Мемлекет басшысы Қырғызстан Президентіне алғыс айтты

Мемлекет басшысы Қырғызстан Президенті Садыр Жапаровпен телефон арқылы сөйлесті, деп хабарлайды El.kz ақпарат агенттігі.
Қасым-Жомарт Тоқаев су тасқынына байланысты бауырлас елдің көрсеткен көмегі үшін Садыр Жапаров пен Қырғызстан халқына алғыс айтты. Сондай-ақ бұл гуманитарлық көмек екі ел арасындағы шынайы достықты, тілеулестікті және тығыз одақтастық қарым-қатынасты білдіретінін атап өтті.
Мемлекеттер басшылары қазақ-қырғыз қатынастары барлық бағытта қарқынды дамып келе жатқанына назар аударды.
Әңгімелесу барысында президенттер сауда-экономикалық, инвестициялық және мәдени-гуманитарлық ынтымақтастықты одан әрі нығайту перспективаларын талқылады.
Сонымен қатар тараптар халықаралық және өңірлік күн тәртібі бойынша пікір алмасты.
Қырғызстан Президенті жақын арада Қасым-Жомарт Тоқаевтың шақыруымен Қазақстанға ресми сапармен келетінін растады.
