Мемлекет басшысы педофилдер мен экстремистерге елімізге кіруге тыйым салатын заңға қол қойды
Мемлекет басшысы «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне халықтың көші-қоны және қылмыстық-атқару жүйесі салаларындағы заңнаманы жетілдіру мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» Қазақстан Республикасының Заңына қол қойды. Бұл туралы Ақорданың баспасөз қызметіне сілтеме жасай отырып El.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.
Заңда:
қылмыстық-атқару жүйесі мекемелеріндегі, тергеу изоляторларындағы және уақытша ұстау изоляторларындағы бейнебақылау жүйелерін бүлдіргені үшін қылмыстық жауапкершілік белгіленген;
Үкімет айқындаған өңірлерге қоныс аударатын адамдар үшін шаруа немесе фермер қожалығына жер учаскелерін беру көзделген;
қоныс аударушыларға және олардың отбасы мүшелеріне мемлекеттік қолдау ретінде көшуге субсидия, тұрғын үй жалдау, коммуналдық қызмет төлемдерінің шығындарына өтемақы, сондай-ақ экономикалық мобильділік сертификаттары секілді материалдық көмек көрсету көзделген;
Қазақстан азаматтығын беруден және қалпына келтіруден бас тарту үшін кәмелетке толмағандардың жыныстық тиіспеушілігіне қарсы қылмыстар жасау, қарапайым деңгейде мемлекеттік тілді білмеу, Қазақстан Конституциясының негіздерінен, ғылым және жоғары білім саласындағы уәкілетті орган айқындайтын деңгейде төл тарихымыздан хабардар болмау секілді қосымша негіздер қарастырылған;
Қазақстанда тұрақты тұруға рұқсат алу құқығын беретін инвесторларға арналған көпреттік виза және сұранысқа ие кәсіп иелері үшін виза енгізілген;
экстремистік немесе террористік ұйымға қатысы бар, қайтадан қылмыс жасаған, ұйымдасқан топтың (қылмыстық ұйымның) «серкесі» саналатын, кәмелетке толмағандардың жыныстық тиіспеушілігіне қарсы қылмыстар жасаған, сондай-ақ Қазақстанда ауыр немесе аса ауыр қылмыс жасаған және халықаралық шарттар негізінде өз азаматтығы бар елге берілген адамдардың елімізге кіруіне тыйым салынған.
Сонымен қатар Заңда халықтың көші-қонына қатысты заңнаманы одан әрі жетілдіруге бағытталған басқа да түзетулер көзделген.
Заңның мәтіні баспасөзде жарияланады.