Жаңалықтар

Мемлекет басшысы Ұлттық банк төрағасы Ғалымжан Пірматовты қабылдады

Мемлекет басшысы Ұлттық банк төрағасы Ғалымжан Пірматовты қабылдады
Фото: Ақорда 20.12.2022 15:31 1338

Мемлекет басшысы Ұлттық банк төрағасы Ғалымжан Пірматовты қабылдады, деп хабарлайды El.kz ақпараттық агенттігі.Бұл туралы Ақорда мәлімдеді.

Президентке Ұлттық банктің биылғы қаңтар-қараша айларындағы ақша-кредит саясатының алдын ала қорытындылары туралы есеп берілді. Қасым-Жомарт Тоқаевқа сыртқы және ішкі нарықтардағы ахуал, инфляцияның өсу қарқыны мен оның болжамы, сондай-ақ алтын-валюта резервтерінің жай-күйі жөнінде баяндалды.

Кездесу барысында Ұлттық банктің қабылдаған шаралары теңгелей салынған депозиттердің бұрын-соңды болмаған деңгейге дейін өсуіне, валюта нарығын тұрақтандыруға және экономиканы кредиттеу өсімін жалғастыруға оң ықпал еткені атап өтілді. Президентке цифрлық теңгені енгізу қажеттігіне қатысты жүргізілген зерттеу қорытындылары баяндалды.

Ғалымжан Пірматовтың айтуынша, нарық қатысушылары, нақты тұтынушылар мен сауда-сервистік кәсіпорындарының қатысуымен өткен цифрлық теңге платформасын тестілеу сәтті болды. Цифрлық теңгенің енгізілуі қолма-қол ақшасыз төлемнің қолжетімділігін арттырып, мемлекеттік шығындардың ашықтығын қамтамасыз етеді және инновациялық қаржы өнімдерін жасауға мүмкіндік береді.

Ұлттық банк төрағасы цифрлық теңге 2025 жылдың соңына дейін қолданысқа енгізілетінін жеткізді. Цифрлық теңгені айналымға енгізу жоспары үш кезеңнен тұрады. Мемлекет басшысы жобаны одан әрі жүзеге асыру жөнінде міндет жүктеді. Кездесу соңында Қасым-Жомарт Тоқаев ақша-кредит саясатын тиімді іске асыруға бағытталған бірқатар нақты тапсырма берді.

Бөлісу:
Telegram Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға