Жаңалықтар

Мемлекеттік басқару академиясы 2024-2025 оқу жылына құжат қабылдауды бастады

Мемлекеттік басқару академиясы 2024-2025 оқу жылына құжат қабылдауды бастады
Фото: Мемлекеттік басқару академиясының баспасөз қызметі 01.04.2024 22:09 937

ҚР Президенті жанындағы Мемлекеттік басқару академиясы 2024-2025 оқу жылына құжат қабылдауды бастады. Бұл туралы академия ректоры Ерлан Әбіл брифингте мәлімдеді, деп хабарлайды El.kz ақпарат агенттігі.

Оқуға құжаттарды қабылдау онлайн форматта академияның арнайы ақпараттық жүйесі арқылы 1 сәуірден 26 маусымға дейін жалғасады. Спикердің айтуынша, биыл оқуға қабылдау ережелерінде бірқатар өзгеріс бар.

«Халықаралық қатынастар», «Мемлекеттік саясат» және «Экономика» екі жылдық бағдарламалары бойынша оқу мерзімі екі жылдан бір жарым жылға дейін қысқартылды. Биыл «Мемлекеттік басқару» бағдарламасына құқық қорғау органдарынан және арнайы мемлекеттік органдардан да үміткерлерді қабылдаймыз. Қабылдау науқанының жалпы мерзімі 20 күнге қысқартылды. Қорытынды ақпаратты биыл 5 тамызда жариялауды жоспарлап отырмыз. Сонымен қатар магистратура бағдарламалары үшін сұхбат кезеңін бағалаудың үлес салмағы 70%-ға дейін және докторантура үшін 50%-ға дейін көтерілді, – деді академия ректоры.

Мемлекеттік басқару академиясы баспасөз қызметінің мәліметіне сүйенсек, магистрлік білім беру бағдарламалары бойынша мемлекеттік тапсырыспен оқуға түсу үшін мемлекеттік қызметте кемінде 2 жыл, ал докторлық бағдарламалар үшін 5 жыл еңбек өтілі болуы қажет.

Академияда мемлекеттік қызметшілерді даярлау 8 магистратура бағдарламасы және 3 докторантура бағдарламасы бойынша жүзеге асырылады. Сондай-ақ мемлекеттік қызметші емес тұлғаларға негізгі жұмысымен қатар оқуға болатын 2 модульдік бағдарлама қарастырылған. Мемлекеттік қызметшілерді даярлауға магистратура бойынша 120 грант, докторантура бойынша 12 грант бөлінген. Грантқа тапсырушылар мемлекеттік органның жолдамасын ұсынуы қажет. Оған мемлекеттік орган басшысы немесе аппарат басшысы қол қоюы керек. Шетелдік азаматтарды есептемегенде, барлық білім беру бағдарламаларына түсушілердің мемлекеттік тілді меңгеруі В1 деңгейінен төмен емес екенін растайтын QAZAQ RESMI TEST немесе ҚАЗТЕСТ сертификаты болуы тиіс, – деп атап өтті спикер.

Академия ректорының мәліметінше, іріктеудің алғашқы кезеңі – аналитикалық эссе жазу 29 маусымда нақты уақыт режимінде өтеді. Докторантураға үміткерлер зерттеу жұмысының жоспарын (Research proposal) 26 маусымға дейін жүктеуі керек, жоспарлар 7 шілдеге дейін бағаланады. Қорытынды кезең – сұхбат – 1-20 шілде аралығында академия қабырғасында офлайн форматта өтеді. 22 шілде күні аралық қорытынды шығарылады.

Бөлісу:
Telegram Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға