаметқалиев.

Бөлісу:
Telegram Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға