Жаңалықтар

Мемлекеттік биік рух кез келген кедергіні жеңе алады

Мемлекеттік биік рух кез келген кедергіні жеңе алады
18.11.2014 06:50 5584

Мемлекеттік биік рух кез келген кедергіні жеңе алады

Қазақстандықтардың ортақ халық екенін, бәріміз үшін ортақ тағдыр – бұл біздің Мәңгілік еліміз екенін, бұл күнді ата-бабаларымыз өмір бойы аңсап өткенін президентіміз Н.Ә.Назарбаев «Қазақстандық жол – 2050: бір мақсат, бір мүдде, бір болашақ» атты биылғы жолдауында атап өткен болатын. Егеменді дамудың 22 жылында барша қазақстандықтарды біріктіретін, ел болашағының іргетасын қалаған басты құндылықтар жасалды. Олардың көктен түспегенін, бұл құндылықтар уақыт сынынан өткен, Қазақстандық жол тәжірибесінен өткенін де президентіміз атап өткен болатын. Ал, жуырда ғана жолданған «Нұрлы жол» жолдауында да бұл құндылықтар ескерілді. Құндылықтардың ішінде халқымызды биік парасат пен ұлы руханиятқа бастайтын үшінші құндылық – зайырлы қоғам мен жоғары руханиятты ел екені мәлім.

Қазақстан халқының руханияты күн сайын биіктеуде. Оны неше түрлі мәдени іс-шаралардан, әлемдік діндер съезінің өтіп жатқандығынан, спорттағы түрлі жетістіктердің халқымызға оң әсерін тигізуден біле аламыз. «Кез келген халықтың рухани мәдениетінің негізін бейбітшілікке, келісім мен әділеттілікке ұмтылыс құрайды. Көпұлтты Қазақстан мәдениетіне тән рухани бастауларды нығайту – бұл мемлекеттік саясаттың маңызды құрамдасы.  Қазақстанда жыл сайын Рухани келісім күні атап өтіледі. Мәселен, бір ғана «Нұр Отан» ХДП қолдауымен «Ұлттық рух» бағдарламасы аясында халқымыздың рухын асқақтататын көптеген іс-шаралардың атқарылуымен қатар, жыл сайын руханиятты кітаптар жарық көреді. Былтыр ғана Дина Аманжолованың «На изломе. Алаш в этнополитической историй Казахстана» кітабы жарық көрген болатын. Бұл еңбекте жиырмасыншы ғасыр басында жоғары білімдар, жанжақты білікті қазақ зиялыларының саясат сахнасында ұлттық мемлекеттілік мәселесін жалау еткенін көтере отырып, оқырмандардың биік рухқа тәрбиелейді. Міне, осы сияқты кітаптар жыл сайын елімізде жарық көріп келеді. Бұл халқымыздың биік рухын асқақтататыны рас.

«Біздің елордамыз Астана Әлемдік және дәстүрлі діндер көшбасшыларының съездері өтетін орынға айналып отыр. Сенім, толеранттылық, мәдени дәстүрлерді өзара байыту, ашықтық пен үнқатысу тақырыптары алда болатын ЕҚЫҰ-ның Астана саммитінің күн тәртібіне енгізілген» деп, Қ. Саудабаев «Егемен Қазақстан» газетіне сұхбат берген болатын. Иә, әлем адамзат өркениетінің рухани-адамгершілік дағдарысымен бетпе-бет келгені шындық. Дүние жүзін шарпыған қаржылық-экономикалық дағдарыстың орын алуы да осындай себептердің кесірінен деген ойды саясаткерлер түгілі экономистердің өздері де айтып жүр. Ендеше, осындай уақытта оған көз жұма қарап немесе өз ағысымен жүре берсін деп бейтарап отыруға бола ма?! Материалдық құндылықтың соңына ашкөздене ере түсу қоғамды алға жетелей ме? Сондықтан, адамзат баласы үшін рухани жадаулықтан арылу, адамгершілік, парыз бен қарызды өтеуге ұмтылу маңызды. Әлем бүгінгі күні адамзат алдынан шыққан мәселелерді талқылауды кейінге қалдырып, «Ұзын арқан, кең тұсауға» салғаннан ештеңе ұтпайды. Енжарлықтан сілкініп, айналаңда болып жатқан келеңсіздіктерге үн қата білу үшін де биік рух қажет. Ал, ол сілкініс пен серпілісті тек зор рухани биікке ұмтылған, ізгілік пен адамгершілікті басты құндылық деп ұғынған тұлғалар бере алады. Мәселен, президентіміз Н.Ә. Назарбаев әлемдік деңгейдегі мәселелерді шешуге үн қосып, ат салысып жүрген бірегей басшы екені мәлім. Бұдан оның жоғары руханиятты адам екенін біле аламыз.

Зайырлылықтан бөлек, Қазақстандықтардың бойында бүгінде «ұлттық рух» қалыптасып үлгерді.  Бұл бір азаматты басқа елдердің азаматтарынан парықтандырып тұратын сол елдің өзіне тән ішкі рухани жан дүниесі, ұзақ уақыттар бойы біртіндеп қалыптастырған салт-дәстүрі, құн көзқарасы, мұрат-мақсаты негізіндегі психикалық даралығы, өзіне тән қажыр-қайраты мен намыс-жігері қатарлылардың шоғырлы бейнесі. Өскелең ұлттық рухтың болуы бір ұлттың қоғамдық ортада өмір сүруі мен дамуында, ұлттық образын өзге жұртқа танытуында, ұлттың жалпы тұлғалық бітімін жоғары деңгейге көтеруде, сол ұлттың экономикалық, қоғамдық дамуын алға ілгерілетуде төтенше шешуші рөл атқарады. Мейлі қай кез, қандай жағдай болсын әрқандай ел өзіне тән рухани деңгейімен өзге елдерден парықталып тұрады. Қажыр-қайраты мықты, намыс-жігері күшті елдің ұлттық рухы дәуірдің алға ілгерілеп, қоғамның дамуына сай жаңарып, әрленіп, толықтанып отырады. Ал ол керісінше болса, сол ұлттың, елдің рухы қарадай әлсіреп, құты қашып, берекесі кетіп, тозып жоғалады. «Ұлттық рух» қазіргі жаппай жаһанданудың кері ықпалынан белгілі бір ұлтты арашалап, аман сақтап тұратын рухани қару есептеледі. «Ұлттық рухты» дәріптеу нысаны әсте басқалардың мүддесіне зиян салатын тар өрісті ұлтшылдық болмауы қажет, ол өз дәуірінің жалпы рухани деңгейімен, саяси атмосферасымен ойдағыдай сәйкесетін, тұтас адамзаттық санаға сай, ұлттар ара шынайы теңдікті тұлғаландыратын, өзара ынтымақты дәріптеп бір-біріне пайда жеткізетін, жарасымды орта қалыптастыратын, отаншылдық рухты әйгілеп, дәуір рухын сәулелендіретін идея болуға тиіс. Бір ғана мысал, президентіміз өз жолдауында айтқан «Мәңгілік ел» идеясы барша қазақстандықтардың рухын асқақтатып, болашаққа деген сенімдерін нығайта алды. Биік рух осындай оңды шешімдерден қалыптасады.

Күн сайын жаңарып, ай сайын алға ілгерілеп бара жатқан, тартысы мен табысы мол бәсекелі дәуірге ойдағыдай сәйкесу үшін де қазақстандықтарда биік рух, азаматтық өршілдікті бейнелейтін бірегей намыскерлік идеяның арқасында ғана біз дами аламыз және кедергілерден оп-оңай өте аламыз. Себебі, мемлекеттің сапасы мен оның мұраты, мемлекеттің гүлденуі мен өміршеңдігі ел азаматтарының рухын өзіне арқау етеді. Қазіргі жаппай жаһандану дәуірінде дүниедегі сансыз ұлт пен ұлыстар өздеріне «Біз кімбіз? Қайдан келдік? Қайда беттеп барамыз? Басқалар қалай дамыды, біз не істеуіміз керек?» деген сияқты сұрақтарды алға қойып, оған талдау жасап, бас қатыра жауап қарастыруда. Міне, бұл ой біздің азаматтарымызда да үстем орында болуға тиіс.

Адамзат қоғамы дамып, биік өркениетке қолы жеткен сайын жер бетіндегі ұлттар өзара ассимиляцияласып, саны жағынан азайып отырады. Күштінің әлсізді өзіне сіңіріп әкетуіндей жаратылыстың қатал да бұлжымас заңы бұдан бұрын болған болса, бұдан кейін де өз жалғасын солайша таба бермек. Сәт салып қарайтын болсаңыз, қазіргі әлемдік өзгерістер бізге жан-жақтан барған сайын қысым түсіріп келеді. Сондықтан, келесі ұрпаққа әлемдік дамудың қатарынан қалып қалмау талабы, әлемдік өзгерістің ұлттық сипатымызға кері ықпалын болдырмау тілегі қойылуы қажет. Бүгінгі алуан мәдениет өзара әсер еткен тоғыспалы дәуірде жастарымызға болашақтың иесі өздері екендігін айқын сезіндіру, ұлттың ұлт болып, еңсе көтеріп тұруының, ұлттың ертеңгі тағдырының өздеріне қатысты екендігін шынайы ұғындыру бүгінгі Президент Н.Назарбаев басқарған мемлекетіміздің өзегіне айналып отыр.

Бүгінгі жаһандану заманында бізге бүкіл мүмкіндіктермен бірге түрлі рухани дерттерді де қатар ұсынып отыр. Тәуелсіздігімізді алдық, бекіттік. Бірақ сананың тәуелсіздігіне жету үшін уланбаған, бодандық қамытын кимеген таза жастардың жолын бөгемеуіміз керек. Егер құлдық психологиядан арылмаған болсақ, өз елімізде өгейсіп жүру қаупі бар. Сондықтан Президент: «Менің халқым өзге ұлттың түсіне кіргенде шошып оянатындай ауыр-ауыр тағдырларды бастан кешті. Бірақ тәуелсіздікке деген талпыныс, азаттыққа деген арпалыс бүгінгі таңға жеткізіп отыр», – деген. Сол ата-бабаларымыз аңсаған азаттық, тәуелсіздік кездегі жастарымыз қандай болу керек? Қандай жетістігіміз, қандай кемшілігіміз бар? Тәуелсіздікті баянды ету үшін жұмыстар жасалу керек. Әр қазақтың жас баласына гүл өсіргендей қарап, көп көңіл бөлуіміз керек. Қазақ халқы жетекші, қамқоршы ұлт ретінде Қазақстанды Отаным деп санайтын өзге ұлт өкілдерімен бірге біліммен, ақылмен, санамен қадам басуы керек. Міне, осы тұрғыда біздің болашағымыз ешқашан да бұлыңғыр болмайды.

Қазақстандықтар түрлі жақтардан еңсе көтеруде. Экономикалық қуатымыз артқан сайын азаматтарымыздың ұлттық сапаға сай келетін жоғары рух пен намыс-жігер де шарықтап отыр. Егер біздің ұлттық рухымыз шынайы шыңдалмаса, барлық ісіміз жанданып оңына баспайтынын бұл күнде ел ағалары жақсы түсінеді. Дегенмен, әлі де бізге үлкен тәжірибе керек. Мәселен, кей кездері бір істі істеуге келгенде басымыздың бір араға бірікпейтіні, бірімізді-біріміз қолдап-қуаттап, қанат астына ала жүрмейтініміз, орайы келсе, өзгелердің арқаңыздан бір қаққанына бола, оның әлгі болмашы мүддесі үшін, өз мүддемізді құлақтан басып құрбандыққа жығып беріп, жарға қарай онан ары итере жүретініміз, көбінесе, сол ұлттық рухымыздың әлі де болса тапшы екендігінен екені байқалып тұрады. Ақиқатына келер болсақ, бір мемлекеттік биік рухы шынайы сомдалып жоғары деңгейге көтерілмей ол мемлекет әсте еңсе көтеріп дами алмайды.

Қазақстан азаматтары өзін өзге туысқан ел азаматтарымен салыстырып «Менің сенен қай жерім кем?», «Сен істеген істі мен де істей аламын»,- дейтін өршіл рух, ұлттық намысы ــ менің намысым дейтін шынайы ұлтжанды намыскерлік идея, әрқашан жаңалық жаратып, өріс аша алға ілгерілей алатын батылдық пен іскерлік болуы қажет. Рухы үстем, идеясы мықты ел бүгінгі мынау бәсекелі қоғамда еш уақытта өзге елден ұтпаса, ұтылмайды. Ол әрқашан жоғалтқанын іздеп тауып, қайта тірілтіп, жаңғыртып, жаңалап, күллі тіршілігіне тың өріс ашып, тек қана алға ілгерілеп отырады. Қазіргі үгіт-ақпарат арналарында ұлтымызға тән қасиеттерімен, қоғамдық ізденістерімен, еңбекқорлығымен, кәсіби мамандықтарымен, спорттық нәтижелерімен, техникалық тапқырлық жарату талпыныстарымен, өз ойға алған істерінен таудай табыс жаратып, өзін де, өзгені де жарылқап, көпке үлгі, өнегелік рөл атқаруларымен ардақталып, марапатталып, өзге жұртпен үзеңгілесіп, теңесіп жатқан азаматтарымызды көргеніңізде олардың биік рухына айрықша сүйсінбей тұра алмайсыз. Мәселен, ару қаламыз Алматы шаһарында күні кеше ғана өткен ауыр атлетика олимпиадасынан жерлесіміз Илья Илин 4 дүркін әлем чемпионы атанды. Оның 243 келі зілтемірді көтергенде залдағы бүкіл қазақстандықтардың, сонымен қоса теледидардан көріп отырған миллиондаған отандастарымыздың рухы аспанға бір шарықтап, орындарынан түрегеліп, шын жүректерімен жерлесіміздің жеңісіне қуанып, рухтары бір серпіліп қалды. Лайым осындай ұлт намысын ардақтап, халқының мәртебесін асқақ көтеретін терең ойлы, намыс білекті текті тұлғалар көбейе берсін деп, көзімізге жас алып, тілеуін тіледік. Міне, дамыған елдің жоғары руханияты осындай болса керек-ті.


Аязбеков Дінмұхамед

 

Бөлісу:
Telegram Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға