Жаңалықтар

Мемлекеттік қызметшілер ант қабылдады

Мемлекеттік қызметшілер ант қабылдады
Фото: gov.kz 30.08.2024 12:42 465

Конституция күні қарсаңында Оқу-ағарту министрлігінде мемлекеттік қызметке алғаш қабылданған мемлекеттік әкімшілік қызметшілердің ант қабылдау салтанаты өтті, деп хабарлайды El.kz ақпараттық агенттігі.

Жаңа қызметкерлер ведомство басшылығы мен ұжымның алдында салтанатты жағдайда еліміздің Конституциясы мен заңнамасын сақтауға, Қазақстан халқына адал қызмет етуге, кәсіби міндеттерін атқаруға және мемлекет мүддесін қорғауға ант берді.

Оқу-ағарту министрі Ғани Бейсембаев әріптестерін Конституция күнімен құттықтады.

Осыдан 29 жыл бұрын тәуелсіздігіміздің мызғымас іргетасы - еліміздің Ата заңы қабылданды. Қазақстан Республикасының Конституциясы азаматтардың құқықтары мен бостандықтарын, теңдігін қамтамасыз ете отырып, қоғамдық келісімнің негізіне айналды. Біздің басты мақсатымыз – бірлік пен ынтымақты нығайту, азаматтық жауапкершілікті арттыру, қоғамдағы келісім мен тұрақтылықты сақтау болып қала береді», - деп атап өтті Ғани Бейсембаев. 

Сонымен қатар биылғы жылы бірінші рет салтанатты шараға министрлік қызметкерлерінің 2024-2025 оқу жылы алғаш рет мектеп табалдырығын аттағалы отырған балалары шақырылды. Олардың әрқайсысына министр мектеп сөмкесін сыйлап, білім алуда сәттілік тіледі.

Бөлісу:
Telegram Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға