Жаңалықтар

Мен қазақтың жиенімін: Қырғыз президенті Аманжол Әлтаевқа жауап берді

Мен қазақтың жиенімін: Қырғыз президенті Аманжол Әлтаевқа жауап берді
Фото: facebook.com/KyrgyzPresident 24.08.2023 17:33 2682

Қазақта Біржан Қалдыбаев дейтін ақын жоқ екенін айтып, оның әрекетін сынаған Мәжіліс депутаты Аманжол Әлтаевқа Қырғыз Президенті Садыр Жапаров жауап берді, деп хабарлайды El.kz ақпарат агенттігі.

Қырғыз президенті ақын Біржан Қалдыбаев қырғыздың жиені екенін айтты.

Иә, бауырымыз Аманжол Әлтаевтың әлеуметтік желідегі үндеуін мен де оқыдым. Әрине, бұл ыңғайсыз үндеу болды. Ең алдымен «Елшіге де, әншіге де өлім жоқ» дейді. Елшілер өз жұмысын жасайды. Әншілер, тіпті ақындар өздеріне ыңғайлы жерде ән салады. Сын айтып ән салады, мадақтап ән салады, бірдеңе сұрау үшін ән салады. Одан кемшілік, саясат іздеудің қажеті жоқ. Екіншіден, ақын Біржан Қалдыбаев қырғыздың жиені. Мен қазақтың жиенімін. Біз туысқанбыз. Бесінші атам Солтонқұлдың әйелі Нооча қазақтың қызы еді», - деді Қырғыз Президенті Кабар ұлттық ақпарат агенттігіне берген пікірінде.

Садыр Жапаров сыйлық алғанның ешқандай сөкеттігі жоқ екенін түсіндірді.

Үшіншіден, біз қырғыз-қазақша сөйлейтін халықпыз. Сол сәтте арғымақ сыйға тартпасам, ол маған бір кезде ән шырқайтын еді. «Нағашым жаяу жіберді, нағашымның бір арғымаққа әлі жоқ па? деп айтар еді. Ол жерге қатыспасам, сол ақынның әнін естімесем, әңгіме басқа болар еді. Сондықтан Аманжол мырзаға айтарым, сіз ешқашан жайсыз жағдайға тап болған жоқсыз, - деді президент Садыр Жапаров.

Ол екі ел арасындағы тыныштықты сақтайық деді.

Айтыскер ақын жиенімнің сөзіне түсіп қалмас үшін ғана арғымақ сыйға тарттым. Ал енді мен Біржан Қалдыбаевтың қандай ақын екенін де білмеймін. Мен оны бұрын да танымайтынмын. Оны көше ақыны деп атаған. Қазір көше ақыны болса, ақыры қазақ қырғыз халқына белгілі ақын болып кетер? «Бесіктегі бала патша бола ма, кім білсін, құрсағындағы бала патша бола ма, кім білсін» дейді. Ол жас бала екен. Қолдау болса ақыры атақты ақын болып шығар. Қазақ пен қырғызды бізден басқа ешкім қолдамайды. Біз бір-бірімізге қолдау көрсетуіміз керек. Қазіргі әлемдік жағдай өткір. Қазақ пен қырғыздың арасына от салғысы келетін үшінші күштер әлі де жоқ емес. Біз мұндай адасушылықтан аулақ болуымыз керек. Арамыздағы тыныштықты сақтайық. Онсыз да ат төбеліндей ғана елміз, - деді Садыр Жапаров.

Айта кетейік, 13 тамызда Біржан Қалдыбаев Шолпан Атада көкбөріден өткен әлем чемпионатының ашылу салтанатында екі ел арасындағы достық қарым-қатынас жайлы ән шырқаған. Өнеріне риза болған қырғыз елінің басшысы оған ат мінгізген болатын

Аманжол Әлтаев Қырғызстан президентінен сәйгүлік сыйға алған Біржан Қалдыбаевқа шүйлікті. Ол ақынды ұяты жоқ, беті қалың жігіт деп жазды.
Бөлісу:
Telegram Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға