Мемлекеттік басқару жүйесіне өзгеріс керек - Эльвира Әзімова
Жасалған құқық бұзушылықтар мен кір келтіретін теріс қылықтар үшін жазалау шаралары сақталуы тиіс. Келеңсіз салдардың туындауын алдын алатын превентивті заңнаманы күшейту қажет. Бұл туралы Парламент палаталарының бірлескен отырысында Конституциялық Сот төрағасы Эльвира Әзімова айтты, деп хабарлайды El.kz ақпарат агенттігі.
Бұл мәселе сыбайлас жемқорлық тәуекелдеріне, барабар еңбекақыға және еңбек жағдайларына, азаматтардың құқықтарын қорғау тетіктеріне қатысты екенін атап өтті.
Судья, құқық қорғау органының қызметкері және мемлекеттік қызметші мәртебесіне қатысты заңдар адам құқықтарына шектеулер белгілей алады деген ұстанымды сақтай отырып, сыбайлас жемқорлық тәуекелдері мен өзге де салдарды ескеріп, тиісті шектеулердің ақылға қонымды және теңгерімді болуына назар аудару керек, - деді Конституциялық Сот төрағасы.
Атап айтсақ, Конституцияның 39-бабының талаптарына сәйкес нақты шектеу түрлерін саралау тәсілімен қамтамасыз ету талап етіледі. Соңғы үш жылда болған төтенше жағдайлар мемлекеттік басқару жүйесіне қатысты тиімді шаралар қолдану қажеттігін тағы да растап отыр.
Мемлекеттік қызметші, судья, құқық қорғау органы немесе өзге де күштік орган қызметкері өз функцияларын адал және заң шеңберінде орындауға міндетті. Бұл ретте бұл позицияларға қажетті біліктілігі бар, жауапкершілікті өз мойнына алуға дайын адамдар келуге тиіс, - деді Эльвира Әзімова.