Мемлекеттік тіл саясатын іске асыру жөніндегі комиссияның отырысы өтті

Премьер-министрдің орынбасары Ермек Көшербаевтың төрағалығымен ҚР Үкіметі жанындағы Мемлекеттік тіл саясатын іске асыру жөніндегі комиссияның отырысы өтті, деп хабарлайды El.kz ақпарат агенттігі.
Іс-шараға Парламент депутаттары, орталық мемлекеттік органдардың басшылары, сондай-ақ тіл білімі саласындағы жетекші ғалымдар мен сарапшылар қатысты. Отырыс барысында 2023–2029 жылдарға арналған Тіл саясаты тұжырымдамасын іске асырудың негізгі бағыттары талқыланды. Әсіресе, мемлекеттік тілдің ұлт бірегейлігінің іргетасы және дамудың стратегиялық ресурсы ретіндегі рөлін нығайту мәселелеріне ерекше назар аударылды.
Ғылым және жоғары білім министрі Саясат Нұрбек тіл саясатының тұжырымдамалық міндеттерін іске асыру барысы туралы баяндады. Атап айтқанда, қазақ тілін ғылым тілі ретінде дамыту, білім беру әдістемелерін жетілдіру және мемлекеттік тілдегі сапалы контенттің санын арттыру мәселелері қозғалды.
Цифрлық бастамаларды енгізу жұмыстарына: қазақ тіліндегі KazLLM жасанды интеллектіні әзірлеу, ерекше қажеттіліктері бар адамдарға арналған экран дикторын жасау, сондай-ақ «Қазақ тілінің ұлттық сөздік қоры» мемлекеттік ақпараттық жүйесін іске қосуға баса назар аударылды.
Отырыс қорытындысында Комиссияның 2025 жылға арналған жұмыс жоспары бекітілді. Ермек Көшербаев алдағы жұмыстың басым бағыттарын атап өтіп, тілдік ортаны жүйелі жаңғыртуға, цифрлық дәуірдің сын-қатерлерін ескере отырып, нормативтік-құқықтық базаны бейімдеуге күш салуды тапсырды.
Қабылданған шараларды іске асыру ұлттың тілдік капиталын нығайтуға және қазақ тілінің жаңа технологиялық жағдайда орнықты дамуын қамтамасыз етуге мүмкіндік береді.
