Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Астанаға ресми сапармен келген Түрікменстан Министрлер кабинеті төрағасының орынбасары – Сыртқы істер министрі Рашид Мередовті қабылдады, деп хабарлайды Ақордаға сілтеме жасап El.kz ақпарат агенттігі.
Мемлекет басшысы түрікмен дипломатына ілтипат білдіре отырып, достық, тату көршілік және стратегиялық серіктестік рухында нығайып келе жатқан қазақ-түрікмен қатынастарының қазіргі жай-күйіне оң баға берді.
Біз Түрікменстанды сенімді стратегиялық серіктес және тарихи тұрғыдан туыс мемлекет ретінде қарастырамыз. Шын мәнінде, соңғы жылдары елдеріміз арасындағы ынтымақтастық қарыштап дамып, соның ішінде экономиканың стратегиялық салалары тың қарқын алды, – деді Президент.
Қасым-Жомарт Тоқаев орайлы сәтті пайдалана отырып, Түрікменстан Президенті Сердар Бердімұхамедов пен Түрікмен халқының ұлттық көшбасшысы, Халк Маслахатының төрағасы Гурбангулы Бердімұхамедовке ізгі тілегін жолдады.
Рашид Мередов дәстүрлі түрде құрмет көрсеткені үшін Қазақстан Президентіне алғыс айтып, мемлекетаралық байланыстардың барлық бағыты бойынша Астанамен арадағы екіжақты ынтымақтастықты одан әрі кеңейтуге Ашхабадтың бейілді екенін растады.
Кездесуде сауда-экономика, энергетика және көлік-логистика салаларындағы ірі жобалардың жүзеге асырылу барысы талқыланды. Сондай-ақ аталған жобаларды толықтай іске асыру маңызды екені атап өтіліп, бұл бауырлас мемлекеттер арасындағы қарым-қатынастарға жаңа сипат беретіні жайында айтылды. Бұдан бөлек жылдан-жылға тың мазмұнмен байып келе жатқан мәдени-гуманитарлық саладағы ықпалдастыққа баса мән берілді.
Қасым-Жомарт Тоқаев пен Рашид Мередов өңірлік және халықаралық күн тәртібіндегі өзекті мәселелерді талқылап, жоғары деңгейдегі байланыстардың алдағы кестесін қарастырды.
Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға