Мемлекетаралық іздеуде жүрген: Ақтау әкімінің бұрынғы орынбасары ұсталды

Мемлекетаралық іздеуде жүрген Ақтау қаласы әкімінің бұрынғы орынбасары Тимур Сәдуақасов ұсталды, деп хабарлайды El.kz ақпарат агенттігі.
Қаржылық мониторинг агенттігі мәліметінше, Тимур Сәдуақасовты мемлекеттік шекараны заңсыз кесіп өту кезінде Өзбекстан Республикасының шекара қызметі ұстаған.
Оған қатысты Өзбекстан Республикасына заңсыз кіру фактісі бойынша қылмыстық іс қозғалды. Бар мәліметке сәйкес, Сәдуақасов Т.Х. тергеу изоляторына қамауға алынған. Қазіргі уақытта оны Өзбекстан Республикасынан экстрадициялау мәселесі бойынша Бас прокуратурамен бірлесіп тиісті материалдар дайындалуда, - делінген мәліметте.
Еске сала кетейік, экс-шенеунікке алаяқтық және аса ірі көлемде пара беруге итермелеу бойынша айып тағылған.
Тергеу деректеріне сәйкес, 2023 жылғы шілде айында Сәдуақасов Т.Х. және «Обуховское» кен орнында заңсыз пайдалы қазбалар өндіру ісіне қатысты адвокат – Құрманбаев С.Н. лауазымды тұлғалар арасындағы байланыстарын пайдалана отырып, Долгалев В.И-қа кәсіптегі серіктестеріне қарсы қылмыстық іс қозғауды ұсынған.
Алдын ала келісім бойынша, параның бірінші бөлігі ретінде 90 млн теңге алған Сәдуақасов пен Құрманбаев бұл қаражатты өздері иемденіп, уәде етілген міндеттемелерін орындамаған.
