Мемлекет басшысы Италия мен Ватиканға барады

Мемлекет басшысы 18-19 қаңтар күндері Италия және Ватикан мемлекеттеріне ресми сапармен барады. Бұл Ақорданың баспасөз қызметіне сілтеме жасай отырып El.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.
Қасым-Жомарт Тоқаев сапарының алғашқы күні Рим қаласында Италия президенті Серджо Маттарелламен, премьер-министр Джорджа Мелонимен келіссөздер жүргізеді.
Сонымен қатар президент «Қазақстан-Италия» инвестициялық дөңгелек үстеліне қатысып, бірқатар ірі компания басшыларымен кездесулер өткізеді деп жоспарланып отыр.
Мемлекет басшысы келесі күні Ватиканда Рим Папасы Францискпен кездеседі.
Бұдан бөлек, президент БҰҰ Азық-түлік және ауыл шаруашылығы ұйымының (FAO) және Дүниежүзілік азық-түлік бағдарламасының (WFP) штаб-пәтерлеріне барады.
