Жаңалықтар

Мемлекеттік төңкеріс жасамақ болған бір топ адам ұсталды

Мемлекеттік төңкеріс жасамақ болған бір топ адам ұсталды
Фото: ©El.kz/Арман МҰХАТОВ 10.04.2025 17:39 6108

Қырғыз Республикасының Ұлттық қауіпсіздік мемлекеттік комитеті (ҰҚМК) елдегі тұрақтылықты шайқалтуды көздеген мемлекеттік төңкеріс әрекетінің алдын алды, деп хабарлайды El.kz ақпараттық агенттігі Анадолы агенттігіне сілтеме жасап.

Комитет таратқан мәліметке қарағанда, бір топ адам арнайы жасалған жалған видеолар арқылы ұлтаралық араздық пен әлеуметтік толқулар туғызбақ болған. Сол видеолардың бірінде шетел азаматтары жартылай жалаңаш қырғыз қызын ұрып жатқан көрініс көрсетілуі тиіс еді. Бұл әрекет арқылы олар қоғамда патриоттық көңіл күйді қоздырып, жастарды жаппай наразылыққа итермелеуді мақсат еткен.

ҰҚМК өкілдері мұндай арандату әрекеттері алдын ала жоспарланғанын, ал оған қатысушылардың кейбірі қаруланып, арнайы дайындықтан өткенін хабарлады. Олар тек жалған ақпарат таратуды емес, сонымен қатар шетелдіктер тұратын аудандарда қақтығыстар ұйымдастырып, құқық қорғау органдарына шабуыл жасауды да көздеген.

Қауіпсіздік қызметі мұндай жоспарлар елдің қазіргі билігіне деген сенімді әлсіретуге бағытталғанын атап өтті. Аталған әрекеттер шетелден үйлестіріліп, қаржыландырылған болуы мүмкін.

Оперативтік шаралардың арқасында топ мүшелері қолға түсті. Дегенмен, ұйымдастырушылардың бірі, алдын ала болжам бойынша, қазіргі таңда Біріккен Араб Әмірліктерінде жасырынып жүруі мүмкін.

Елдің қауіпсіздігін қамтамасыз ету, конституциялық тәртіп пен азаматтардың құқығын қорғау мақсатында ҰҚМК кез келген арандатуға қатаң тосқауыл қойып келеді. Азаматтарды ұлтаралық татулыққа сызат түсіретін әрекеттерге бой алдырмауға шақырамыз, — делінген ведомство хабарламасында.

Бөлісу:
Telegram Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға