Жаңалықтар

«Менен ұл жоқ»: Мырзатай Жолдасбеков өміріндегі басты өкініші жайлы айтты

«Менен ұл жоқ»: Мырзатай Жолдасбеков өміріндегі басты өкініші жайлы айтты
Фото: Видеодан кадр 23.10.2023 10:22 13722

Танымал ғалым, мемлекет және қоғам қайраткері Мырзатай Жолдасбеков өмірдегі өкініші туралы айтып берді. AIQYN бағдарламасына берген сұхбатында ол былтыр 62 жыл отасқан жарын жер қойнауына тапсырғанын тілге тиек етті, деп хабарлайды El.kz ақпарат агенттігі.

Апаңмен 62 жыл отастым. Бес жыл бір топта оқыдық. 67 жыл бірге өмір сүрдік. Қимасым еді, асыл адам еді. Өте шешен, көсем адам еді. Амал не, 6 тамызда жылын бердік. Одан екі қызым бар. Үлкенім – Ғайни, кішім – Әлия. Бұл екеуінен бала-шаға бар. Менен ұл жоқ. Жас кезімде осыған мән бермедім. Мемлекеттің жұмысынан қолым тимей, ойламаппын. Жиен немерелер бар. Бірақ «өзіңнен тумай ұл болмас, сатып алмай құл болмас» деп қазақ бекер айтпаған. Шежіре менен кейін жалғаспайды-ау деп уайымдаймын, - дейді ол.

Ғалымның сөзіне қарағанда, «ұл туып беремін» деген әйелдер де болған, бірақ бұл ұсынысқа көнбеген.

Жасыратыны жоқ, дәрігер бір әйелдер болды. «Ұл тауып береміз» деп. Алдында ойланып қойдым да, артынан Құдайдың бергеніне шүкір, бермесе тартып аламын ба деп оған көнген жоқпын, - дейді Мырзатай Жолдасбеков.

Қоғам қайраткерінің әлгінде аттары аталған екі қызынан бөлек тағы бір қызы бар болып шықты. Ерекше ғашық болған адамынан туған екен.

Мен бір қызға жас кезімде ғашық болып, ақын болып кеткенмін. Адам айтса нанғысыз тіршілік кештік. Өзім биік лауазымды адаммын, бірақ ұры-қары сияқты жасырынып күн көрдік. Жұрттың көбі құлақтанып қалды. Сол кісіден бір қызым бар. Гаухар дейтін алтын қызым. Осы Астанада тұрады. Ғашықтың жолы бөлек екен. Алдымызда ағаларымыз бар ғой, әйелдерін тастап, басқа әйел алған, өсіп-өркендеп отыр. Мен оған бара алмадым, бара алмайды екенмін, - дейді ол.

Бөлісу:
Telegram Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға