Жаңалықтар

Мемлекет басшысы Жетісу облысының әкімі Бейбіт Исабаевты қабылдады

Мемлекет басшысы Жетісу облысының әкімі Бейбіт Исабаевты қабылдады
Фото: Ақорда 05.09.2024 12:50 395

Мемлекет басшысы Жетісу облысының әкімі Бейбіт Исабаевты қабылдады, деп хабарлайды El.kz ақпарат агенттігі.

Бейбіт Исабаев өңірдің биылғы 7 айдағы әлеуметтік-экономикалық дамуының қорытындылары туралы есеп берді және алдағы жоспарын таныстырды.

Оның есебінде:
      – 2024 жылдың қаңтар-шілде айларында қысқа мерзімді экономикалық индикатор 112,4 пайызды құраған;
      – облысқа 188,2 миллиард теңге инвестиция тартылды, соның ішінде жеке инвестицияның мөлшері 136,7 миллиард теңгеге жеткен;
аймақ экономикасының аграрлық салаға негізделгенін ескере отырып, пайдаланылмаған жерлерді қайтару және айналымға енгізу шараларына, «Ауыл аманаты» бағдарламасын жүзеге асыру, қант өндірісін дамыту мәселелеріне баса мән берілгенін айтты;
өнеркәсіп өндірісін өркендету, өңірге инвестиция тарту жайында мәлімет берді:
      – бірқатар перспективті инвестициялық жоба іске асырылып жатыр. Олардың қатарында Кербұлақ ауданындағы металлургия комбинаты, «Қорғас – Шығыс қақпасы» арнайы экономикалық аймағындағы «Қазақстан-Қытай халықаралық өнеркәсіп қаласы» индустриалды паркі, Жоңғар қақпасы аумағындағы қуаты 1 ГВт болатын жел электр станциясы сияқты ірі жобалар бар;
      – өңірдің көлік-логистикалық және транзиттік әлеуетін арттыру үшін жүйелі жұмыстар қолға алынған;
тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық саласының жай-күйі туралы баяндады:
      – жыл соңына дейін өңірді газбен қамту деңгейі 56,5 пайызға жетеді. 2028 жылға қарай Жетісу облысы көгілдір отынмен толық қамтылады деп күтіліп отыр;
      – соңғы 2 жылда облыста 86 әлеуметтік инфрақұрылым нысаны салынып, жөндеуден өткен;
тұрғын үй және жол құрылысы, туризмді дамыту жайында ақпарат берді:
      – жалпы Жетісудың туристік бағыты Алакөл, Балқаш көлдері, «Алтынемел», «Жоңғар Алатауы» ұлттық парктері, Жоңғар Алатауының тау массивтері секілді халық жиі баратын орындардың әлеуетіне иек артады;
      – экологиялық туризмді дамыту мақсатында Бұрханбұлақ сарқырамасы мен Жасылкөлге апаратын жол салу жоспарланған.

Мемлекет басшысы өңірді әлеуметтік-экономикалық тұрғыдан дамыту және халықтың әл-ауқатын жақсарту бағытындағы жұмыстарды одан әрі жалғастыруды тапсырды.

Бөлісу:
Telegram Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға