Жаңалықтар

Мемлекеттік сатып алу туралы жаңа заң жобасы талқыланды

Мемлекеттік сатып алу туралы жаңа заң жобасы талқыланды
Фото: © Pixabay.com 18.07.2023 16:03 1239

«Атамекен» ҚР Ұлттық кәсіпкерлер палатасы кәсіпкерлердің құқығын қорғау және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл жөнінде кеңес өткізді, деп хабарлайды El.kz ақпараттық агенттігі.

Отырысқа «Атамекен» ҰКП Кәсіпкерлердің құқығын қорғау және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл кеңесінің төрағасы Қайырбек Сүлейменов төрағалық етті.

Жыл басынан бері Ұлттық палатаға әртүрлі өңірден, оның ішінде Абай және Қызылорда облыстарының кәсіпкерлерінен шағым түсті. Олар мемлекеттік коммуналдық кәсіпорындардың тарапынан болатын бұзушылықтарды мәлімдеді.

Кәсіпорындардың басшылығы кәсіпкерлерге жеткізілген тауарлар мен атқарылған жұмыстарға ақы төлемей қойғандықтан, бизнес шығынға батқан. Яғни заң банкроттық сатыда тұрған тапсырыс берушілердің мемлекеттік сатып алуын жүргізу кезінде тауарларды, жұмыстарды және қызметтерді жеткізуші кәсіпкерлерді қорғамайтын болып шықты. Алайда бұл кәсіпорындар заңның шектеуіне сәйкес міндетін орындай алмайтынын біле тұра, тіпті соттың шешімі бола тұра, мемлекеттік сатып алу рәсімдерін жасаған.

Сонымен қатар басқосуда мемлекеттік сатып алу туралы заңнаманың жетілмегені ескеріліп, құқық бұзушылықтарды жою мақсатында Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың 2022 жылғы Қазақстан халқына жолдауында мемлекеттік сатып алудың сапалы жаңа жүйесін құруды және жаңа заң әзірлеуді тапсырғаны жайлы сөз қозғалды.

1997 жылы әзірленген Мемлекеттік сатып алу туралы заңнаманың тұжырымдамасы сыбайлас жемқорлық проблемаларын және мемлекеттік сатып алу саласының тиімділігін шешпейді. Бұл тұжырымдама биыл Қаржы министрлігі әзірлеген мемлекеттік сатып алу туралы заң жобасында қайта жаңартылды, – дейді Қайырбек Сүлейменов.

Кеңес мүшелерінің сөзінше, Қаржы министрлігі әзірлеген мемлекеттік сатып алу туралы жаңа заң жобасы мемлекеттік сатып алуды реттеуді жақсартпайды.

Бұл жоба тек ведомстволық шоғырлануды күшейтеді. Сонымен қатар Ұлттық палатаның заң жобасына қатысты ескертулерін Қаржы министрлігі толық назарға алмады, – деді «Атамекен» ҰКП Реттелетін сатып алу департаментінің директоры Руслан Шоқаев.

Сондай-ақ кеңесте әкімдіктердегі лауазымды тұлғалардың заң бұзушылығына қатысты Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің Абай және Қызылорда облыстарындағы департаменттеріне коммуналдық кәсіпорындардың лауазымды тұлғаларының іс-әрекеттеріне құқықтық баға беру туралы ұсынымдар жолданды.

«Атамекен» ҰКП Кәсіпкерлердің құқығын қорғау және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл жөніндегі кеңес отырысының материалдары ҚР Үкіметінің аппаратына және Бас прокуратураға жіберілетін болады.

Бөлісу:
Telegram Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға