Жаңалықтар

Мерзімді басылым мерзімінде жетпейді: Газеттерді тарату мен сатуға қатысты өзгерістер қажет

Мерзімді басылым мерзімінде жетпейді: Газеттерді тарату мен сатуға қатысты өзгерістер қажет
Фото: El.kz/Арман МҰХАТОВ 06.02.2025 16:28 121

Мәдениет және ақпарат министрлігінің кеңейтілген алқа отырысында Сенат депутаты Бибігүл Жексенбай мерзімді басылымдарды тарату мен олардың сатылым жүйесіндегі түйткілдерге назар аударып, «Қазпошта» АҚ қызметі мен газет дүңгіршектерінің мәселелерін шешу жөнінде нақты ұсыныстарын жеткізді, деп хабарлайды El.kz ақпарат агенттігі.

Баршаңызға мәлім, мерзімді басылымға жазылу «Қазпошта» АҚ жүйесі арқылы жүзеге асады. Бұл ретте бір дананың қол қою құны пошта қызметі (пошташының адресатқа хат-хабарды жеткізуі) мен газет-журнал өнімдерін шығаруға арналған басылым шығысы есебінен қалыптасады. Бұл жүйе он жылдың көлемінде өзінің  тиімділігін көрсете білді. Бірақ соңғы кезде біраз олқылықтардың орын алғанын айтпай кетуге болмас. Дәлірек айтқанда, пошта өз міндетін тиісті деңгейде орындай алмай отыр, яғни мерзімді басылымдар оқырманға газет басылымы шыққан күні емес, аптасына бірнеше рет, кейде екі аптада бір, жиналып жеткізілетін болды. Бұл мәселе, әсіресе, газеттер үшін тиімсіз, - дейді депутат.

Бибігүл Жексенбайдың сөзінше, газеттер мен журналдар белгілі бір мерзімде шығарылады. Мысалы, газет аптасына екі-үш рет шығады. Сол себепті де ол мерзімді басылым деп аталады. Газет оқырманға бір апта немесе екі аптаға кешіктіріліп жеткізілсе, «мерзімді баспа» ұғымына кереғар. Оған қоса газеттің имиджі зардап шегеді. Ешкімнің ескірген жаңалықты оқығысы келмейтіні анық. Газет шыққан күні жарияланған мақаланың өзектілігі сол күнге ғана жарамды.

Осылайша біздің газетке жарты жылға, тіптен бір жылға жазылып қойған оқырмандар пошта қызметінен бас тартып, мерзімді басылымды бөлшек сауда желісі арқылы, яғни дүңгіршектерден немесе стационарлық сату орындарынан сатып алуды жөн көріп отыр. Басылым уақытылы жеткізілмегендіктен біздің газетті оқудан бас тартып жатқан оқырмандар аз емес. Ал бұл оқырмандар басылымның алғашқы санынан бізбен бірге келе жатыр, - дейді депутат.

Сондай-ақ «Қазпошта» компаниясының жұмысын қайта зерттеу қажет екенін айтады. Мәселенің нақты шешімін табудың маңызына тоқталды.

«Қазпошта» АҚ қызметін жекелей қарастырған жөн. Ол үшін мәселенің анық-қанығына көз жеткізген дұрыс. Мысалы жүйенің тиімді жұмыс істеуіне не кедергі, пошта қызметіне қалай көмектесуге болатынын шешу керек.  Әрине, ең басты мәселе – кадр тапшылығы. Жасыратыны жоқ, бүгінде мекен-жайға жіберілетін хат-хабар біршама азайды. Сондықтан бірнеше адамның жұмысын бір-ақ пошташы орындайды. Әлбетте, жалақысы да көңіл көншітпейді. Енді не істемек керек? Пошта қызметін қайта жандандыру үшін не қажет? Сол бағытта бірігіп шара қолданғанымыз абзал, - дейді Бибігүл Жексенбай.

Мәселемен бетпе-бет келген мерзімді басылымдар тығырықтан шығудың амалын өздері іздеуге мәжбүр. Ол алматылық редакциялардың қандай қадамға барғанын айтып берді.

Газет редакциялары бұл тығырықтан шығудың жолын тапқандай. Атап айтқанда, «Almaty aqshamy» мен «Вечерний Алматы» газеттерінің баспагері «Alatay Aqparat» медиахолдингі ресми баспасөз таратушыларын айтпағанда, заңды тұлғалармен тікелей шарт жасасып, оған қоса өз көлігімен ұйымдардың орталық кеңселеріне жеткізетін баламалы жазылымды әзірлеп, енгізді. Яғни баспадан шыққан басылым күнбе-күн газетке жазылған компанияларға бірден жеткізіледі. Алайда, газет жеткізудің бұл формасы тек заңды тұлғаларға ғана қолданылады. Осылайша бір мекен-жайға газеттің 50-100 немесе одан да көп данасы жеткізіледі, - дейді сенатор.

Айтуынша, баламалы жазылым арқылы медиахолдинг жоғарыда аталған екі газет таралымының 80 пайызға жуығын сатады. Бұл – Алматы қаласында газет дүңгіршектері желісінің жеткіліксіздігіне қарамастан,  қала оқырмандарының газет өніміне деген сұранысын барынша қамтып отыр.
 
Мерзімді басылымдарды тарату мен сатуда ескі амалдарды жаңғырту да көмектесетінін атап өтті. Мәселен, дүңгіршектер жұмысын жандандыру да сұранысты арттыруы мүмкін.

Мерзімді басылымды бөлшек саудада сату жүйесі де ондаған жыл бұрын өзінің өміршеңдігін көрсетті. Бұл жүйеге де кезінде сұраныс болған еді. Жаңа шыққан басылымды сатып алу үшін ұзын-сонар кезектің болатынын аға буын өкілдері жақсы біледі. Қазір бәрі басқаша, - дейді сенатор.

Бөлісу:
Telegram Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға