Жаңалықтар

Мемлекеттен жер телімін қалай алуға болады?

Әрбір қазақстандықтың 10 соттық жер телімін алуға мүмкіндігі бар
Мемлекеттен жер телімін қалай алуға болады?
09.08.2017 12:38 20287

Кез келген қазақстандық өз баспанасын тұрғызу үшін мемлекеттен тегін жер телімін алуға құқылы. Өзіңізге тиесілі 10 сотық жерді алу үшін қандай құжаттар қажет, қайда бару керек және не істек керек деген сұрақтардың жауабын осы мақаламыздан таба аласыз.

Статус-кво

Әрбір қазақстандық жеке баспанасын салу үшін 0,10 га жер телімін алуға құқығы бар (Қазақстан Республикасының Жер кодексінің 50-бабы, 2 тармағы). Жер кодексі 2003 жылдан бері заңнамалық күшке ие. Бұл құжат күшіне енген 14 жылдың ішінде барлығы 1 547 141 сұраныс келіп түскен. Дегенмен, көптен күткен жер телімдеріне сұраныс бергендердің тең жартысы әлі ала алмай жүр.

Билік органдары 2016 жылы жер теліміне тұрғандардың кезегін реттеу үшін «Нұрлы жер» тұрғын үй құрылысының бірыңғай бағдарламасын әзірлеп шығарды. Осы бағдарламаның аясында қазақстандықтарға өз үйін тұрғызу мақсатында 10 соттықтан 664 000 жер телімі берілетін болды. Бірақ, ол жерді меншіктеу үшін алдымен сондағы инфрақұрылымды дамыту қажет. Мәселен, Астана қаласында су, жарықпен қамтамасыз ету жұмыстары ұзақ жүргізіліп жатқандықтан, 2007 жылдан бері ешқандай жер телімі берілмеген.

Алматы әкімдігінің хабарлауынша, 2020 жылға дейінгі қаланы дамытудың Бас жоспарында жеке тұрғын үй құрылысын жүргізу жұмыстары қарастырылмаған. Бұған қарамастан, ел азаматтары үміттерін үзбей, күн сайын өтініш түсіріп жатыр.

Іске асыру механизмі

Көптеген ел тұрғындары жеке тұрғын үй тұрғызуға берілетін 10 соттық жер телімін алу үшін өтінішті қалай беруді толық білмейді. Жер құқығының сарапшылары уақытты үнемдеу мен үдерістің жылдам аяқталуына ықпал ететін төменгі алгоритмдерді ұсынады.

1. Жер телімінің орнын анықтап алу

Алғыныңыз келген жер телімінің нақты қайда орналасқанын қалайсыз? Алдымен, бір шешімге келіп алыңыз. Құжаттарыңызды өзіңіз тіркелген емес, алғыңыз келген жер телімі қарайтын әкімдікке өткізу қажет. Сарапшылар, өтініштер аз түсіп жатқан аумаққа өтініш берсеңіз, кезегіңіз жылдам келуі мүмкін екенін айтады.

2. Құжаттарды өткізу

Жер телімін алу кезегіне тұру үшін бар болғаны үш құжат өткізсе жеткілікті: жеке куәліктің көшірмесі, жер телімнің немесе басқа жылжымайтын мүліктің бар-жоғы туралы анықтамасы және де өтініштің өзі.

Көптеген адамдар әкімдіктегілер басқа да құжаттар сұрап, сабылтады деп ойлайтыны рас. Егер әкімшілік қызметкерлері тарапынан мұндай әрекеттер болып жатса, еш ойланбастан прокуратураға арыз түсіріңіз.

3. Комиссия шешімі

Өтінішті қарау ұзақтығы 60 күнді құрайды. Егер жауап оң болса, комиссия 7 жұмыс күні аралығында жер телімін алу үшін кезекке қояды. Сондай-ақ, қолыңызға кезек нөмірін бақылауға болатын деректері бар хабарлама беріледі.

4. Кезегіңіз келіп тұрса, не істеу керек?

Көптен күткен жер теліміңізге қол жеткізу – үлкен қуаныш. Мұндай бақытты жандар шын мәнісінде аз емес. Сіздің кезегіңіз келгені туралы хабарлама алсаңыз, 5 жұмыс күні ішінде берліген жер телімінін жалға алу құқығын рәсімдеу үшін тиісті құжаттармен әкімдікке барасыз. Бұл кезеңдегі жұмыстың нәтижесі – жерді пайдалану актісін алу болмақ.

5. Үй тұрғызу

Сіз жарты жыл көлемінде жеке тұрғын үй құрылысын бастап кетуіңіз қажет. Бұл уақытты бір жылға дейін ұзартуға болады. Егер екі жылда ешқандай құрылыс жүрмесе, мемлекет жер теліміңізді алып қоюға құқылы.

Сізге берілген жер телімі үйді толық тұрғызып, қоныстанған кезде ғана сіздің атыңызға өтеді. Оған дейін сіз жалға алушысыз.

10 сотық жердің бақытты иесі болу оңай емес. Алайда талпынбасаңыз, бұйырған дүниенің өзінен құр қаласыз.

Бөлісу:
Telegram Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға