Жаңалықтар

Мемлекеттік төңкеріс жасауға оқталу болды, оны тергеу көрсетті – Бас прокурор

Қаңтар оқиғасына қатысты Мәжіліс депутаттарының сауалына Бас прокурор жауап берді
Мемлекеттік төңкеріс жасауға оқталу болды, оны тергеу көрсетті – Бас прокурор
Фото: exk.kz 05.01.2023 11:42 2001

Мәжілістің жалпы отырысында Мәжілісмендер Бас прокурорға қаңтар оқиғасына қатысты тікелей сұрақ қойды, деп хабарлайды El.kz ақпараттық агенттігі.

Парламент Мәжілісінің депутаты Сауытбек Абдрахманов қаңтар оқиғасы кезінде мемлекеттік төңкеріс әрекеті жасалды ма деген сұрақ қойды.

«Баяндамаңызда мұны негізінен растағаныңызды көрдік. Егер мемлекеттік төңкеріс әрекеті жасалған болса, оны ұйымдастырушылар кімдер?», - деді депутат.

Бас прокурор Берік Асылов мұның бәрін тергеу кезінде терең зерделегенін айтты.

«Әрине, мемлекеттік төңкеріс жасауға оқталу болды. Оны толығымен тергеу көрсетті. Қазіргі кезде барлық құжатты тексерудеміз. Төңкеріс жасауға оқталып дайындалып, алдын ала жоспарланған. Бұған бір жыл бұрын дайындалған. Оның ішінде ұйымдасқан қылмыстық топтардың мүшелері, діни экстремистер, бұрын сотты болғандар да болды. Жаңа айтып өткенімдей, 8 қалада мемлекеттік 71 ғимарат өртеніп бұзылды. Ол қылмыстың бәрі осы ұйымдастырушылардың негізінде болды», - деді Бас прокурор.

Сондай-ақ, ол билікті басып алуға оқталу бойынша Ұлттық қауіпсіздік комитетінің бұрынғы төрағасы мен оның орынбасарларына қатысты қылмыстық іс қозғалғанын атап өтті.

«Қазіргі кезде бұл іс сотқа жолданды. Іс жабық және аса құпия тәртіпте сотта қаралуда. Осыған қоса бүгін жаппай тәртіпсіздіктің 18 ұйымдастырушылары анықталды. Ұйымдастырушылардың салдарынан көптеген мекеме бұзылып, қылмыстар жасалды. Оның ішінде әсіресе, Жұмагелдиевтің айрықша рөлі болды. Бұдан бөлек, діни экстремистік ұйымының екі мүшесі Нұрпейісов пен Тілеужан Алматы әуежайын басып та алған. Осының бәріне бастау болып отырған осылар», - деді Бас прокурор Берік Асылов.

Бөлісу:
Telegram Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға