Жаңалықтар

Мемлекеттік қызмет істері агенттігі жанынан Қоғамдық кеңес құрылды

Мемлекеттік қызмет істері агенттігі жанынан Қоғамдық кеңес құрылды
Фото: gov.kz 03.03.2023 17:26 1607

Мемлекеттік қызмет істері агенттігі  жанындағы Қоғамдық кеңестің жаңа құрамы жұмысына кірісті. Кеңестің жаңа құрамына елімізге танымал заңгерлер, ғалымдар, қоғам белсенділері және медиа-менеджерлер кірді, деп хабарлайды El.kz ақпараттық агенттігі.

Қоғамдық кеңестің алғашқы отырысына қатысқан Агенттік төрағасы Дархан Жазықбаев мемлекеттік қызмет саласындағы уәкілетті органның міндеттеріне тоқталып, мемлекеттік қызметті жетілдіруге бағыттылған жобалар туралы айтты.

 «Біздің қызметіміз Мемлекет басшысы қойған міндеттерді толыққанды жүзеге асыру және халыққа шынайы, адал, ашық қызмет көрсететін, бюрократияға жол бермейтін сервистік сипаттағы мемлекеттік аппарат қалыптастыру бағытында жүргізіледі», - деді Д. Жазықбаев.

Мемлекеттік қызметшілерге қойылатын талаптар мәселесіне қатысты Агенттік төрағасы «...мемлекеттік қызметті заман талабына сай түбегейлі жаңғырту тек құқықтық нормативтік құжаттарға өзгертулер енгізумен шектелмейді. Басты міндеттердің бірі – мемлекеттік қызметшінің кәсіби-тұлғалық болмысын жетілдіру. Әрбір мемлекеттік қызметші білімді және құзыретті болумен қатар, берген антына адал болып, елге қызмет етсем деген қағидатты ұстануы керек» деп тұжырымдады.

Мемлекеттік қызмет істері агенттігі жанынан Қоғамдық кеңес құрылды

Отырыстың ұйымдастырушылық мәселелерін талқылау бөлігінде Қоғамдық кеңестің басқарушылық және ұйымдық құрылымы, жұмыс құжаттары бекітілді.

Қоғамдық кеңес төрағасы болып бірауыздан заңгер, «Academy of labour relations» ЖШС бас директоры, ҚР Президенті жанындағы Әйелдер істері және отбасылық-демографиялық саясат жөніндегі ұлттық комиссияның мүшесі Бибігүл Шәкірбайқызы Нұрашева сайланды.

Бас қосудың қорытынды бөлігі Қоғамдық кеңес төрағасының сөз сөйлеуімен аяқталды, ол өз әріптестерін заңда белгіленген құзырет шеңберінде мемлекеттік қызмет саласындағы уәкілетті органның жұмыстары мен жобаларын белсенді ілгерілетуге шақырды.

Бөлісу:
Telegram Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға