Жаңалықтар

«Мемлекеттік сатып алу туралы» жаңа заң əзірленуде – вице-министр

«Мемлекеттік сатып алу туралы» жаңа заң əзірленуде – вице-министр
Фото: ortcom.kz 09.02.2023 16:31 1162

2021 жылмен салыстырғанда бір көзден сатып алу 39%-дан 25%- ға дейін қысқарды. Бұл туралы ҚР Қаржы вице-министрі Дәурен Кеңбейіл ҚР Орталық коммуникациялар қызметінің ақпарат алаңында айтты, деп хабарлайды El.kz ақпарат агенттігі.

«2022 жылы «Мемлекеттік сатып алу туралы» Заңнан бір көзден сатып алудың 7 негізі алынып тасталды жəне 8 негіз бойынша бір көзден сатып алуды жүзеге асыру жағдайлары қайта қаралды. 2021 жылмен салыстырғанда бір көзден сатып алудың көлемін 39%-дан 25%- ға дейін азайттық. Бәсекелестік жолмен жасалған 900 конкурстың саны 2 есе өсті», - деді Дәурен Кеңбейіл.

Жаңа негіздер бойынша бәсекелестік конкурстарға баса назар аударылады. Бəсекелестік тəсілдермен сатып алуды басым жүзеге асыру туралы талап, сондай-ақ тапсырыс берушінің бірінші басшыларының бір көзден сатып алуды жүзеге асыру үшін жауапкершілігі белгіленгенін атап өтті.

«Қаржы министрлігімен Қазақстан Республикасы Президентінің «Əділетті Қазақстан: бəріміз жəне əрқайсымыз үшін. Қазір жəне əрдайым» сайлауалды бағдарламасын іске асыру жөніндегі іс-қимыл жоспарын орындау үшін сатып алынатын тауарлардың, жұмыстар мен көрсетілетін қызметтердің ең төменгі бағасынан сапа басымдығын көздейді. Сондай-ақ барлық мемлекеттік жəне квазимемлекеттік ұйымдарды сатып алудың бірыңғай платформасына ауыстыруды көздейтін «Мемлекеттік сатып алу туралы» жаңа Заң əзірленуде»», - деді ол.

«Мемлекеттік сатып алу туралы» жаңа Заңның негізгі мақсаттары:

- рəсімдерді егжей-тегжейлі реттеусіз, заңға икемділік беру;

- сатып алынатын тауарлардың, жұмыстардың, көрсетілетін қызметтердің сапасын арттыру;

- одан əрі цифрландыру есебінен сатып алу процесін оңайлату; - сатып алу бойынша бірыңғай платформа құру.

«Мемлекеттік сатып алу туралы» жаңа заң жобасы ағымдағы жылдың қыркүйек айында Парламенттің қарауына енгізілетін болады.

Бөлісу:
Telegram Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға