«Мерейлі отбасы-2022» ұлттық конкурсының жеңімпаздары марапатталды
20 өңірден жиналған қатысушылар жеңіске жетті
Елордада өткен «Мерейлі отбасы-2022» ұлттық байқауында 20 өңірден жиналған жеңімпаздар марапатталды, деп хабарлайды El.kz
Жеңіске жеткен шығармашыл жанұяның бірі – Алматы облысынан келген Дәрібаевтар отбасы. Олар жеңіске әншілік шеберліктерінің арқасында жетті.
«Марапаттау кезеңіне Алматы облысы Қарасай ауданынан келдік. Біз отбасылық ансамбльміз. Әкеміз, анамыз, бауырларым, бала-шағаммен бірге отбасылық өнерді жалғастырып келе жатырмыз. Сол үшін де жеңіске жеттік деген ойдамын», - деді отбасы мүшесі Сәкен Дәрібаев.
Өнерлі отбасы бұған дейін «Мерейлі отбасы-2022» конкурсына үш рет қатысқан, биыл төртінші рет жеңімпаз атанды. Бақытты отбасы бүгінде 5 қыз, 1 ұл тәрбиелеп отыр.
Ал Бозжігітовтер әулеті байқауда көпбалалы отбасы ретінде жеңіске жетті.
«Біз марапаттау рәсіміне арнайы Шығыс Қазақстан облысынан келдік. «Мерейлі отбасы - 2022» жеңімпазы атануымыз ол анамыздың арқасы дер едім. Себебі ол - 15 баланы дүниеге әкелген алтын құрсақты ана. Бүгінде 17 немере, 21 шөбере сүйіп отырған асыл әже», - деді отбасы мүшесі Гүлзира Социалқызы.
Айта кетейік, «Мерейлі отбасы-2022» байқауына 501 жас отбасы қатысқан. Оның ішінде 20 жанұя жеңіске жетті.
