Жаңалықтар

Мемлекеттің тірегі – жалғыз президент емес, бүкіл халық

Бұл туралы мемлекет басшысы кезектен тыс президент сайлауында Қасым-Жомарт Тоқаевтың кандидатурасын қолдау жөніндегі халықтық коалиция форумында сөйлеген сөзінде айтты
Мемлекеттің тірегі – жалғыз президент емес, бүкіл халық
Фото: Ақорда 06.10.2022 17:31 1734

Кезектен тыс президент сайлауында Қасым-Жомарт Тоқаевтың кандидатурасын қолдау жөніндегі халықтық коалиция форумында сөйлеген сөзінде Мемлекет басшысы Президенттің өкілеттігін 7 жылдық бір мерзіммен шектеу туралы шешімге қалай келгенін айтты, деп хабарлайды El.kz.

«Тағы бір бастама – Президенттің өкілеттігін 7 жылдық бір мерзіммен шектеу. Мен осы шешім туралы көп ойландым. Бір адамның ұзақ уақыт билікте болуы дұрыс емес деген тұжырымға келдім.

Мемлекеттің тірегі – жалғыз Президент емес, бүкіл халық. Сондықтан, ел басқаруға жаңа буын өкілдерінің келуі өте маңызды.

Біз ұлт мүддесін қорғайтын және халыққа адал қызмет ететін азаматтарға жол ашуымыз керек. Нағыз мемлекетшіл, отаншыл, білікті тұлғалар жұртты жасампаз істерге жұмылдырып, Қазақстанды өркендете алады. Осы ұстаным мызғымас қағидатымыз болуға тиіс», - деді Президент.

Мемлекет басшысы елімізде демографиялық ахуал жақсарып келе жатқанын айта келіп, «Аңсаған сәби» бағдарламасына тоқталды.

«Ұлт саулығы – басты байлығымыз. 2020 жылдан бастап міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру жүйесі қолданысқа енгізілді. Соның арқасында денсаулық сақтау саласын қаржыландыру 1,5 есе артты.

Медициналық көмектің сапасын жақсарту үшін жүйелі жұмыс атқарылып жатыр. Сондай-ақ, дене шынықтыру саласын дамытуға ерекше көңіл бөлініп отыр. Бұқаралық спортты дамыту, түрлі үйірмелер ашу қажеттігі туралы міндет қойылды», - деді Қасым-Жомарт Тоқаев.

Бөлісу:
Telegram Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға