Жаңалықтар

Мемлекеттік қызметшілерді даярлауға 120 грант бөлінді

Мемлекеттік қызметшілерді даярлауға 120 грант бөлінді
Фото: El.kz 03.04.2023 15:30 936
Қазақстан Республикасы жанындағы Мемлекеттік басқару академиясы 2023 жылғы магистратура мен докторантураға қабылдау науқанының басталуы туралы баспасөз мәслихатын өткізді, деп хабарлайды El.kz ақпарат агенттігі.
 
Шараға Мемлекеттік басқару академиясының ректоры Ерлан Әбіл қатысты. Ол магистратура және докторантура бағдарламалары бойынша үміткерлерден құжаттарды қабылдау 3 сәуірде басталып, 29 маусымға дейін жалғасатынын айтты. Биыл академия 6 магистрлік, 3 докторлық бағдарлама бойынша және өндірістен қол үзбей оқуға болатын 2 модульдік бағдарлама бойынша үміткерлерді қабылдайды.
 
Мемлекеттік қызметшілерді даярлауға Үкіметтен магистратура бойынша 120 грант, докторантура бойынша 12 грант бөлінген.
Ректор магистратура мен докторантураға қабылдаудың шарттары мен жаңашылдықтар туралы ақпарат берді. Сондай-ақ Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне мемлекеттік қызмет мәселелері бойынша енгізілген өзгерістер мен толықтырулардың ішінде академия түлектеріне және оқуға түсушілеріне қатысты өзгерістерге тоқталды.
 
Магистрлік білім беру бағдарламалары бойынша мемлекеттік тапсырыспен оқуға түсу үшін мемлекеттік қызметте кемінде 2 жыл еңбек өтілі болуы керек және докторлық бағдарламаларға 5 жылдан кем емес жұмыс өтілі болуы қажет. Мемлекеттік грант бойынша оқуға түсушілер міндетті түрде мемлекеттік органның қолы қойылған жолдама ұсынуы керек, - деді Ерлан Қуанышұлы.
 
Шетелдік азаматтарды қоспағанда, барлық білім беру бағдарламаларына түсушілердің бәрінде мемлекеттік тілді білу деңгейі В1 деңгейінен төмен емес екенін растайтын QAZAQ RESMI TEST немесе ҚАЗТЕСТ сертификаты болуы тиіс.
 
Академияда қазақ тілін білу деңгейін бағалайтын QRT тест деп аталатын жеке жүйе бар, оның нәтижелері Қазтест сияқты академияға құжаттарды тапсыру кезінде қабылданады. Сондай-ақ академия QRT тесттен өткісі келетіндер үшін арнайы қазақ тілі курстарын өткізеді.
 
Конкурстың бірінші кезеңі – Аналитикалық эссе жазу үшін 5 шілдеден 14 шілдеге дейінгі кезең қарастырылған. Қорытынды кезең – Сұхбаттасу, 17 шілде мен 4 тамыз аралығында академияда офлайн форматта өтеді.
 
Академияның қабылдау комиссиясы сайтта көрсетілген байланыс нөмірлері арқылы және әлеуметтік желілерде үміткерлерге кеңес беруді жұмыстарын бүгіннен бастады.
Бөлісу:
Telegram Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға