Жаңалықтар

Мемлекет басшысы қазақстандықтарды Бердібек Соқпақбаевтың 100 жылдық мерейтойымен құттықтады

Мемлекет басшысы қазақстандықтарды Бердібек Соқпақбаевтың 100 жылдық мерейтойымен құттықтады
Фото: Сенаттың баспасөз қызметі 21.09.2024 16:43 651

Алматы облысы Райымбек ауданының Нарынқол ауылында қазақ әдебиетінің көрнекті өкілі, классик жазушы Бердібек Соқпақбаевтың 100 жылдық мерейтойына арналған ескерткіштің салтанатты ашылу рәсімі өтті, деп хабарлайды El.kz ақпарат агенттігі.

Сенаттың баспасөз қызметінің мәліметінше, іс-шараға мемлекет басшысының тапсырмасымен Парламент Сенатының төрағасы Мәулен Әшімбаев қатысып, жергілікті жұртшылыққа ел Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың құттықтау хатын оқып берді.

Мемлекет басшысының құттықтауында Бердібек Соқпақбаев қазақ балалар әдебиетінің дамуына өлшеусіз үлес қосқан қарымды қаламгер екені айтылған. Оның «Балалық шаққа саяхат», «Менің атым Қожа», «Өлгендер қайтып келмейді», «Жекпе-жек» сынды теңдессіз туындылар жазып, ешқашан ескірмейтін ғажайып мұра қалдырғаны да назарға алынған. Адам психологиясын, қазақтың жан дүниесін асқан шеберлікпен аша білген суреткердің шығармаларындағы шынайы бейнелер нағыз халықтық кейіпкерлерге айналды. Бірнеше буын ұрпақтың жазушы туындыларын оқып өсуі – осының айқын дәлелі.

Бердібек Соқпақбаев қазақ әдебиетінде ешкімге ұқсамайтын қайталанбас қолтаңбасын қалдырды. Ардақты азаматтың есімін ұлықтап, еңбегін ел жадында жаңғырту – бәрімізге ортақ парыз. Осы орайда, жазушының 100 жылдығы ЮНЕСКО-ның атаулы күндері тізбесіне енгізілуі және туған жерінде сәулетті ескерткішінің бой көтеруі – әйгілі сөз зергеріне деген қадір-құрметтің белгісі. Қаламгердің өзіне ғана емес, оның кейіпкеріне ескерткіш орнату – өте сирек кездесетін оқиға. Астана төрінде тұрған Қожаның мүсіні Соқпақбаев шығармашылығының ұлт руханиятында ерекше орын алатынын көрсетеді, – делінген президенттің құттықтауында.

Мәулен Әшімбаев өз сөзінде аталған өлкеден Райымбектей айбынды батыр мен Мұқағалидай арқалы ақын шыққанын тілге тиек етіп, осы өңірдің төл перзенті Бердібек Соқпақбаевтың есімі қазақ әдебиетінің тарихына алтын әріппен жазылғанына назар аударды. Сондай-ақ ол соңына қалдырған мұрасы ұлттың рухани қазынасына айналған көрнекті тұлғалардың есімін ұлықтау және оларды өнегелі өмірін кеңінен зерделеп, дәріптеу аса маңызды екенін атап өтті.

Палата Спикері Б.Соқпақбаевтың шығармашылығы әрдайым өзгелерден дараланып тұратынын және олар шынайылық пен қарапайымдылыққа табан тірейтінін айтты. Жазушының туындылары қазақстандықтармен бірге бүкіл әлем оқырмандарының ыстық ықыласына бөленіп, әр буынның жадында сақталатын құнды дүниеге айналды. Қаламгердің «Менің атым Қожа» повесінің 68 тілге аударылуы соның жарқын көрінісі. Ал, шығарма желісімен түсірілген кинокартина 1967 жылы Канн қаласында өткен балалар мен жасөспірімдерге арналған фильмдердің халықаралық кинофестивалінде дипломант атанды.

Сонымен қатар Сенат Төрағасы жас буынның бойында дұрыс құндылықтар жүйесін қалыптастыру ісінде әдебиеттің, өнердің және креативті индустрияның рөлі жоғары екенін, бұл мәселеге Мемлекет басшысы бірнеше мәрте тоқталғанын атап өтті.

Президентіміз Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаев өскелең ұрпақтың бойында оқу мәдениетін қалыптастырудың маңызына назар аударып, осы бағытта «Балалар кітапханасы» атты жаңа бағдарламаны қолға алуды тапсырды. Бұл жоба қазақ әдебиетінің түрлі кезеңдері мен жанрларын қамтитын кітаптардың арнайы тізімін жасақтап, олардың балаларға қолжетімді болуы қамтамасыз етуді көздейді. Сондай-ақ биыл елде «Ұлттық кітап күні» белгіленді. Осындай кешенді шаралардың барлығы қаламгерлеріміздің есімін мәңгілік етуге зор үлесін қосатыны сөзсіз. Сондықтан алдағы уақытта мүдделі мемлекеттік органдар мен Жазушылар Одағы бірлесе отырып, осы бағыттағы жүйелі жұмыстарды әрі қарай жалғастырады деп сенеміз, – деді Мәулен Әшімбаев.

Сапар аясында Палата спикері Қарасаз ауылына арнайы ат басын бұрып, Мұқағали Мақатаевтың әдеби-мемориалдық музейіне барды және өңірдің дарынды жастарын қолдауға арналған Өнер мектебінің ашылу рәсіміне қатысты. Бердібек Соқпақбаевтың 100 жылдық мерейтойына жиналған меймандармен бірге жазушы атындағы саябақта ағаш отырғызды. Одан бөлек, Кеген ауылына барып, «Қамқорлық» балаларды оңалту орталығының қызметімен танысты.

Сондай-ақ Мәулен Әшімбаев ел Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың бастамасымен қолға алынған «Ауыл кітапханаларына арналған 100 кітап» акциясына атсалысты. Палата Төрағасы жазушы Бердібек Соқпақбаев туған Қостөбе ауылындағы мектепке қазақ әдебиетінің классиктері мен шетелдік авторлардың кітаптарын тарту етті. Атап айтқанда, мектеп кітапханасы Бердібек Соқпақбаевпен бірге Абай, Ыбырай Алтынсарин, Мұхтар Әуезов, Шыңғыс Айтматов, Эрнест Хемингуэй, Даниэль Дефо, Иван Тургенев, Жюль Верн және басқа да жазушылар мен ақындардың шығармаларымен толықты.

Бөлісу:
Telegram Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға