Жаңалықтар

Мемлекет басшысы Халықаралық еңбек ұйымының бас директорымен кездесті

Мемлекет басшысы Халықаралық еңбек ұйымының бас директорымен кездесті
Фото: Ақорда 05.09.2024 15:31 812

Қасым-Жомарт Тоқаев Жильбер Унгбоға ілтипат білдіріп, оның бұл сапары Қазақстан мен Халықаралық еңбек ұйымының арасындағы ынтымақтастыққа тың серпін беру тұрғысынан аса маңызды екенін айтты, деп хабарлайды El.kz ақпарат агенттігі.

Президент Халықаралық еңбек ұйымының әлеуметтік әділдік қағидаттарын жаһандық ауқымда дамытудағы рөліне тоқталды.

Біз Әділетті Қазақстанды құрып жатырмыз. Бұл тұжырымдама сіздердің әлеуметтік әділдік бастамаларыңызбен үндес. Халықаралық еңбек ұйымының сенімді әрі әділ, тиімді әлеуметтік келісімді қамтамасыз ету, сондай-ақ еңбеккерлердің құқығын ілгерілету ісіндегі миссиясы ешқандай талас тудырмайды. Қазақстан Ұйымның 25 негізгі конвенциясын ратификациялады. Бұл жұмыс жалғаса береді, – деді президент.

Мемлекет басшысы азаматтардың әл-ауқатын арттыру, заң үстемдігі мен адам құқығын қорғау бағытында Қазақстанда атқарылып жатқан жұмыстар жайында мәлімет берді.

Жильбер Унгбо Қасым-Жомарт Тоқаевтың басшылығымен Әділетті Қазақстанды құру жолында жүргізіліп жатқан ауқымды реформаларды жоғары бағалады.

Бұдан бөлек, Президентке Үкімет мүшелерімен нәтижелі кездесулер өткенін және Халықаралық еңбек ұйымының мақсат-міндеттерін ілгерілету мәселесінде Қазақстанның аймақта көшбасшы екенін атап өтті.

Сіздің еліңіз әлеуметтік, еңбек жағдайын жақсартуға айтарлықтай күш салып отыр. Бұл біздің Ұйымның Әлеуметтік әділдік үшін жаһандық коалициясы аясындағы бастамаларына сай келеді, – деді Халықаралық еңбек ұйымының бас директоры.

Қасым-Жомарт Тоқаев пен Жильбер Унгбо Қазақстанның әлеуметтік саясатын нығайтуға бағытталған шараларды ынтымақтаса отырып жүзеге асыруға және Халықаралық еңбек ұйымымен өзара тиімді серіктестікті дамытуға келісті.

Бөлісу:
Telegram Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға