Мемлекет басшысы Санитариялық-эпидемиологиялық сараптама орталығына барды
Қасым-Жомарт Тоқаев ҚР Президенті Іс басқармасының Медициналық орталығына қарасты Санитариялық-эпидемиологиялық сараптама орталығының биыл пайдалануға берілген жаңа ғимаратын аралап көрді. Бұл туралы Ақорданың баспасөз қызметіне сілтеме жасай отырып El.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.
Санитариялық-эпидемиологиялық сараптама орталығында қоршаған орта объектілеріне және тамақ өнімдеріне бактериологиялық, молекулярлық-генетикалық, паразитологиялық, санитариялық-химиялық және токсикологиялық, радиологиялық зерттеу жұмыстары жүргізіледі.
Мемлекет басшысына орталықтағы заманауи құралдармен жабдықталған және ең жаңа әдістемелерді пайдалана отырып, жедел әрі нақты нәтижелерді алуға мүмкіндік беретін зертханалар таныстырылды. Онда заманауи анализаторлармен бірге агрессивті-химиялық реактивтерді қажет етпейтін, экспресс-әдістемелерді қолданатын портативті зертханалық құрылғылар орнатылған. Бұл зерттеу уақытын едәуір қысқартып қана қоймай, қаржыны да үнемдейді.
Қазақстан Республикасы Президентінің Іс басқармасы Медициналық орталығының басшысы Алексей Цойдың айтуынша, Санитариялық-эпидемиялық сараптама орталығында 8 зертхана жұмыс істейді. Алдағы уақытта зерттеулер номенклатурасын жылына 2000-ға дейін кеңейту көзделіп отыр.
Сонымен қатар зерттеулердің жаңа түрлерін, халықаралық сапа және құзыреттілік стандарттарын енгізу нәтижесінде Орталық Референс зертхана мәртебесіне ие бола алады. Яғни, басқа зертханалардағы күмән тудырған зерттеулердің дұрыстығы мен дәлдігін осы жерде нақты тексеруге болады.
Қасым-Жомарт Тоқаев өз міндеттерін үлкен жауапкершілікпен атқарып жүрген мамандарға алғыс айтып, жаңа сараптама орталығы ел игілігіне қызмет ететініне сенім білдірді.
Мемлекет басшысы Медициналық орталықтың қоғамдық денсаулық сақтау ісіне қосқан үлесі мен стратегиялық маңызы зор екенін атап өтті.