Жаңалықтар

Мен өлгенде бiр ақын қуанса ғой...

Уақытында әйгiлi «Айбынды серi Айвенгоның» авторы, тарихи романның бейресми атасы саналатын Вальтер Скотт та ақын болыпты.
30.06.2014 12:57 3668

Уақытында әйгiлi «Айбынды серi Айвенгоның» авторы, тарихи романның бейресми атасы саналатын Вальтер Скотт та ақын болыпты. Бiзге жеткен дерек көздерiне қарағанда, шотланд елi талай уақыт ұлы ақынының шабытына тамсана қол соғып, таңданумен жүрiптi. Сол Скотт әдебиет әлемiне Байрон деген жас перi келгенде өлең жазуын сап тыйған. Бас ақын атану бәсекелесiнде жас ақынға қарсылас бола алмайтынын сезiнсе керек, содан есiмiн құпиялап алған да, жасырын атпен тарихи романдар циклын жазуға кiрiсiп кеткен. Бүгiнгi күннiң биiгiнен бағалап оны қарапайым ғана жасөспiрiмдер жазушысы десек те, осы Скотт уақытында тек үлкендер оқитын әлемнiң ең танымал жазушысы деңгейiне көтерiлген. Тiптi, аға әрiптесiн өлеңнен керiссiз-ақ кетiрген Байронның өзi де оның талантын мойындайтындығын тiлге тиек етiп, көпшiлiкке сан рет мәлiмдеген. Бүлiкшiл ақынның Скоттай роман жаза алмайтындығына өкiнiш бiлдiрген тұстары да аз емес. Өкiнiшке қарай, бiр ақынның екiншi ақынға бұлайша бейбiт халде орынын беруi әдебиет тарихында тым сирек. Керiсiнше, олардың бiрiн-бiрi мойындамай егесiп өтетiнi бар. Табиғи заңдылық деп түсiнуге болатын талант пен талантсыздың тәжiкелесуiн былай қойғанда, заманы бiр ұлы ақындардың да ит пен мысықтай қырғиқабақ болып, қырқысатынын қайтерсiз?

Мiне, арақты iше-iше екi көзi қанталап кеткен, ебiл-дебiл Есенин:

– Маяковский орыс поэзиясының жүрер жолына көлденең жатып алған дөңбек бөрене,– дейдi.

Ал, сол Есениндi Маяковскийден аз-маз болса да үйренбедi деп айта аласыз ба?

Блокты сырттай «көзi тiрi Лермонтов қой» деп бағалағанымен, көзi тiрiсiнде Гумилев те Александр Александровичке, әдеби отырыстарда, анадай жерден қыр көрсетiп кекiрейе қарайтын болған. Бiр-бiрiнiң мықтылықтарын бiлсе де өзара мойындамайтын сыңай танытысқан. Бүгiнгi күннiң ендiгi сол екеуiне еншiлеп бергенi де – ұлылық.

Ал ендi жер басып жүрген қаламгерлердiң өзара араз болуын не себептен деп түсiнесiз? Қазақшалап, «екi қошқардың басы бiр қазанға сыймайды» дейсiз бе, әлде әдебиетке, өлең табиғатына деген көзқарастары қайшылығынан деп айтасыз ба, өзiңiз бiлiңiз. Екеуiнiң адами болмыс-бiтiмiнен iздесеңiз де еркiңiз. Бiрi – қатаң тәртiптi сүйетiн, ерлiк пен ақындықты егiз деп түсiнетiн жауынгер офицер, қажырлы саяхатшы, екiншiсi – бағзы замандағы галл друидтерiндей, тылсым түс пен асқақ қиялдың аяндығына сенетiн арманшыл жан, романтик тұлға. Шынын айтсақ, романтика екеуiне де тән.

Жалпы, ақындар деген қызық халық. Әйтпесе, Пушкиннiң Байрон өлiмiне қуанатындай не жөнi бар едi? Орыстың ұлы шайыры ағылшынның атақты ақыны қаза болғанын ести сала, досы П.А.Вяземскийге былай деп хат жазады: «... Сен Байронды ойлап мұңаятын секiлдiсiң, ал мен оның өлiмiне, поэзияның үздiк үлгiсi ретiнде, керiсiнше өте қуанулымын. Байрон кемеңгерлiгi жасы ұлғайған сайын солғын тартты. Iшiнде «Қабыл» да бар, ендiгi трагедияларынан, оның «Гәуiр» және «Чайльд Гарольдтi» дүниеге келтiрген баяғы аласұрған жалынды шабыт иесi емес екендiгi байқалады...» (1824 жыл, 24-25 маусым).

Ақын ақынның өлiмiне қуанулы. Бұған не дейсiз? Грекияда кездейсоқ суық жүрiстi алаяқтардың алдауына түсiп қалып, ажал құшпағанда және ғайыптан тайып Александрдың өзi туралы пiкiрiн ести қалса, қызба Байронның асау Пушкиндi дуэльге шақыруы бек мүмкiн едi-ақ. Бәлкiм, Байрон Пушкиндi, әлде Пушкин Байронды... ана жақта... Ендi бұл жағын бір ғана Жаратқан бiледi. Есесiне бiз келiмсек Дантестi, даңғой Дантестi танымас та едiк. Патша Александр Сергеевичтің де құлағы тыныш болар едi.

Рас, бұл жерде бiздiкi ой ойыны ғана. Ал, шынтуайтына келгенде, Пушкиннiң жаңағы сөздердi Байронның тағдырын, бүкiл шығармашылығын ой елегiнен, таным таразысынан өткiзiп барып жазғандығы анық. Өйткенi, Пушкин замандасы болған ұлылардың iшiнен осы Байронды ғана өзiнiң бәсекелесi iспеттi санаған. Пушкиндiкi асылық десек, мұндай ойды Пушкинмен бiр тұста немiс топырағы туғызған данышпан Гетенiң де айтқаны бар. Себебi, Пушкин секiлдi Гете де Байрон болмысын, шығармашылығын жiтi қадағалап отырған. Қадағалау барысында жас әрiптесiнiң жеке творчество иесi ретiнде таусыла бастағанын түйсiнген. Осы реттен келгенде, Есенин мен Маяковскийдiкiн поэзияда бола беретiн, болуға тиiстi де ақындық бәсеке, Гумилев пен Блоктiкiн терезесi тең таланттарға тән тәкаппарлық көрiнiсi десек, Гете мен Пушкиндiкiн кемеңгерлiк хикметi деп бағалауымызға болады.

Айттық қой, ақындар, жалпы, қызық халық. Бұған күмән жоқ. Ендi мына қызыққа қараңызшы, неге екенiн қайдам, көзi тiрiсiнде бiр-бiрiмен бәсекелес, дүрдараз болған ақындардың барлығы дерлiк өмiр жолдарын құдайдың кереметiмен өзара ұқсас аяқтайтындай. Бiрi асылып, бiрi атылып дегендей. Әлде тарихтың өзгелерiн санаттан сызып тастап, жатырлас егiздердей етiп ұлыларды ғана жұп-жұптан таңдап алатын әдетi бар ма?

Әр кәллада бiр қиял деген. Мен өлгенде бiр ақын қуанса ғой...

Бөлісу:
Telegram Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға