Жаңалықтар

Мемлекет басшысы газ-химия кешенін іске қосты

«Теңіз» кен орнында өндірілетін шикізатты өңдеуге бағытталған кәсіпорын жылына 500 мың тонна полипропилен шығара алады
Мемлекет басшысы газ-химия кешенін іске қосты
Фото: Ақорда 08.11.2022 17:28 1939

Президент Атырау облысына жұмыс сапары барысында «Kazakhstan Petrochemical Industries Inc» ЖШС-на қарасты біріктірілген газ-химия кешенін іске қосты, деп хабарлайды El.kz. Бұл туралы Ақорда мәлімдеді.

Кездесуде «Қазмұнайгаз» ұлттық компаниясының басқарма төрағасы Мағзұм Мырзағалиев Мемлекет басшысына газ-химия кешенінің даму перспективасы туралы баяндады. Жалпы, кешен құрылысына 4300 адам жұмысқа тартылған. Ол толық іске қосылғанда 631 адам тұрақты жұмыспен қамтылады.

«Теңіз» кен орнында өндірілетін шикізатты өңдеуге бағытталған кәсіпорын жылына 500 мың тонна полипропилен шығара алады. Бұл әлем бойынша полипропилен өндірісінің 1 пайызын құрайды.

Өндіріс ошағы еліміздің полипропиленге деген сұранысын өтеп қана қоймай, құрылыс, медицина, автомобиль құрастыру, тамақ өнеркәсібі секілді салаларда полипропиленнен түрлі бұйым шығаратын шағын және орта бизнестің дамуына ықпал етеді.

 

Кәсіпорында америкалық «Lummus Technology Inc» компаниясының Catofin және Novolen технологиялары пайдаланылады. Әлемде мұндай кешен Сауд Арабиясы, АҚШ, Бельгия, Оңтүстік Корея және Қытай секілді 5 елде ғана бар.

«Kazakhstan Petrochemical Industries Inc» компаниясының біріктірілген газ-химиялық кешені:

Бұл – «Теңіз» кен орнында шикізат өңдеуге арналған Қазақстандағы алғашқы жоба.

Өндірістік қуаты: жылына 500 мың тонна полипропилен.

Әлемдік полипропилен өндірісінің 1 пайызын құрайды.

Кәсіпорында америкалық «Lummus Technology Inc» компаниясының Catofin және Novolen технологиялары пайдаланылады.

 Құрал-жабдықтар Еуропа, АҚШ, Оңтүстік Корея, Жапония және Үндістан елдерінде жасалған.

 Шикізат: зиянды қоспалардан тазартылған «Теңіз» кен орны пропаны. Ол экологияға келтірілетін зиянды әсерді азайтады.

Тұрақты жұмыс орны: 631 адам.

 Жобаны жүзеге асырудың тиімділігі:
- Қазақстанның ішкі қажеттілігін өтейді (жылына шамамен 50 мың тонна).
− Полипропиленнен бұйым шығаратын шағын және орта бизнестің дамуына ықпал етеді.
− Шағын және орта бизнесте және өзара байланысты салаларда жұмыс орындарын ашуға септігін тигізеді.
− Елдің жалпы ішкі өніміндегі үлесі 1 пайызға дейін жетеді.

Бөлісу:
Telegram Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға