Жаңалықтар

Мемлекеттік құрылымдардағы қоғаммен байланыс немен айналысады?

Мемлекеттік құрылымдардағы қоғаммен байланыс немен айналысады?
26.11.2015 05:29 5456

Бүгінгі санымызда мемлекеттік құрылымдардағы қоғаммен байланыс қызметтерін талқылаймыз. Негізгі мысал ретінде АҚШ тәжірибесін алдық.

Мемлекеттік құрылымдардағы қоғаммен байланыс немен айналысады?

Біздің елде үкіметтік пиар енді дамып келе жатқандықтан, басқа елдің тәжірибесін зерттеп, өз елімізге жақын жақтарын алғанымыз жөн. Питер Грин үкіметтік пиарды ең жылдам даму үстіндегі пиардың бөлімі ретінде айтқан болатын ( Green P.S Winning PR Tactics.-London, 1994). Профессор Джон Мальтиз өзінің екінші кітабында  Ақ үйдің жұмысы туралы былай жазады: «Ресми адамдардың арасындағы араздықтар мен қайшылықтардың бұқаралық ақпарат құралдарының назарына ілігуі президенттің беделіне және имиджіне нұсқан келуі мүмкін, сондықтан  араздықтардың алдын алып, оларды қадағалауды Джимми Картердің кеңесшілері «»коммуникативті бюджет» деп атайды және ол президенттік биліктің маңызды аспектісі саналады». Нәтижесінде осындай араздықтарды жою үшін баспасөзбен қарым қатынас жасайтын паблик рилейшнздың мамандығы пайда болды және оны «spin doctor» деп атады. «Spin» сөзі «айналдыру» деген мағынаны білдіреді. Қандай жағдай болса да әкімшілік болған жағдайды өзіне қолайлы етіп «айналдырып алу». Баспасөз бен халықты өз айтқанына көндіру үшін сансыз көп амалдар мен әдістерді қолданады. Өз кезегінде Брендан Брюс мәселені (ақпаратты) емдеудің екі жолын түсіндіреді. Бірінші жолы күтілетін жағдайға дайындау, екінші жолы жағдай сіз күтпегендей болса, оқиғаны түзетіп, өзгертіп баспасөз беттерінде жариялау ( Bruce B. Images of power.-London, 1992.-P. 137). Чарльз Ларсон «spin doctor»-ды кандидаттың сөзі мен ісі жайлы  баспасөздің дұрыс түсінік беруіне бағытталған жұмыс түрі ретінде айтады ( Larson C.U. Persuasion: reception and responsibility.- Belmont, 1995.- P. 306). 

АҚШ- тағы жетекші «Hill & Knowlton» ПР-фирмасының президенті Роберт Диленшнейдер: «Үкімет азаматтардың әрдайым бақылауында және бұқаралық ақпарат құралдарының үнемі назарында болатын америкалық өмірдің бір бөлігі болып саналады. Жаңылыс жасалған іс-әрекеттер әдетте жұрттың назарына тез ілігіп, кең түрде талқыланады » ( сұхбат Seitel F.P. The practice of public relations.- New York.,1992.- P.105).

Жалпы үкіметтік ақпараттық қызметі екі бөлімнен тұрады: біріншісі күнделікті, ағымдағы міндеттер мен тапсырмаларды орындайды, оны баспасөз қызметі деп атаймыз; екіншісі ұзақ мерзімді жоспарлаумен айналысады, оны коммуникация қызметі деп атаймыз. Және принципі бойынша оларды тактикалық  ( не және қалай) және стратегиялық ( қайда және қашан) деп бөлуге болады.

Коммуникациялық қызметтің ең басты артықшылықтарын Джон Мальтиз былай деп сипаттайды: «Коммуникациялар қызметінің әлеуеті  президенттік биліктің ең  белсенді құралы болып саналады. Өйткені коммуникациялар қызметі әр түрлі саяси шешімдер қабылдау үрдісінде президенттің ішкі және сыртқы бақылау жасауының артуына көмектеседі. Сонымен қатар коммуникациялар қызметі президентке оның бағдарламаларын жүзеге асыру барысында қоғамдық қолдауды пайдалану  үшін ішкі бақылауды арттыруға мүмкіндік береді. Осындай сыртқы қолдау президенттің нақты шешімдерінің қабылдануына мүмкіндік беретін заң шығарушы мекемелердің сеніміне ие болу үшін қолданылуы мүмкін» (Maltese J.A., op. cit.).

Сонымен қатар президенттің ақпараттық қызмет көрсетуі болады. Никсон үшін баспасөздің ол жайында не жазатыны туралы егжей-тегжейлі ақпарат беретін есептеме дайындалатын. Күн сайын дайындалатын құжат елу беттен және төрт бөлімнен тұратын. Бірінші бөлімінде таңғы газеттер бойынша негізгі оқиғалардың мен өткен күннің кешкі телехабарламасы жайлы қысқаша мазмұны жазылады. Екінші бөлімінде агенттіктердің негізгі хабарламалары, үшінші бөлімінде теле және радиохабарламалардың жинағы болса, соңғы бөлімінде барлық мемлекеттің қырықтан астам газетінің дайджесі жазылатын. Есептеме аптасына алты рет дайындалып, дүйсенбі күні ұқсас журналдарға шолу берілетін.

Коммуникациялар қызметі келесі тапсырмалар мен міндеттерді шешті:

● ПР жұмыстарын ұзақмерзімді жоспарлау;

●барлық бұқаралық ақпарат құралдарын пайдалана отырып, «күннің идеясын» тарату;

●аймақтық аудиторияға тікелей шығудың арқасында вашингтон баспасөзінен тәуелсіз болу;

●бұқаралық ақпарат құралдарының тікелей дайын ақпаратты қолдануы үшін хабарламалар дайындау;

● іс-сапарлардың көмегімен жергілікті тұрғындарға, аудиторияға ықпал ету;

● спутниктік технологияларды пайдалану, дайын мақалаларды тарату;

Коммуникациялар қызметінің ең негізгі жалпы міндетін Джон Мальтиз былайша сипаттайды: « Ең жоғарғы деңгей бойынша барынша әкімшілік жайында және оның саясаты жайлы жаңалықты бұқаралық ақпарат құралдарында жариялануы үшін ықпал ету» (Maltese J.A., op. cit.- P. 3). Жұмыстың осындай түрі әкімшілікке саяси сайлау науқанының тәжірибесінен  алынып, Ақ үйге  1968 жылдан бастап Никсонның билігі кезінде бекітілді ( алайда кейбір қызмет түрлері ертерек пайда болды). Ең бірінші Ақ үйде коммуникация қызметін құрған Никсон болды, содан кейін коммуникация қызметі әр америка президенті аппаратының бөлінбес бөлігіне айналды. Никсонның коммуникация қызметін қолдануының бірінші себебі ол баспасөзбен байланыс жасауы қиын болды, сондықтан өз бейнесін жоғалтып алмауы үшін мұқият тәртіптерін дайындау қажет болды. өзіне ұнамайтын репортерлерге жоламауы үшін ол телевизияны пайдалана бастады. Екіншіден, Никсон телевизиялық дебатта жеңіліске ұшырап, бірінші сайлау барысында Кеннедиден жеңілген болатын. Сонымен қоса Никсон өзінің уәдесін беру үшін барлық елу штатты аралап шықса, Кеннеди оның орнына қай қалада сайлаушылар мен мықты бұқаралық ақпарат құралдарының саны басым жерлерге барды. Және осы қызметтің тағы бір артықшылығы президенттің әрекетін қоғамдық қолдаумен қамтамасыз ету болып табылады. Никсон аталмыш қызметті құруына тағы бір себеп – вашингтондық бюрократтармен қарым-қатынасындағы сенімсіздік, өйткені Никсон олар өзіне қарсы шығатын ақпаратты тарататынынан қорықты. Никсонның коммуникациялар қызметін басқарған «San Diego Union» бұрынғы директоры Герберт Клейн. Клейнның ең негізгі қызметі баспасөзбен байланысты барлық жұмысты үйлестіру болды, алайда ол баспасөзбен жиі кездесулер ұйымдастырды, брифингтер өткізді және қойылған барлық сұраққа жауап берді. Коммуникациялар қызметін тікелей Клейн басқарды және баспасөзге, елде әкімшілік мүшелерінің сөйлейтін сөздеріне, радио мен телевизияға және осы барлық жұмыстырдың үйлестіруіне жауап беретін оның төрт орынбасары болды. Сондай-ақ төрт орынбасары да бір апта ішінде министрлік қызметінен коммуникациялар қызметіне екі есептемеден ақпарат алуға ресми құқықтары болды. Мұндай құқық күн сайын әр бөлімнен бір баспасөз хабарламасының шығуына мүмкіндік берді. Есептемелерді ала отырып коммуникациялар қызметі өз кезегінде есептемелерге сүйене отырып хабарламаларды тікелей ел бойынша жүздеген, мыңдаған газеттер мен радио, телевизия станциларына таратты. Осындай жағдай Клейнның «әкімшіліктің ашықтығы» идеясын жүзеге асыруға мүмкіншілік туғызды.

Идеяның дамуы барысында негізгі министрліктерде ресми адамдардың сөйлейтін сөздерінің үзіндісі жазылған «автожауап қайтарғышта» жазба орналастырылды. Радиостанциялар министрліктерге хабарласып, осы хабарламаларды жазып алып, күнделікті жаңалықтардың қатарына қосты. Осындай идея журналистер үшін де, әкімшілік үшін пайдалы болды. Бір жағынан идея үшін жергілікті журналистер өз ризашылықтарын білдірсе, екінші жағынан әкімшілік халыққа жеткізілетін  хабарламаға қатаң бақылау жасауға мүмкіндік алды. Сонымен қатар коммуникациялар қызметі ел бойынша президент пен басқа да ресми тұлғалардың сөйлеген сөздері мен жарияланымдарын таратты. 

«Адамдарға болып жатқан оқиғалардан хабардар болуға мүмкіндік беріңіз, сонда мемлекетте де қауіпсіздік орнайды»,- деп 1864 жылы Америка Құрама Штатының он алтыншы президенті Авраам Линкольн айтқан болатын. Америкалық президенттер демократияның қалай жұмыс істейтінін айтып кеткен еді. Олардың сөздері қазірдің өзінде өзектілігін жоя қоймады.

Билікті жүзеге асыру үшін алдымен ақпаратқа сүйене отырып таңдау құқығына мүмкіндік алу керек және тәуелсіз шешімдер қабылдау қажет. Мұндай мүмкіндік тек қана фактіге негізделген шынайы, сенімді ақпаратты иеленген жағдайда болады. Ондай сенімді ақпаратты тек тәуелсіз бұқаралық ақпарат құралдарынан алады. Тәуелсіз БАҚ үкіметтің үстінен азаматтық бақылау қызметін атқарады және қоғамды үкіметтің жұмысы туралы ақпараттандырып, қоғамдық талқылауға әрекет жасайды.

XVIII ғасырдағы америкалық революция үкіметте қызмет жасайтындар халықтың қызметшілері саналатындықтан үкіметтің халық алдында есеп беру міндеттілігі жайлы ойды тудырды. Демократия жағдайында халыққа қызмет ету – бұқаралық ақпарат құралдары өкілдері сияқты  мемлекеттік шенеуніктердің де қызметі.

«Үкіметтің халықпен байланыс орнату жүйесінің басты орталығы ретінде үкіметтік қоғаммен байланыс қызметін айтамыз. Үкіметтік баспасөз қызметі – бұқаралық ақпарат құралдары күн сайын үкіметтің қызметі жайлы ақпарат алатын канал болып табылады», - деп  жазады 1980 жылдары АҚШ-тың бірінші ханымы Нэнси Рейганның баспасөз хатшысы қызметін атқарған Шейла Тейт. 

Үкіметтік баспасөз қызметінің ең басты міндеті – үкіметтің саясаты мен бағдарламалары қоғам өміріне қалай  әсер ететінін қарапайым халыққа түсіндіру.

«Үкімет ауқымды ақпараттарды иеленгеннен кейін, оларды халыққа жеткізудің тиімді тәсілі қажет. Сондай жағдай орын алған кезде үкіметтің баспасөз қызметінің өкілі шығады. Баспасөз хатшысы үкіметтің ішіндегі репортер секілді қоғам үшін ақпарат жинайды», - деп  Билл Клинтонның бұрынғы баспасөз хатшысы Майк Маккэрри айтқан болатын.

Осылайша үкіметтік баспасөз қызметінің қызметкерлері екі негізгі қызметті атқарады. Үкіметтің жасаған әрекеттерінің жағымды жақтарын БАҚ өкілдеріне түсіндіріп үкіметтің қорғаушысы қызметін атқарады. Олар қате ақпаратты түзетеді және қолда бар ақпаратты түсіндіреді. Сонымен қатар үкіметтің алдында да БАҚ-тың қорғаушысы болып та сөз сөйлейді. Шенеуніктерден репортерлар сұраған материал дайындауға, интервью алуға сұрайды.

Баспасөз қызметі өкілдерінің жұмысына қандай да бір ақпараттық аспектілерді бір уақытта тұрақты және табандылықпен шығаратыны мен репортерлардың сұрақтарына жедел жауап қайтару реакциясын жатқызуға болады. Мысалы АҚШ-та Ақ Үйде күн сайын баспасөз қызметі президент журналистердің назарын аудартқысы келетін жаңа бағдарламалары мен тағайындаулары, іс-әрекеттері жайлы ақпарат беретін баспасөз хабарламаларын таратады. Сонымен қатар репортерлер де Ақ Үйде болып жатқан жағдайлар жайлы жарияланатын мақалалардың қайсысын жариялауға болатыны немесе болмайтыны жайлы баспасөз қызметіне жүгіне алады.

«Біздің жұмысымыз тек  ақпаратты таратудан ғана тұрмайды »,- деп санайды Мемлекеттік баспасөз қызметі қызметкерлерінің ұлттық қауымдастығының президенті Йони Инман. «Біз тек қана үкімет пен халық арасындағы байланысты жүзеге асырып қана қоймай, сондай-ақ үкімет шығарған ақпараттың барлық халыққа түсінікті болуы үшін формасын жасаймыз. Сонымен қоса қоғамда шын мәнінде болып жатқан мәселелерді үкіметтегі шенеуніктерге баяндаймыз», - дейді Инман.

Алайда үкіметтік баспасөз қызметінің қызметкері саясат пен бағдарламалардан хабары жоқ адамдардан сырт көзге жеңісті көрінетін бет-бейне жасайтын сиқыршы емес. Егер шенеунік адал болмаса, баспасөз хатшысы адал шенеуніктің образын жасай алмайды. Егер мәселе қоғам өмірінде әлі де жалғасып жатса және ол мәселені шешуге үкіметтің қауқары жетпеген жағдайда баспасөз хатшысы үкіметті болып жатқан мәселелерді шешуге әрекет ететін жауапкершілігі мол етіп көрсете алмайды.  Сонымен қатар басшысының нақты жоспары мен ұсынысы болмаса. баспасөз хатшысы үкіметтің алдағы жоспарлары мен мақсаттары туралы ақпарат таратуға мүмкіндігі жоқ.

Журналистерге үкіметтік баспасөз қызметінің қызметкерлері үкіметтің алдына қойған мақсаттары мен жүзеге асыратын жоспарлары жайлы түсінік беретін мағлұмат қажет болса, дәл сондай үкіметтік шенеуніктері де атқарылған жұмыстары мен орындаған тапсырмалары жайлы халыққа ақпаратты жеткізіп, тарататын журналистерге мұқтаж.

«Баспасөз қызметінің өкілі журналистермен жақын әрі кәсіби қарым-қатынаста болу керек. Олар, репортерлер, өздерінің жұмысын, ал сіздер, баспасөз қызметінің өкілдері өздеріңіздің жұмыстарыңызды білулеріңіз қажет. Сіздер  репортерлермен дос болуыңыз мүмкін, бірақ та олар да сіз сияқты әрқашан жұмыста болатынын ұмытпаңыз»,- дейді Билл Клинтонның бұрынғы баспасөз хатшысы Майк Маккэри.

Үкіметтік баспасөз қызметінің кейбір қызметкерлері өмірде досы саналатын журналистің  жағымсыз сипаттағы мақала жазбайды деп ойлайды, алайда кәсіби журналист мақаласына бөгет жасайтын шенеушікпен достықты одан әрі жалғастырмауы мүмкін. Журналист болу – тәулігіне жиырма төрт сағат бойы «орындауға» әрдайым дайын және ол ешқашан өзінің міндеті мен парызын ешқашан ұмытпайды.

«Баспасөз қызметі өкілдері журналистермен достық кәсіби қатынаста болуы мүмкін, бірақ өмірде ол достық жасанды болады », - дейді Йони Инман. Уақыт өте келе репортердің сізге ұнамайтын репортажды эфирге шығаратын, мақала жазатын немесе қиын сұрақ қоятын кезі келеді. Ондай жағдайда сіз тек қана достыққа сене алмайсыз. әрқашанда достық немесе кәсіби қатынастың бірі зардап шегеді. Сондықтан да сіз әрдайым кәсіби қатынастағы достықты қолдаңыз.

Алайда үкіметтік баспасөз қызметінің өкілі  репортаж дайындауға қиындық тудырмағаны жөн және мемелекеттік қызметкерлер де халықтың нені білуге немесе нені білмеуге тиіс екенін шешуге хақы жоқ. Олардың жұмыстары қандай жағдай болса да, тіпті жағымсыз жағдай туындаған жағдайда да барлық ақпаратты журналистерге жеткізу болып саналады. «Жақсы баспасөз хатшысы  жаңалықтар жүйесінде жұмыс жасайтын кез келген жергілікті ұйымдардан келіп түскен әрбір сауалдар мен сұрақтарға жауап беруі керек. Жауап  ретінде « Бұл сауал бойынша мен сізге кейін хабарласамын», - деп айтсаңыз да қателеспейсіз», - деген екен вице-президент Дик Чейнидің баспасөз хатшысы Джулиана Гловер. Жай көрсетілген ілтипат пен сыпайылық ең негізгі қағида болып саналады. Егер дәл сол кезде баспасөз сізге жақсы қарамаса да, хабарламалар тарату үшін сізге олардың қажет болатын кезі келеді.

Кейбір шенеуніктер баспасөз мәслихатында журналистердің тақырыпқа сәйкес келмейтін сауалдар қойғандарына таңырқауларын білдіріп жатады. Бұл қалыпты жағдай. Журналистердің үкіметтік шенеуніктермен кездесуге мүмкіндіктері шектеулі болғандықтан, журналистер мүмкіндікті пайдаланып, тақырыпқа сай болмаса да сұрақтарын қойғаны өте орынды. Бұл тәуелсіз баспасөз қызметі аспектілерінің бірі болып табылады.

Баспасөз қызметінде екі негізгі тәсілдер:  реактивті және активті қолданылады. Реактивті әдісте баспасөз қызметінің қызметкерлері қысқа мерзімді міндеттер мен күнделікті кездесетін дағдарысты жағдайларды шешумен және сол сәттегі ақпараттармен айналысады. Ал активті жағдайда болашаққа стратегиялық жоспарлар құрумен және келешекте жүзеге асыратын жобалармен шұғылданады.

Қысқа мерзімді міндеттерді шешу және болашақты бір уақытта қатар ойлау өте қиын. Күн сайын пайда болатын дағдарысты жағдайлар болашаққа белгіленген жоспарларлы кейінге ысыра береді. Сол себепті оперативті және қырағы баспасөз қызметінде тәртіп бойынша бір қызметкер күнделікті жұмыстармен және баспасөзбен қарым-қатынас жасаумен айналысса, біреуі келешекте жарияланатын хабарламалар дайындаумен және стратегиялық жоспарлардың мазмұнын жасаумен шұғылданады.   

«Ақ үйдің баспасөз қызметінде қоғамға ақпаратты жеткізу қызметі мен ақпараттық пакетті құрастыру жұмысының айырмашылығы бар. Өйткені бізде баспасөз хатшысы мен ақпаратпен қамтамасыз  ету бөлімінің директоры бар », - дейді Маккэрри. – Ақпаратты дайындап, оған сендірерлік дәлелдер мен аргуметтерді беретін қызметкермен қатар, күн сайын осы ақпаратты қоғамға табандылықпен жеткізуге қабілеті бар қызметкер де болған маңызды. Бірінші жағдайда ақпаратпен қамтамасыз  ету директоры болса, екінші жағдайды баспасөз хатшысы. Мұндай жағдай бизнес те де кездеседі: бір адам өнімді дайындаса, екінші адам оны сатумен айналысады».

«Баспасөз хатшысы ретінде сіз күн сайын ақпараттық сипаттағы өткір мәселелерді шешуге мәжбүр боласыз»,- дейді Фитцуотер. – Сізге тез арада аяқ астынан пайда болған проблемаларды шешуге әрекет жасауыңыз қажет, сондықтан ұзақмерзімді стратегияны орындауға көңіл бөлу үшін уақыт тапшы болады».

Сонымен қатар Фитцуотер егер ол екі қызметті бірге атқарған жағдайда пресса баспасөз хатшысына жүгінеді дейді. «Баспасөз өкілдері көбінесе ақпаратпен қамтамасыз ету бөлімінің директорына күннің тақырыбын құрастырып, ақпараттық материалдардың мазмұнына жауап беретін насихатшы ретінде қарайды. Сондықтан директордың шынайлығы мен риясыздығына сенбейді». Сонымен қоса шынайылық пен адалдық сияқты қасиеттер баспасөз хатшысының беделінің артуына және нәтижелі жұмыс жасауына ықпал етеді.

Ұзақ мерзімді сипаттағы стратегиялық міндеттерге жауап  беретін ақпаратпен қамтамасыз ету бөлімінің директоры  атқаратын негізгі қызметтерге  стратегиялар дайындау, ресми тұжырымдамалар мен ақпараттық хабарламаларды жоспарлау, негізгі жұмыс кестесін құрастыру, мекемелер мен министрліктер қабылдаған шешімге мониторинг жасау, басылымдарға хабарламалар дайындау, іс-сапарларды жоспарлау, ресми адамдардың сөйлейтін сөздерінің мәтініне қадағалау жасау, аналитикалық жұмыстарды басқару жатады.  

Ал, қысқа мерзімді міндеттерді шешуге жауап беретін баспасөз хатшысының атқаратын қызметтерге күн сайын журналистер қоятын сауалдарға жауап беру, БАҚ өкілдерімен байланыс орнату, ақпаратты беру мен жеткізу процесіне жетекшілік жасау, баспасөз хабарламалары мен анықтамалық материалдарын дайындау, баспасөз мәслихатын ұйымдастыру және мемлекеттік шенеуніктермен сұхбатты ұйымдастыру жатады.

Ақ үйде баспасөз хатшысы мен ақпаратпен қамтамасыз ету бөлімінің директоры бір-бірінен бөлек жұмыс жасайды. Баспасөз хатшысы күнделікті журналистермен байланыс жасаумен айналысса, ақпаратпен қамтамасыз ету бөлімінің директоры ұзақ мерзімді стратегиялар дайындаумен және шетелдік БАҚ өкілдерімен байланыс орнатумен айналысады. Олар бір-бірлерімен кездесіп жұмыстарын үйлестіреді және келісілген хабарламалар мен тұжырымдамаларды жазады.

«Екі бөлімнің өкілдері бір-бірлерімен тығыз қарым-қатынас орнатып, бірге қызмет атқарғанда және әр бөлім қандай жұмыспен айналысатынын білгенде жұмыс нәтижелі әрі жемісті болады», - дейді Марлин Фитцуотер. Нәтижелі деңгейге қол жеткізу үшін Марлин Фитцуотер өзінің бөлімі өткізген жиналыстарға ақпаратпен қамтамасыз ету бөлімінің қызметкерлерін шақырған  және ақпаратпен қамтамасыз ету бөлімі өткізген жиналыстарға өз бөлімінің қызметкерін жіберген. Екі бөлімнің тығыз қарым-қатынаста болуы өте маңызды.

Үкіметтік баспасөз қызметінің күнделікті атқаратын  жұмыстары

Жиналыс. Өткізілетін жиналыстардың басты мақсаты ақпаратпен алмасу, жаңа ақпараттың түсімін болжау және ақпаратты қабылдауға жеңіл болу үшін өңдеу және түзету болып табылады. Америка Құрама Штатында ресми өкілдер мен үкіметтік аппарат қызметкерлерінің қатысуымен тұрақты түрде жиналыстар өткізіледі.

АҚШ-та федералды мекемелер үшін жұмыс күні ресми өкілдердің қатысуымен өткізілетін таңғы жиналыстардан бастау алады. 30-45 минут аралығында өткізілетін жиналыстарда аппараттың жетекшілерінің бірі күннің ең өзекті мәселелерін анықтап, күн тәртібінде қаралатын мәселелерді ұсынады. Содан кейін қатысушылардың бірі назар аударуға тұрарлықтай мәселені, мысалы жаңа заңнама, басылымға арналған сұхбат жайлы немесе қаражатқа қатысты мәселелерді қысқаша түрде баяндап береді. Баспасөз хатшысы бұқаралық ақпарат құралдарында жарияланған материалдарға қысқаша шолу жасап, күннің, аптаның немесе айдың басты жаңалығы ретінде маңызды орын алатын ақпарат жайлы мағлұматты айтады.

Осындай жалпы жиналыстан кейін ресми өкіл баспасөз қызметінің қызметкерлерімен бөлек жиналыс өткізіп, күннің ең негізгі жаңалықтары туралы талқылайды. Жиналыста әр қызметкердің қазіргі таңда атқарып жатқан жұмыстары мен ресми өкілдің алдағы кестесін және бұқаралық ақпарат құралдарын қызықтыратын басты тақырыптар мен  алдағы уақытта журналистер қозғауы мүмкін сауалдар жайлы ақылдасады. Баспасөз хатшысы тапсырмалар береді, ал қызметкерлер жауап алу үшін әр түрлі үкіметтік мекемелерге сауалдар жолдайды.  Сол күннің ішінде қызметкерлер брифинг өткізеді немесе үкіметтің саясаткерлеріне және оның ұстанымы мен жоспарларына қатысты мағлұматтар жинақтайды.

Үкіметтік мекемелерде баспасөз қызметі күн сайын басылымдағы материалдарға мониторинг пен іріктеме жасап, басшыға алдағы кезде туындайтын жағдайлар мен оның жұмысы жайлы мағлұмат беретін ақпаратты баяндайды. Америка Құрама Шататында көбінесе федералды мекемелер мен губернаторлар өздерінің құрамына басылымдарда жарық көрген материалдарға мониторинг пен көшірме жасайтын және ақпараттарды тарататын қызметкерлерді кіргізеді. Баспасөз қызметінің қызметкерлері әр ай сайын ақпараттық есептеме дайындайды.

Америка Құрама Штатында Ақ үйдің немесе басқа да жоғары мекемелерде түні бойы және жексенбі күндері жұмыс жасайтын және бұқаралық ақпарат құралдары өкілдерінің сауалдарына жауап беретін кезекшілік жүйесі қолданылады. Осындай кезекшілік жүйесі баспасөз қызметіне тәулік бойы ақпараттық циклдің жұмыс жасауына мүмкіндік береді. Белгілі бір маңызды жоба аясындағы жұмыста ресми өкіл мен журналистер ақпарат пен туындаған мәселелер бойынша жауап алу үшін жеке нөмірлерімен алмасқаны маңызды.

Жұмыс уақытынан тыс хабарласу үшін телефон нөмірін алмастыру немесе жұмыс уақытының аяқталған кездегі қоңырауларға жауап беретін кезекші қызметкердің болуы көбінесе әр түрлі сағаттық белдеуде орналасқан елдерде көп кездеседі.

«Ресми өкілдер әрқашан журналистер үшін хабарласуға мүмкіндігі болу керек,» - дейді Джулиана Гловер. – Жеке ұялы телефонның нөмірін барлығына берудің қажеті жоқ. Алайда егер журналист сіздің кеңсе нөміріңізге хабарласса, әрқашан сізбен сөйлескені маңызды».

Қоғамда өткізілетін шаралардың сәтті шығуы негізінде ұжымның ұйымшылдығы мен барлық күш-жігердің жұмылдыру деңгейінен байқалады. «Ұйымның барлық қызметкерлері өткізіліп жатқан шараның артықшылықтары мен ерекшеліктерін және міндетін білгені шын мәнісінде өте маңызды, - дейді Тұрғын үй құрылысы және еңбек министрінің бұрынғы көмекшісі Сьюзен Кинг. – Бұл барлығы саппен жүріп, хормен айту дегенді білдірмейді, алайда егер қызметкерлер ортақ міндеттер мен басымдықтарды білмесе, олар халыққа бөлек-бөлек ақпаратты таратады. Ал бұл мекеменің беделінің халық алдында түсуіне алып келеді».

Жұмылып еңбек ету не үшін маңызды?

Біріншіден, кезе келген бағдарламаның тиімді басталуына кепіл береді. Ақ үйдің бұрынғы баспасөз хатшысы Марлин Фитцуотер ақпаратпен қамтамасыз ету бөлімінің диреторына барлық министрліктерге газеттің ең бірінші бетінде жариялануы мүмкін хабарламалар туралы ақпараттандыруға  тапсырма берген болатын.

Екіншіден, басқа министрлікте немесе мекемеде сіз айналысып жатқан  жұмысыңызға қарама-қайшылықты тудыратын бағдарламаны немесе жобаны дайындауы әбден мүмкін.

Үшіншіден, екі мемлекеттік қызметкер де қоғамда орын алған мәселені шеше алуы мүмкін, бірақ олар күш-жігерлерін біріктірген жағдайда ғана қоғамға үкіметтің негізгі ұстанымдарын көрсете алады.

Төртіншіден, сіз білмейтін басқа мекеменің жұмысы жайлы журналист сізге хабарласып, пікіріңізді сұраса түсінбестік пен ыңғайсыздықты сезінесіз.

Сонымен қатар баспасөз қызметі мен жұртшылықпен байланыс бөлімі де өздерінің жоспарларын бірігіп жасағаны дұрыс. Министрлік пен мекемелер бір күнде, бірдей уақытта баспасөз мәслихатын өткізген жағдайда журналистер қай баспасөз мәслихатына барарын білмей, өздерінің наразылықтарын білдіріп жатады.

Баспасөз қызметіне арналған кеңестер:

●Стратегия мәселелерімен айналысатын қызметкерлердің болуы маңызды. БАҚ-пен жасалатын жұмыс тек бір мезеттік сипатта болмауы қажет, сонымен қатар тек дағдарыс жағдайында ғана БАҚ-пен байланыс жасамау керек.

●Күнделікті түрде баспасөз қызметі қызметкерлерінің және министрлік аппараты жетекшілерінің қатысуымен жиналыс өткізген дұрыс. Жиналыс басшылардың және қызметкерлердің бұқаралық ақпарат құралдарына арналған хабарламалардың сипаты мен мазмұнын түсінуі үшін өте маңызды.

●Күтпеген жағдайлардың орын алмауы үшін басқа да министрліктер мен мекемелердің баспасөз қызметімен бірлесе отырып жұмыс атқару қажет.

●Бұқаралық ақпарат құралдарында жарияланған хабарламаларға мониторинг жасау керек. Ақпараттық материалдарға іріктеме жасаңыз. Ақпаратты тек жалпылап қана қоймай, ол хабарламаға сараптама жасаңыз.

●Ақпараттық бастаманы өз қолыңызға алыңыз. Телефонға хабарласқан нөмірлерге әрқашан  жауап қайтарыңыз. 


Автор: Қаракөзайым КЕНЖИНА

Бөлісу:
Telegram Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға