Жаңалықтар

Мемлекет басшысының жолдауын заңнамалық тұрғыдан қамтамасыз ету – Әшімбаев

Мәулен Әшімбаев ел Президенті айқындаған міндеттерді іске асыру үшін Парламент Сенаты белсенді жұмыс істеуге дайын екенін айтты
Мемлекет басшысының жолдауын заңнамалық тұрғыдан қамтамасыз ету – Әшімбаев
Фото: 7kun.kz 01.09.2022 15:04 891

Сенат Спикері Мәулен Әшімбаевтың төрағалығымен Палатаның жаңа сессиядағы алғашқы отырысы өтті. Сенат Төрағасы Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев жаңа Жолдауда ел дамуының басым бағыттарын белгілеп бергенін атап өтті, деп хабарлайды El.kz. Бұл туралы Сенаттың баспасөз қызметі мәлімдеді.

Мәулен Әшімбаев ел Президенті айқындаған міндеттерді іске асыру үшін Парламент Сенаты белсенді жұмыс істеуге дайын екенін айтты.

«Жолдауда экономиканы әртараптандыру, халықтың әл-ауқатын арттыру, саяси жүйені әрі қарай реформалау бағыттары бойынша маңызды бастамалар айтылды. Оның бәрі – Жаңа Қазақстан құруға арналған нақты қадамдар. Соған байланысты Парламентке бірқатар заңнамалық міндет жүктелді. Сенат бұл бағытта белсенді және тиімді жұмыс істеуге дайын. Бұл – біздің басты міндетіміз», – деді Мәулен Әшімбаев.

Сенат Төрағасы бұл істе мүдделес құрылымдармен бірлесіп әрекет етудің маңызды екеніне назар аударды.

«Жолдауды іске асыру үшін сарапшылар қауымдастығымен, қоғамдық институттармен және басқа да мүдделес тараптармен бірлесіп жұмыс істеуіміз қажет.Мәжіліспен және Үкіметпен бірге қажетті, сапалы заңдарды уақтылы қабылдаудың да маңызы зор», – деді Палата Спикері.

Сонымен қатар ол сенаторлардың шілде, тамыз айларында өңірлерге және шалғай ауылдарға жасаған сапарларына тоқталды. Сенат Төрағасы жұртшылықпен және жергілікті тұрғындармен кездесулерде көтерілген мәселелер Палатаның алдағы сессиядағы жұмысында жан-жақты ескерілуі қажет екенін де тілге тиек етті.

Отырыста жаңадан құрылған Абай, Жетісу және Ұлытау облыстарынан сайланған сенаторлар халыққа ант берді. Сондай-ақ олар Палатаның тұрақты комитеттерінің құрамына сайланды. Соған сәйкес Айнұр Арғынбекова, Советбек Медебаев, Амангелді Толамисов Конституциялық заңнама, сот жүйесі және құқық қорғау органдары комитетінің мүшелері болды. Ал,Бақытжан Байахметов – Қаржы және бюджет комитетінің, Ғалиасқар Сарыбаев – Халықаралық қатынастар, қорғаныс және қауіпсіздік комитетінің және Серік Шайдаров Экономикалық саясат, инновациялық даму және кәсіпкерлік комитетінің құрамына сайланды.

«Жаңадан сайланған депутаттарды сайлаудағы жеңістерімен құттықтаймыз. Сенат жұмысына белсенді араласып,депутаттық міндеттеріңізді абыроймен атқарасыздар деп сенеміз», – деді Мәулен Әшімбаев

Бөлісу:
Telegram Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға