Мемлекеттік қызметті реформалауға бағытталған заңнамалық өзгерістер талқыланды
Мемлекеттік қызмет істері агенттігінде ҚР Парламенті Сенатының Конституциялық заңнама, сот жүйесі және құқық қорғау органдары комитетінің көшпелі отырысы өтті, деп хабарлайды El.kz ақпарат агенттігі.
Іс-шараның негізгі мақсаты – мемлекеттік қызмет саласындағы заңнаманы одан әрі жетілдіру мәселелерін талқылау. Агенттік төрағасы Дархан Жазықбаев мемлекеттік қызметті жетілдіру бойынша жүргізіліп жатқан жұмыстың барысы туралы айтты: «Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес мемлекеттік қызметке кіру кезінде артық кедергілерді жою және одан «шығу» тәртібін жеңілдету бойынша шаралар іске асырылуда».
МҚІА басшысы мемлекеттік қызмет жүйесін реформалауға бағытталған заңнамалық өзгерістер бойынша депутаттық корпуспен бірлескен жұмысты ерекше атап өтті.
Шара барысында мемлекеттік аппараттың сервистік моделін қалыптастыру, Агенттікті толыққанды HR институты ретінде қалыптастыру, Президенттік жастар кадр резерві, өңірлік жастар кадрлық резервтерін құру, мемлекеттік қызметшілерді ротациялау және бағалау мәселелері талқыланды.
Депутаттарға мемлекеттік қызметті одан әрі жетілдіру бойынша жұмыстар, оның ішінде мемлекеттік қызметті цифрландыру аясында «Е-қызмет» жүйесін жаңғырту және кадрлық бизнес-процестерді оңтайландыру мәселелері таныстырылды.
Бұл ретте, мемлекеттік қызметке үміткерлерге онлайн режимде іріктеуден өтуге мүмкіндік беретін, барлық конкурстық рәсімдердің ашықтығы мен объективтілігін қамтамасыз ететін «Е-қызмет» жүйесінің сыртқы порталы құрылды. Жүйені сынақтан өткізу бес мемлекеттік органда жүзеге асырылады.
Іс-шара барысында депутаттар Президенттік жастар кадр резерві кеңсесі, Академия тыңдаушыларына арналған цифрлық коворкинг залы, 3D-голографиялық дәрістер түрінде ақпаратты жаңғыртуға мүмкіндік беретін голограмма залының жұмысымен танысты.