Жаңалықтар

Мемлекеттік қызметкерлерге сыйақы беруге тыйым салу: Тоқаев пікір білдірді

Мемлекеттік қызметкерлерге сыйақы беруге тыйым салу: Тоқаев пікір білдірді
Фото: Ақорда 15.11.2024 16:40 1081

Қасым-Жомарт Тоқаев мемлекеттік қызметкерлерге сыйақы беруге тыйым салынатындығы туралы мәселеге қатысты ойын айтты, деп хабарлайды El.kz ақпарат агенттігі.

Қаржы министрлігі оған тыйым салуға негіз жоқ екенін түсіндіріп берді. Мемлекеттік қызметшілер – елдегі жүйелі өзгерістердің басты жолбасшылары. Олардың табысы айтарлықтай көп емес. Кей кездері түнімен жұмыста отырады. Мемлекеттік қызметшілердің де отбасы мен міндеті, қала берді қарапайым адам ретіндегі қалауы мен жоспары бар.

Мемлекеттік органдардың тиімділігін арттыру үшін қатардағы қызметкерлердің еңбекақысы бәсекеге қабілетті болуы керек деп ойлаймын. Сыйақы аталған мәселені шешуге мүмкіндік береді. Басқа жолмен мемлекеттік қызметке білікті мамандарды тартып, кадр тұрақсыздығы проблемасын шешу қиын, - деді Тоқаев.

Президент мемлекеттен берілетін атаулы әлеуметтік көмекті шын мәнінде мұқтаж азаматтар алуы керектігін де еске салды. Себебі кейбір ауылдық жерде бір отбасынан бірнеше адам атаулы әлеуметтік көмек алатын жағдайлар кездеседі.

Өкінішке қарай, ондай азаматтарымыз жұмыс істеп, еңбек етуге де құлықсыз. Себебі мемлекеттен түсетін жәрдемге сенеді. Бұл, әрине, дұрыс емес. Түптеп келгенде, мұндай әрекет әлеуметтік масылдықты туғызып отыр, - деді ол.

Президент Әділетті Қазақстанды құру жолында барлық саладағы жұмыстың ашық болуына көңіл бөлінетінін, сол үшін де азаматтарымыздың табысын жаппай декларациялаудың мән-маңызы зор екенін тілге тиек етті. Айта кетейік, бұл талап 2021 жылдан бері біртіндеп енгізіліп жатса, алғашқы үш кезеңде 4 миллионнан астам адам декларация тапсырды.

Келесі жылы тағы 8 миллионға жуық адам декларация тапсырады деп жоспарланып отыр. Алайда бір мәселені ескеру қажет. Жаппай декларация тапсыру тұжырымдамасы осыдан 14 жыл бұрын қабылданған. Содан бері елімізде цифрландыру ісі және финтех саласы қарқынды дамып келе жатыр. Түрлі мемлекеттік мекемелерге ортақ мәліметтер базасы пайда болды. Қаржы және салық бақылауы күшейді. Демек осындай ауқымды өзгерістерден кейін төртінші, яғни, соңғы кезеңде азаматтарды декларация тапсыруға міндеттеу қаншалықты орынды деген сұрақ туады. Үкімет бұл мәселені жан-жақты пысықтауы қажет, - деді Тоқаев.

Бөлісу:
Telegram Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға